Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік бағасының маусымдық өсуі нарық үшін де, халық үшін де қазір жаңалық болмай қалды. Бұл Қазақстанға тән құбылыс сияқты қабылдаймыз. Жанар-жағар май бағасының өсуі жыл сайын азық-түлік бағасының шарықтауына әсер етеді. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, қант бағасы — 5 пайызға, ал күнбағыс майы — 2,4 пайызға өседі деген болжам бар, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Азық-түлік бағасының шарықтау туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады» – деп мәлімдеді Президент.
Дегенмен Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, төрт негізгі көкөніс дақылы – пияздың, сәбіздің, картоптың және қырыққабаттың орташа құны төмендеген. Сонымен қатар, қант пен қарақұмық сегментінде бағаның төмендеуі байқалады. Еске салайық, бұған дейін республика премьер-министрі министрлік пен әкімдіктерге көкөніс қорын алдын ала брондауды бастауды тапсырған болатын. Ақпан айының бірінші жартысында тауарлық интервенцияның белсенді кезеңінің басталғаны жарияланды. Бұл шара ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын және одан кейінгі бағаның өсуін болдырмау мақсатында қолданылады деген. Ақпан айының деректері бойынша Қазақстанда көкөніс өнімдерінің қоры жеткілікті деңгейде болды. Осындайда онда неге баға шарықтап барады? — деген сұрақ туындайды.
Әрине бұл жерде салааралық жұмыстың бір жүйеге қойылмағаны, нарықты өз өнімдерімізбен толтыра алмағанымыз негізгі факторлар болып табылады. Дегенмен тиісті органдардың ақпараттары айтылған дерекке сәйкес болып шықпайды. Олар шашыраңқы және ашық емес түрде жұмыс істейді. Жемқорлық схемалары үнемі әшкереленгенімен одан нәтижелі жұмыс жоқ. Зардабын шегіп, қалтасынан қағылатын тағы да халық.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанның 20 өңірінің 18-інде картоп қорының деңгейі қажетті норманың 90 пайызынан асады делінген. Қарағанды облысынан басқа барлық отандық облыстар сәбізбен, Қызылорда және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыстар пиязбен 50%-дан астам, қырыққабатпен толық қамтамасыз етілген. Тиісті ведомства азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс жалғасады, әсіресе, бірінші егін алуға дейінгі кезеңде деді.
Билік өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендету шараларын қарастырамыз деп жүргенде, қымбатшылық қарқынын тоқтату мүмкін болмай тұр. Оның үстіне қала мен ауылдағы құн нарығындағы ахуалдың шынайы көрінісі ресми статистикада айтылған сандармен сәйкес келмейді. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары қабылдануда деп жүргенде елдің әлеуметтік жағдайы одан сайын төмендеп барады. Былтыр қаңтар оқиғасы, Ресейдегі санкциялар мен Украинадағы қақтығыс салдарынан баға өсті деген уәж айтылған билік тарапынан. Бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне бірінші сортты бидай ұны, одан жасалған нан, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асхана сәбізі, пияз, қырыққабат, қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% айран, сары май, тауық жұмыртқасы, аc тұзы, майлылығы 5-9% сүзбе кіретінін ескерсек, аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін де өз елімізде шығаруға болады. Оған ешқандай да геосаяси ахуал әсер етпеуі керек.
Дегенмен өкінішке орай, халыққа қажетті тұтынатын заттың бәрінің бағасы өсті, тек жалақы мен халықтың күнкөріс деңгейі өспейді.
Маржан Әбіш,
Астана
Agroqogam.kz