Ірі қара малдағы аусыл ауруы: Мал ұстайтын кез келген адам нені білуі тиіс?

Иллюстрированное фото из открытых источников

Үйінде немесе шаруа қожалығында мал ұстайтын кез келген шаруа ең алдымен олардың қандай аурумен ауыруы мүмкін екенін және мал ауруларының алдын алу үшін не істеу керектігін білуі тиіс. Себебі, мал ауруларына бей-жай қараудың арты үлкен қиыншылықтарға әкеп соқтыруы бек мүмкін. Бұл ретте, Agroqogam.kz қарапайым шаруа иесі назар аударуы тиіс ең маңызды саналатын дерттер топтамасын назарға ұсынады. Бүгін біз, әсіресе ІҚМ арасында кеңінен таралған, жұқпалы әрі қауіпті дерттің бірі — аусыл вирусына тоқталмақпыз.

Аталған вирустың қоздырушысы әлемдегі ең кішкентай вирус саналатын — Dermaphilus. Көлемі кішкентай болғанымен, оның таралуы өте жылдам. Ауру көп жағдайда тірі ағзаның терісін зақымдаудан басталады. Оның қауіптілігі, аурудың малдан малға ғана емес, сонымен бірге адамдарға да тез жұғатындығында. Тіпті кейде мысық, ит секілді үй жануарлары да ауру салдарынан зардап шегуі мүмкін. Сол себепті, аусылды диагностикалау әрі оның алдын алу мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті. Ауру малдан малға тез жұғып, бүтін бір шаруа қожалығындағы малдардың өліміне де әкеп соқтырып жататын кездер болады. Мал ұстайтын шаруа сан соғып қалмас үшін аурудың алғашқы белгілеріне мұқият назар аударған дұрыс.

Аурудың негізгі белгілері:

  • Мал шаршаңқы болып, жем-шөпке қарамай, жатып қалады;
  • Дене қызуы көтеріледі (бірақ тез басылады);
  • Іш өту белгілері байқалады;
  • Ақсап, алдыңғы аяғы жүрмей қалады (бұл, әсіресе, ірі қара малға қатысты);
  • Күйіс қайтаруы азаяды;
  • Сілекейдің бөлінуі артады;
  • Кей жағдайларда мал аузын аша алмай қалады.

Егер сіз малдан осындай белгілерді байқап қалсаңыз, уақыт ұттырмастан, мал дәрігеріне хабарласыңыз.

Дерт қалай өтеді?

Әр жануарда бұл ауру әртүрлі өтеді. Мәселен, ірі қара малда жасырын түрде ауру 1-3, тіптен кейде 7- 20 тәулікке дейін өтуі мүмкін. Мұндай кезде олардан ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бірақ, вирус ақырындап оны жеңе бастайды. Мал күйіс қайтармай, жүрек соғысы жиілей бастайды. 2-3 тәулікте малдың ауыз қуысында, тілінде, жақ бұлшықеттерінде, еріндерінде бөрітпелер пайда болады. Ауыр жағдайларда мұндай жаралар тұяқ арасына және желімдеріне шығады. Кей кезде мал аяқ басып жүре алмай, ақсап қалады. Жаралардың орны күлдіреп, қалады. Бұл күлдіреуіктер 12-24 сағаттан соң жарылып, орнында тағы да жара пайда болады. Бұл уақытта малдың дене қызуы қалпына келеді. Бірақ, сілекейдің бөлінуі азаймайды. Ауызынан көбік ағады. Ауру асқынған жағдайда, олардың мүйізі де зақымдалуы мүмкін. Сүтті сиырларда күлдіреуіктер желімге дейін зақымдап, сүт каналдарын жауып тастайды. Бұл тіпті сүт құрамына да әсер етіп, сүттің дәмі қышқылдана түседі. Сүт каналдары жабылып қалған жағдайда, ол маститке айналып кетеді. Мұндай жағдайларда, сиырдың өнімділігі 60–75 %-ға дейін азайып кетеді. Оның бұрынғы қалпына келуі кейде тіпті бірнеше ай кетеді. Сонымен бірге, аура асқазан жолдарына да әсер етеді. Асқынып кеткен жағдайда, мал жаппай қырылып қалуы қаупі бар.

Сонымен, аусыз ауруымен ауырған сиырлардың дертін үш формада қарастырған жөн:

  • жедел — үш аптаға дейін созылады, жоғары температура, қызба, қотырдың пайда болуымен жүреді;
  • субакут — 20-25 күнге созылады, теріге тән бөртпелерсіз жүреді;
  • созылмалы — өте сирек кездеседі, бөртпенің пайда болуымен және ремиссия кезеңдерімен айқын өршу белгілерімен сипатталады.

Аусылдың жеңіл түрімен ауырған сиыр 20 күннен кейін, аурудың ауыр кезеңімен екі айдан кейін қалпына келеді.

Аусыл вирусын қойлар  жеңіл өткереді. Алайда, оны қойлардан байқау өте қиын. Олар аусылды жұқтырып бір айға дейін жүре беруі мүмкін. Оны анықтаған кезде, бір емес бірнеше мал аусылды жұқтырғанын анықталып жатады. Осылайша, көп жағдайда аусыл бірнеше отар қойда бір-ақ анықталатын жағдайлар көптеп кездеседі.

Алғашқы қадам

Малдың жағдайын ветеринар толық бағалап, одан аусылдың белгілерін анықтаса, одан жедел түрде қан алынады. Бұл мемлектетік деңгейдегі қауіпті аурулар санатына жататындықтан, оны басқа малдарға және адамдарға жұқтырмауға басты назар аударылуы тиіс. Себебі, жедел түрде әрекет етпесе, ол тез арада таралып кетуі мүмкін.

Ал ауру малды қорадан шығарғаннан соң, ол жері толығымен зарарсыздандыру керек, мұндай жағдайда мал дәрігерлері көп жағдайда  1%-дық хлорамин сұйықтығын ұсынады.

Аусылмен ауырған малдарды қалай емдейді?

Аусылды емдеуде антибиотиктер мен зақымданған жерлерге жақпаймай қолданылады. Бұл инфекция түріне және малдың қандай ауру формасымен ауырғанына қарай анықталады. Емдеуді тек қана мал дәрігері жүзеге асыруы тиіс.

«Ветеринарлық өнеркәсіпте арнайы аусыл ауруына арналған әмбебап препарат жоқ. Сондықтан, көп жағдайда емді ауру белгілерін жоюға бағыттайды. Ауырған малды бірден оқшаулап, астын таза ұстап, көп мөлшерде су береді. Мал тұрған қора-жай үнемі тазартылып, желдетіліп тұрғаны жөн. Жазда шөп, қысты сапалы силос берген дұрыс. Тез қорытылатын тамақ беру керек. Көп жағдайда малдың ауыз қуысын марганец әлсіз ерітіндісімен (0,1 %) немесе фурацилинмен (0,5 %) өңдейді. Кей кездері мал дәрігерлері 2 % концентрациядағы сірке қышқылын пайдаланып жатады. Ал қатты зақымданған малдардың жараларына мыс сульфаты, анестезин немесе новокаин араластырылған жақпа май әзірлеп, соны пайдаланыды», — дейді мал дәрігері Бахытжан МАЛКЕЕВ.

Бұдан бөлек, күн сайын аяқтарын таза сумен өңдеп, қарамай жағады. Ірі фермаларда формалин ванналарын жасайды. Мал дәрігерлері жараларға йод жаққан да пайдалы екенін айтады. Мал тұяқтарын тазалап, жараны стрептоцицпен сүртіп алып, орап тастайды.Синтомицин жақпамайы да жақсы көмектесуі мүмкін. Бұл ретте, ең бастысы, мал дәрігері аусылдың малға қаншалықты әсер еткенін анықтауы тиіс. Себебі, дұрыс емделмеген мал сепсистен зардап шегуі де мүмкін, дейді мамандар.

Қалай алдын алуға болады?

Өзге де вирустық аурулар секілді, аусылдың алдын алу шараларын қарастырған жөн. Ауыл дәрігерінің айтуынша, бірінші кезекте уақытылы вакциналап тұру керек. Вакцинаның күші алты айдан бір жылға дейін жетеді. Сондықтан ревакцинация жылына бір рет жергілікті ветеринарлық қызмет тарапынан жүзеге асырылады.

«Міндетте түрде кез келген мал ұстайтын адам малын вакциналауы тиіс. Бізде, Алматы облысында жағдай тұрақты, ондай ешқандай қауіпті ауру жоқ. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпағанымыз жөн», — дейді Бахытжан.

Аусыл мемлекеттік деңгейде қауіп тудыратын аса жұқпалы, тіпті адамдарға жұғатын ауру болғандықтан, оған аса көп мән беріледі. Себебі, кей жағдайларда мал табыннан табынға жұғу қаупі жоғары. Сол себепті, аусыл вирусы шыққан аймақта карантиндік іс-шаралар жүзеге асырылады.

Қазақ Ұлттық Агроуниверситетінің профессоры, ветеринария ғылымының докторы Нығымет Ғатауұлы Асановтың айтуынша, аусылмен ауырған мал жазылған соң да оның ағзасында вирусы сақталып қалады. Сондықтан, ол малды өртеген жөн екенін айтады. Сонымен бірге, ғалым аусыл вирусы қайнатқан кезде 2 минутта өліп, жойылып кететіні ғылыми түрде дәлелденген болғандықтан, кез келген сүт өнімін қайнатылған күйде қолданған дұрыс екенін ескертті.

Материалда vet.rkursk.ru сайтының және «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы» ҚР АШМ 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығындағы ақпараттар қолданылды.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.