«Егістікті суара алмай отырмыз»: Шеңгелді ауылының ақсақалы суармалы жерлердің мәселесін көтерді

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі 30 жылдан астам уақыт өткенімен, ауыл-аймақтың жағдайы мәз емес. Бұл шалғай өңірлерге де, Алматы секілді ірі мегаполистер маңына шоғырланған ауылдарға да қатысты. Кейінгілерінің жағдайы ел түкпіріне қарағанда тәуірлеу десек те, ондаған жыл бойы  Алматы облысындағы Шеңгелді ауылындағы суармалы жерлерді суаруға арналған жүйе әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ауылдастарының жанайқайын облыс әкімімен кездесу кезінде жергілікті ақсақалдардың бірі баяндады, деп хабарлайды agroqogam.kz.

Шеңгелді ауылдық округі бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласының қарамағына қарасты, қаладан 35 км қашықтықта орналасқан ауыл. Онда егістік жерлер баршылық. Ауыл ақсақалының айтуынша, бұл ауылда 10 мың гектарға жуық сармалы жерлер бар. Алайда басты проблема – оларды суару болып отыр, дейді ол.

«Егін және мал шаруашылығымен айналысамыз.  10 мың гектарға жуық егістігі мен суармалы жері бар Шеңгелді ауылдық округіндегі ең өзекті мәселенің бірі насостық жүйелер және суармалы жерлер. 5-ші насостық жүйені қазір қолға алып отыр, бірақ одан басқа да жүйелер бар. Біздегі насостық жүйелер кеңес үкіметі кезінде, 1973 жылдың аяғында салынған. Насостарының барлығы ескірген. Бүкіл су желіерінің құбырларының барлығы ескірген. Қазір мұның бәрі жеке меншіктің қолында. Су желілерін олар еш уақытта жөндемейді. Егістікті осының кесірінен суара алмай отырмыз. Осыны ескере отырып, мұның барлығын мемлекеттік қарамағына алып, халыққа егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік берсе деген тілек бар», – деді ауыл тұрғыны.

Шеңгелді тұрғынының бұл проблемасынан өңір басшысы Марат Сұлтанғалиев хабардар екенін жеткізді. Айтуынша, облыстағы насостық жүйелер проблемасын шшу үшін республикалық деңгейде қаражат бөліну қажет. Десе де, қазіргі таңда өңірдегі суармалы жерлер мәселесін оңтайлы шешу үшін арнайы жоба да жоқ емес. 

«Өте күрделі сұрақ біздің облыстағы. Өйткені бұл үлкен проект, бес жылдың ішінде жобасы жасалды. Бағасы да үлкен. Жергілікті органдардың қаражатымен ол шешілмейді. Сондықтан біз огы жоғары деңгейде көрсеттік (ред. – президенттің қабылдауында көтерілді). Республикалық бюджетке ұсыныс беруге дайынбыз. Жақындаған кезде біз тағы талқылаймыз. Алғашқы есептеудің өзінде оған 83 млрд теңге кетеді деп есептелді. Бұл жүйемен айналысамыз. Себебі біздің облыс ауыл шаруашылық бағыттағы облыспыз. Сондықтан шешуіміз керек», – деді ол.

Айтолқын Адырбайқызы

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.