Алматы облысынан ұрланған 105 бас қой Шудағы мал базарынан табылды

Алматы облысы Ұзынағаштағы шаруа қожалығынан 105 бас қой ұрлап, оны көрші Жамбыл облысына апарып сатқан өзбекстандық ұсталды. Ол малдың тең жартысынан астамын мал базарына апарып, 3 млн теңгеге саудалаған, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Жүзден астам малы ұрланған шаруа қожалығының иесінің сөзінше, қойлар 22 қазан күні жоғалған. Айтуынша, ұры қойларды жайылымнан түнгі уақытта алып кеткен. Араға үш күн салып, шаруаның малы шудан табылыпты. Ал малды шаруа қожалығында жұмыс істеген Өзбекстан азаматы ұрлады деп күдіктелуде.

Полицияның дерегінше, аталған дерек ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша тіркелген.

«Бірлескен кең ауқымды жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті аталған шаруа қожалықта малшы болып жұмыс істеген Өзбекстан азаматы анықталып, ұсталды.

Күдіктінің сеніп тапсырылған 80 бас малды бөлектеп алып, жүк көліктерін жалдап, көршілес Жамбыл облысының Шу қаласындағы мал базарында 78 басын 3 276 000 теңгеге саудалағаны белгілі болды.

Сонымен қатар жәбірленуші таныған ұрланған 45 бас қой табылып, тәркіленді. Ұсталған азамат бұлтартпас дәлелдерден кейін өз кінәсін толық мойындады», – дейді Жамбыл АПБ бастығы Асхат Данияр.

Барлық мал заңды иесіне қайтарылып, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынған.  Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.