Қойды бордақылаудың ерекшеліктері: Нені ескерген жөн

Қой еті өнеркәсібімен айналысатын шаруалар үшін қойды бордақылау өте маңызды жұмыстардың бірі. Қой шаруашылығы шаруашылықтарында қой етінің өндірісін арттыру мен оның сапасын жақсартуда ересек қойды бордақылауға үлкен мән беріледі. Бұған дейін қой саулықтары мен төлдерінің азығын ұйымдастырудағы нормаларды сөз етсек, бүгінгі мақаламызда қойды жайылым мен қорада ұстау арқылы бордақылаудың оңтайлы тәсілдерін ұсынамыз.

Ел шаруа қожалықтарындағы жайылым мен қорада ұстау арқылы бордақылауды үйлестірудің өзіндік тәсілдері бар. Мәселен, жайылымдық кезеңде қойларды семірту үшін қойды азықтандыру нормаларын жақсы білу керек. Жайылымда жүрген қойлар тек қана көк шөпті азық етпеуі керек. Олар тәулігіне 7-8 кг шөп жейді. Жалпы құндылығы 1,4-1,6 азық.бірл. құрайтын бұл көк шөптің массасындағы құрғақ заттың үлесі 2-2,4 кг-ды құрайды. Бұл жануарлардың тез өсіміне сеп болады. Еліміздің барық аймағында жайылымды дұрыс ұйымдастырса, шығынсыз және көп қиындықсыз сапалы әрі мол қой өнімін алуға болады.

Жайылымдық кезеңде қойды толықтай жайылымға жіберу қажет. Жаздың ортасында дейін жайылымға ісектерді жіберсе, жаздың екінші жартысынан бастап жарамсыз деп іріктеліп алынған саулықтар мен сол жылдық ісектерді жібереді. Бұл ісектерді 7-9 айлығына дейін бордақылап, етке өткізуге болады.

Жайылым кезінде әдетте мынадай күн тәртібін ұстанған жөн:

Қойлардың жаю және су беру – сағат таңғы бестен 10-11 ге дейін, сағат 10-11-ден кешкі 16-17-ге дейін көлеңкеде демалту. Содан кейін кешкі 16-17-ден бастап түнгі сағат 21-22-ге дейін жаю, суғару. Түнде демалту. Күн қатты ыстық және шөп күйіп кеткен жағдайда қойларды таңғы жайылымнан соң суғару қажет болады.

Жайылым отарлардағы қойды жасы мен жынысына қарай іріктеу кезінде анағұрлым тиімді. Сонымен бірге жануарлардың семіруіне де жайылым жақсы әсер етеді. Ересек ісектерді, 1,5 жасар ісектерді, жарамсыз деп танылған саулықтарды, биыл туылған кепелерді жеке-жеке отарға бағады.

Жайылымдық отарларда қанша қой болатыны  олардың жас ерекшеліктеріне, семіздігіне, жайылымның сипатына, су ішетін орындарға, шөптің сапасына, жергілікті жердің бедеріне, шабандардың біліктілігіне т.б. байланысты болады. Далалық аймақтарда жайылымдық отарлардың көлемі мынадай болады:

Ісектер отары – 1000-1200 бас, жарамсыз саулықтар – 800-1000 бас, биыл туылған ісектер – 700-800 бас. Егер жайылымдық жерлер аз болса, ондағы шөптің сапасы нашар, ал қойлар арық болса, онда бұл отардың санын 25-30 пайызға азайту ұсынылады.

Жайылымға жібері және жайылымнан қайта әкелу кезінде барлық қойларды өлшеп, олардың қоңдылығын тексереді. Үнемі өлшеп тұру үшін отардағы қой басының 2-10 пайызы көлеміндегі малды белгілеп қояды. Оларды қызыл бояумен басынан бояп қояды. Егер биязы жүнді қойлар 2 ай ішінде 6 келіден аса салмақ қосса, онда жайылым жақсы нәтиже берді деген сөз. Ұзақжылды шөп егілген жайылымдарда қойлардың орташа тәуліктік салмақ қосуы 200 граммнан асып кетеді.

Жайылым аз аймақтарда көп жағдайда қойларды қорада бордақылайды. Қойларды қорада ұстау кезінде бордақылау үшін арнайы азық рационын қолданып, нормаларды сақтау қажет. Мәселен, ересек қойларды бордақылау кезінде олардың өнімділігін, тірі салмағын, орташа тәуліктік салмақ қосу ерекшеліктерін ескереді. Жазғы уақытта ересек қойларға 5-6 кг көк шөп және 0,4-0,5 концетраттар беру керек. Бұл ретте олардың құрамындағы құрғақ зат 1,3-1,5 аз.бірл. және 150-170 гр қорытылмалы протеин болуы керек. Күзгі уақытта негізінен жасы бойынша жарамсыз болып қалған саулықтарды бордақылайды. Олардың азығына ылғалды шөп, ірі азықтар мен концентраттар қосады.

Қойлар емін-еркін су ішіп, тұз жалай алуы керек. Бірінші кезекте осыған қатысты жағдай жасау керек. Қойларды қорада жазда немесе қыста ұстаса да, олардың азығына толықрационды түйіршектелген жемқоспа қоса, тиімділік өте жоғары болады. Түйіршектелген азық азотпен, минералды қоспалармен, және барлық жағынан толыққанды жемқоспалар даярлауға мүмкіндік береді. Ірі жапырақты шөп мен сабанды түйіршектелген концентраттар қосып өңделген күйі малға берсе, бұл азықты жоғалтуды барынша азайтады. Осымен қатар азықтарды таратуды толықтай механикаландыруға мүмкіндік береді.

Қойлар түйіршіктер мен суға емін-еркін бара алуы тиіс. Тек қана түйіршіктермен азықтандыруға қойларды біртіндеп, 2-3 күнде ауыстырады. Бордақылау кезеңінде бір ересек қойға кететін түйіршектердің шығыны 2,5-2,7 кг болуға тиіс. Бұл ретте орташа тәуліктік өсім 170-200 г болады.

Келесі мақаламызда біз жас малды бордақылаудың ерекшеліктері мен құпияларына тоқталатын боламыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.