Алматы облысынан қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге 146 тонна жем-шөп жіберілді

Сарқан ауданының тұрғындары/Ауыл тұрғындарының жеке архивінен

Қуаңшылық жайлап, нағыз жұт болып жатқан еліміздің батыс өңірлеріне көмек беру науқаны жалғасуда. Шымкенттіктер бастаған асарды Алматы облысының тұрғындары іліп әкетті. Өңірдегі Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жастары «Маңғыстауға көмек» қоры арқылы Маңғыстауға жүздеген тонна жем-шөп жөнелтті, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Сарқан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудандағы Екіаша ауылының тұрғындары белсенділік танытқан. Бастамашыл жастар қуаңшылықтың салдарынан жапа жегіп жатқан аймаққа жәрдем беру мақсатында шөп шабу жұмыстарына кірісіп кеткен. Маңғыстауға көмек беруге жастарды алғаш рет Алмас Танысбайұлы, Дархан Құрметқалиұлы және Ерлан Серікұлы есімді ауыл имамдары шақырған екен. Олардың айтқан ұсыныстарын тұрғындар да бірден қостай кетіпті.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде биылғы жылы қуаңшылық қысып тұрғанын көзбен көріп естіп жатырмыз. Күндерін малмен көріп отырған тұрғындар үшін бұл өте қиын жағдай. Осындай қиын-қыстау сәтте ауыл жастарымен бірлесіп, жұмыла көмек береміз деп шешім қабылдағын жайымыз бар. Шөп шабу науқаны әлі де қызу жүргізілу үстінде. Бірнеше күндер аралығында тағы да шөп жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Бұл сауапты іс», — дейді ауыл имамы Алмас Танысбайұлы.

Мешіт қызметкерінің айтуынша, қуаңшылық жайлаған өңірге екіашалық жастар шамамен 10 тонна болатын жоңышқа шөбін жөнелтіп үлгерген. Алдағы уақытта тағы сонша шөп жіберу жоспарланып қойыпты.

Облыстық әкімдік баспасөз қызметінің берген ақпаратына сәйкес,  Маңғыстаулық шаруалардың қысылтаяңда отырғанына бей-жай қарай алмаған тағы бір ауылдың бірі – Бақалы. Бақалының жастары асар жасап, өз күштерімен 50 түк шөп жинап, жіберілетін жем-шөпке шама шарқынша өз үлесін қосыпты.

Асарды жалғастыра кеткен Еңбекшіқазақ ауданының жастары болса, барлығы 3 тоннада астам шөп, 5 тонна жемді Маңғыстау халқына көмек ретінде жіберді. Бұдан бөлек, Есік қаласының тұрғындары ақшалай көмек беруді жөн көріпті. Жауапты кісілердің шотына олар жем-шөп сатып алуға арналған қаражат аударған.

Аудан тұрғыны Дәукенов Мерейдің айтуынша, бұл асарға аудан қарасты 22 ауылдың тұрғындары қатысқан.

«Адамның күні адаммен. Қуаңшылық барлығымызға да әсер етіп жатыр. Сондықтан, еліміздің қай өңірі болса да, ортақ. Мұндай жағдайда қарап қалуға болмайды», — деп қысқа қайырды ол.

Осылайша, бірнеше ауданнан Маңғыстауға жалпы көлемі 146 тонна болатын жем-шөп жөнелтіліп отыр.

Еске салсақ, биыл Маңғыстау өңірінде қуаңшылық орын алуда. Жауын-шашынның болмауы мен аптап ыстықтың салдарынан құрғақшылық болып, мыңдаған мал басы қырылып қалған болатын. Әсіресе, жылқы малының арқасында күн көріп отырған қарапайым халық қиналуда. Бұл жағдай Қызылорда облысы Арау өңірінде де туындап отыр. Ауа райының қолайсыздығы кесірінен облыста төтенше жағдай жарияланып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.

Еліміздің батыс аймақтарындағы қүрделі ахуалға  көмек қолын созуды алғаш болып түркістандық Құрмет Талапқазы бастады. Ол жалғыз өзі бірнеше гектар жердің шөбін шауып, ел азаматтарын асарға шақырды. Оның видеоүндеуінен жүздеген қазақстандық Құрметке қолдау көрсетіп, шөп шабуға кіріскен. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстауға оннан астам вагон шөп жіберілді.

Айтолқын АДЫРБАЙ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.