«Бізде түк жоқ»: Ешкіөлмес ауылының қант қызылшасын өндіретін шаруалары облыс әкіміне шағымын айтты

Алматы облысы Ескелді ауылы Ешкіөлмес ауылының тұрғындары елдімекенде жұмыссыздар қатары көбейгенін айтты. Айтуынша, ауылда стратегиялық маңызды өнім – қант қызылшасы көптеп өседі. Алайда өнімді өңдейтін зауыттың жоқтығы шаруалардың қолын байлап отыр. Аталған жайттан облыс әкімі Бейбіт Исабаев та хабардар болып шықты. Десе де, әзірге мәселенің шешілетін түрі көрінбейді, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.

Ескелді ауданы Жетісу облысындағы қант қызылшасын өсіру бойынша бірінші орында тұрған аудан. Аймақтағы қант қызылшасының алқабы – 1,8 мың гектерды құрайды. Жалпы егістіктің 29 пайызын дәл осы өнім алып жатыр. Алайда соған қарамастан ауданда қант қызылшасын өңдейтін зауыттың жоқтығы ел тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесуде аудан тұрғындары мәлім етті. Ауданға қарасты Ешкіөлмес ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Ержан Медеуов ауылдағы өткір мәселелерді сөз етті.

«Бірінші мәселе. Ауылымызда 365 үй бар. 240-250 бала бар. Бірақ ауылда мектеп жоқ. Бірінші сұрағым сол. Бізге мектеп керек. Бұл мәселе осыдан он жыл бұрын көтерілген. Әр әкімнің кездесуінде айтылады. Бірақ нәтиже жоқ. Назар аударсаңыз. Сізге үміт артып келдім. Екінші сұрағым, ауданда әкім ауысып кетіп қалады. Мәселе сонда. Бастық ауысса кандай жұмыс жүреді? Ешқандай жұмыс жүрмейді. Сол жұмысты жүргізетіндей ауданымыздан шыққан адамды, өзіміздің арамыздан әкім қойып беріңіз. Себебі ауылдың мәселесін өзіміздікілер ғана жақсы түсінеді. Соны шешіп берсеңіздер екен. Тағы бір мәселе. Біздің ауданның адамдары керемет жұмыскер. 20 Еңбек ері шыққан бізден. Қызылша егу деген бізден қалған. Қазір білесіздер жағдай қиын. Қан жоқ. Барлық жерде адамдар кезекте тұр. Біз қант қызылшасын егеміз. Бірақ оны өңдейтін зауыт жоқ. Көксуға барып, қызылшаны өткізу үшін кезекке тұрамыз. Ешқандай перспектива көріп тұрған жоқпыз. Бізде переработка жоқ. Қызылшаны өңдейтін зауыт керек. Жүгеріні өңдейтін зауыт керек. Бізде түк жоқ. Жұмыссыздық жайлаған аудан болды. Шеттен әкім келеді. 1-2 жыл істейді кетеді. Қайдан жұмыс жүреді бізде?», — деп налыды ақсақал.

Ауылда мектептің жоқтығы туралы мәселені Бейбіт Исабаев аудан әкімінің орынбасары Жұмағұл Абдрамановтан нақтылады.

«Жалпы Ешкіөлмес ауылындағы мектептің жүктемесі қандай? Ауылдың перспективасы қандай?», — деді ол.

Өз кезегінде әкім орынбасары мектептің ауылға керек екенін, бүгінгі таңда ауылдағы 329 баланың 178-і көрші ауылға барып, қатынап оқитынын, 1965 жылы салынған мектептің жанынан жапсарлас ғимарат салып, ескіні ғимаратты күрделі жөндеу туралы ұсыныс жасамақ ниетте екенін жеткізді.

«Ешкіөлмес ауылының перспективасы қалай? Балалар көбейеді деген болжам бар ма? Ол жерде халықтың саны өсе ме? Жоқ азая ма? Стратегиялық және әлеуметтік дамуы қалай, соны салмақтап, дұрыс десеңіздер, өтінішке кіргізейік.

Босқа уәде бермейік, ең жаманы қатырамыз деп уәде беру. Бір жылдан соң сол сұрақ тағы шығады. Тағы уәде береміз. Қажет емес деп дәлелдеп берсеңіздер, мектеп салудың қажеті жоқ болса, болашағы жоқ болса, онда тағы айтыңыздар. Бұл кісіге түсіндірейік. Егер салу қажеттілігі бар болса, онда да нақты айтыңыздар», — деген облыс әкімі жиында отырған  атқамінерлерге тапсырма берді.

Сондай-ақ ол қант қызылшасын өңдеу орнының жоқтығы проблемасын да жасы білетінін жеткізді. Десе де, қазіргі таңда бұрын Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы қант зауытын жаңғырту мүмкін болмай отыр. Қарабұлақ қант зауыты қалпына келтіру жыл сайын уәде беріледі. Кезінде 7000 адам жұмыс істеген аталған зауыттың күйі бүгінде өте нашар. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл мәселеге қатысты былай деп жауап берді:

«Қант зауыты мәселесі күрделі. Оны түсінемін, оның (ред. – зауыттың ) ішін көріп шықтым. Ішінен адам шошиды. «Бомбежкадан» қалған сияқты».

Әкім қазіргі таңда бұл мәселені шешу үшін түрлі шешімдерді қарастырып жатқанын, инвесторларды тарту ойда бар екенін айтты.

Айтолқын Адырбайқызы,

Жетісу облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.