Алматы облысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 95 млн теңге көлеміндегі субсидияны үкіметке қайтаруға міндеттелді

Алматы облысы прокуратурасы облыстық ауыл шаруашылық басқармасында тексеру жүргізіп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін заңсыз субсидиялау фактілері анықталды. Заңсыз субсидияланған 95,2 млн. теңгені қайтару жөніндегі шаралар қабылданды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.

Прокуратураның берген мәліметіне сәйкес, бірнеше агроөнеркәсіптік кешен субсидияланған аналық мал төлдерінің мал басын сақтау міндетін субсидия талаптарына сай мойнына алған. Алайда бұл талап орындалмаған.

«Субсидиялау қағидалары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (“ҚабанбайАгро” АӨК, “Бескөл” АӨК, “КЕРБҰЛАҚАГРО Дамуы” АӨК және “Бекарыс-2 АӨК) субсидияланған ұсақ аналық мал (қой) төлдерінің сақтап, азаюына жол бермеу талаптары орындалмады», – делінген қадағалау органының ресми хабарламасында.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ауыл шаруашылық басқармасынан бюджет қаражатын қайтару туралы 3 талап-арыз жолданған. Алайда экономикалық сот талап-арыздарды қанағаттандырусыз қалдырды.

Осыған байланысты прокуратура облыстық сотқа апелляциялық өтініш жазып, нәтижесінде сот прокуратураның қадағалау актілерін толық көлемде қанағаттандырып бірінші сатыдағы сот шешімдерінің күші жойылды.

Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекетке 95,2 млн тенге қайтаруға міндеттелді.

«Қазіргі уақытта сот орындаушылары бюджет қаражатын мәжбүрлі түрде қайтару бойынша шаралар қабылдап жатыр», – делінген хабарламада.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.