(Жалғасы. Мақаланың басын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар)
Көптеген фермерлер мен ғалымдар Қазақстанға шетелден әкелуге болатын, анағұрлым көп ет өнімін беретін, асырауға қолайлы қойларды зерттеу үстінде. Бүгінгі мақаламызда біз отандық қой шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыруы мүмкін бірқатар қой түрлеріне талдау жасауды жалғастырамыз. Жалпы әлемде кең таралған қой тұқымдарының барлығын дерлік біздің елімізде еш қиындықсыз асырауға әбден болады. Дегенмен, оларға тән қасиеттер мен ерекшеліктердің жалпы сипатын біле жүрген артық етпейтіні анық.
Қой басын көбейту жағына көбірек назар аударатын фермерлер АҚШ-тың Белствил өңірінде кеңінен таралған қой түрі – Морлемге назар аударуы тиіс. Бұл өте тез көбейетін, 6-10 айда бір төлдейтін ерекше қой тұқымы. Ал өзге қой тұқымдары 12 айда бір төлдейді. Сонымен бірге, олардың төлдеуі маусымға бағынышты емес. Яғни, жылдың кез келген уақытында олар ұрпақ жалғастыра алады. Жаңа типтегі саулықтар әр 8 ай сайын 2 қозы туады. Мұндай қойлардың жоғары өнімді болуы финдік ландрас тұқымды қойлармен будандасуының арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен бірге, бұл типтегі мал түрі қозы бордақылау өнімімен айналысатындар үшін аса тиімді. Қазіргі таңда әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Франция сынды елдері тез өсетін және етті қой тұқымдарымен бірнеше төл алынатын қойлар селекциясын шығаруға мән беруде. Бұл бір оқпен үш «қоянды» атқанмен бірдей болмақ. Бұл мақсатта романов қойларымен морлемді будандастыруға ден беріп отыр. Австралия мен Англияда алынған буруло, колбред, кембридж сынды қойлардың да қасиеттері дәл осындай.
Францияда дишлей және рамбулье қойларын будандастыру арқылы алынған иль-де-франс қойлары етті бағыттағы, тез өсетін ірі мал. Қошқарлардың тірі салмағы 100 кг-ға, ал саулықтары 65 кг-ға жетеді. 3-4 айлық қозылардан 17-20 кг ет алуға болады. Тоқтыларды 7-8 айлығында, кей кездері 10-12 айлығында қашыра бастайды. Бастысы олардың тірі салмағы 45 кг жетуі тиіс. Орташа өсімталдығы 130%-ке тең. Жүні ақ, біртекті, орташа жіңішкелігі 23-27 мкм. Қошқарлардан 5-6 кг жүн, ал саулықтардан 4 кг жүн алынады.
Ең танымал етті бағыттағы қой түрі – Линкольн деп аталады. Олардың дене бітімі дөңгелек, бөшке тәрізді болып келеді. Жем талғамайды, өсімталдығы өте жоғары (180-190%). Қойлардың салмағы 110-140 кг жетеді. Саулықтарының өзі 80-100 кг тартады. Жүні біртекті, жіңішке, ақ. Қозылардың 110-120 күндегі салмағы 36-40 кг-ға жетеді. Бұл қойлардың еті майсыз, жұмсақ болып келеді.
Әлемдегі ең үздік саналатын қой түрі – шығыс фриздік қойлар. Олардың өнімділк деңгейі шын мәнінде таңғалдырады. Қошқарларының тірі салмағы 85-110 кг, саулықтарынікі 65-85 кг. Жүні ақ, жартылай биязы, ірі әрі бұйра. Сүттілігі де өте жоғары төлдеген кезде олар 500, тіпті кейде 1000 кг-ға дейін сүт береді. Сүті майлы, майлылығы — 6%. Олар тез өсіп, жетіледі. 7-8 айлық тоқтылардың салмағы 45-60 кг-ға тең болады, кепелерді 7-9 айлық кезінде қашыра бастайды. Өсімталдығы 190-210%-ке тең. Бұл қой тұқымын біздің елде асырау етті, жүнді бағыттағы қой шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берер еді.
Романов қойлары Ресейдің Ярослав облысының аумағындағы шаруа қожалықтарында алынған қой тұқымы. Бұл қойлар туралы деректер 1802 жылғы әдеби дереккөздерде кездеседі. Бұл қысқақұйрықты қой тұқымдарының ішіндегі ең танымалы әрі үздігі саналады. Оларға құнды биологиялық және өнімділік қасиеттер тән. Әлемдегі ең үздік қой терісінен жасалған тондар осы романов қойларынан алынады. Олар жоғары сапалы саналады. Өзге қылшықжүнді қой түрлеріне қарағанда романов қойларының терісі алыстан көгілдір тартады. Жүнның тығыздылығы 1 см2-2600-2800 талшық. Ең жеңіл әрі жылы қой терісін 5-6 айлық қозылардан алады. Алайда оларды 8-9 айлығында барып сойып, терісін алады. Себебі күземнен кейінгі шудалар 2,5-3 см-ге дейін өсуі тиіс деп есептеледі.
Жаңа туған қозылардың жүнінің түсі бастапқыда қара болады. Тек қана маңдайында, құйрығы мен аяғында ақ таңбасы болады. Десе де, 2-4 айлық қозылардың ақ түсті жүні көбейіп, бір-екі айдан соң олардың түсі сұр бола бастайды. Қозыларды алғаш рет 5-6 айлығында қырқады. Әдетте, үлкен қойларды жылына үш рет қырқады (наурызда, маусымда, қазанда). Егер аталған уақытта оларды қырқпаса, қойлардың жүні түсіп қалады. Жүні негізінен киіз басу өнеркәсібінде пайдаланылады. Романов қойларының тағы бір ерекшелігі, олардың егіз төлділікке бейімділігі (көпұрықтылығы). Оларды дұрыс тамақтандырып, жағдайын жасаса, әр 100 саулықтан 250-270 төл алуға болады. Романов қойларының салмағы орташа: қошқарлары – 65-70, кейде 100 кг тартады, саулықтары 45-50, кейде 90 кг-ға дейін жетеді. Өсімталдығы көңіл көншітерліктей. 100 күндік қозылардың салмағы 20-22 кг жетеді. Романов қойларынан жоғары сапалы қой терісі мен жұмсақ қой етін алуға болады. Әр романов саулығынан алынған жыл сайынғы төлдерден (2-3 бас) 2-3 аса сапалы қой терісін, 7-8 айлығында бордақылаған жағдайда 80-100 кг ет өнімін алуға болады. Күтімі жақсы бұл қой тұқымын 10-12 айлығында қашыруға болады. Олар жылдың кез келген уақытында төлдей алады. Қарқынды өнім талаптарына жауап беретін бірден-бір қой түрі – романов қойлары.
Финдік ландрас қойлары Финляндиядағы көпұрықты күйлегіш қой түрі. Қойларының тірі салмағы 55-90 кг, өсімталдығы – 240-270%. Етті, етті-жүнді, етті-сүтті қой түріне жатады. Аталған қой түрі жас қой еті өнімін алу үшін кеңінен пайдаланады.
Ромни-марш – Ұлыбританиядағы Кент графтығында 19-ғасырда алынған қой тұқымы.
Етті-жүнді ұзын жартылай биязы кроссбред жүнді қой. Ірі, етті, денесі ұзын, бөшке тәріздес, арқа сызығы тегіс. Бұл жартылай биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту үшін аса қолайлы қой түрі. Ромни-марштардың англиялық типі ірі, етті келеді. Оның жетілуі де өте тез. 4 айлық тоқтылардың тірі салмағы 30 кг-нан асып артылады. Ал аргентиналық типі қылшықжүнді. 4 айлық кезіндегі салмағы 26 кг-ға тең.
Куйбышев қойлары ромни-марш қойларынан алынған. Олардың дене бітімі ромни-марштарға қатты ұқсас келеді. Басы кең, мойны қысқа, арқасы мен бел тұсы кең, етті қой. Жүні ақ, тірі салмағы да жаман емес. Бір куйбышев қойы 164 кг-ға дейін ет беруі ықтимал. Жылдам өседі. Қарқынды бордақылау арқылы 6-7 айлығында тоқты 40-45 кг салмақ береді. Саулықтарының ұрықтану деңгейі 120-130%-ке тең.
(Жалғасы бар)
Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».
Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ