Алматы облысы Ұйғыр ауданында ондаған мал басы жол-көлік апаты салдарынан қырылып қалды. Оқиға «Ақсай Шонжы-Қалжат» тасжолында орын алған. Аталған жайт бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, кінәлі азамат 25 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Agroqogam.kz. Бұл туралы Ұйғыр аудандық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
Аталған жергілікті әлеуметтік желілерде жариялаған. Жария етілген видеода оқиға 20 күні орын алғаны туралы айтылған.
«31 бас малды қағып өтіп кетті. Оның ішінде қой да, ешкісі де, қозы-лағы да бар», — дейді видео авторы.
Аталған жайт бойынша Ұйғыр аудандық соты пікір білдіріп, қаққан адам ұсталғанын жеткізді.
Белгілі болғандай, ондаған қойды мамыр айының 20-сы күні таңғы 07:00 шамасында «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қаққан. Сот сараптамасы бойынша ол көлікті «Ақсай Шонжы-Қалжат» тас жолымен батыс бағытта алкогольдік масаң күйінде басқарып келе жатып, жол жүру ережелерін бұзған. Онымен қоса, жолдан өтіп келе жатқан малды байқамай, 32 бас ұсақ малды қағып, оқиға орныннан бой тасалаған.
Аталған азамат ұсталып, аудандық сот оған қатысты тиісті шешім шығарған.
«2022 жылғы 20 мамырдағы сот қаулысымен Т. ӘҚБтН-нің 608-бабының 3-2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен 25 (жиырма бес) тәулік әкімшілік қамаққа алу және 9 (тоғыз) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазалары тағайындалды», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, аталған азамат бұған дейін де жол ережелеріне қайшы әрекеттері үшін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғандығы анықталған. Енді ол тағы 9 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz