Жұқпалы аурулар: қойларды қауіпті дерттен сақтау үшін не істеу керек?

Қой малын жұқпалы дерттен сақтау, алдын алу шараларын қолға алу өте маңызды. Себебі кей кезде қой бүкіл бір отарға жұғуы ықтимал аурулармен ауыруы мүмкін. Бүгінгі материалымызда біз қойларда кездесетін аурулардың алдын алу тәсілдеріне тоқталмақпыз, деп жазады Agroqogam.kz.

Кез келген ауруды емдеуден гөрі, оның алдын алу оңай. Қойларда кездесетін жұқпалы емес аурулар олардың дұрыс азықтанбауы, күтім жасалмауы салдарынан орын алса, жұқпалы аурулар мал ағзасына түсетін ауру тудыратын микробтар мен паразиттер салдарынан орын алады. Жұқпалы аурулар басқа малдарға  тікелей ауру жұқтырған малдан немесе тасымалдаушылар арқылы (адам, құстар, малдар, жәндіктер және т.б.) малға күтім жасау заттары арқылы, азық немесе судан да жұғуы ықтимал. Малдардың жұқпалы ауруларды жұқтыруы да біркелкі болмайды. Әр мал жұқпалы ауруда әртүрлі өткеруі мүмкін.

Мәселен еш жағдай жасалмаған шаруа қожалықтарында жұқпалы аурулар қойларға тез жұғады, олардың жазылуы күрделі, ауруы да асқынуға бейім болады.

Қожалыққа жұқпалы аурулар жем-шөппен, адамдармен, ауырған малмен келуі мүмкін. Сол үшін аумаққа жаңа мал әкеп қосқан кезде немесе малы ауырып жатқан қожалыққа барып келген адамдар болса, тиісті шараларды сақтап, абай болу керек. Яғни, отарға жаңа мал әкеп қоссаңыз, онда оның жұқпалы аурулардан ада екенін ветеринариялық тұрғыдан тексеріп алыңыз.

Жұқпалы ауру белгілері ауырған малда тек біршама уақыт өткеннен кейін барып байқалады (инкубациялық кезең). Ал кей аурулар тіптен еш белгісіз өтеді. Сол себепті қожалыққа жаңа әкеп қосқан әр малды мұқият ветеринариялық тексерістен өткізіп, басқа малдан бөлек, бір айға карантинде ұстаған абзал. Осы уақыт ішінде малдардың бруцеллез, сальмонеллез, туберкулез, гельминтоз және акароз сынды ауру жұқтырмағанына әбден көз жеткізеді.

Жаппай құрт ауруларына шалдыққан малдар көп аудандарда жыл сайын, әсіресе малдарды табынға қосатын көктемнің алдында және оларды қорада ұстайтын күз айларында алдын алу шараларын жасап, малдарды арнайы дәрілеу керек.

Сонымен бірге малдарды суаруға кішігірім суқоймаларға қарағанда ағынды сулар мен ірі суқоймалар қолданған жөн. Себебі кішкентай тоғандардан құрт ауруларын жұқтыру ықтималдылығы жоғары.

Жайылымдық кезеңде 5-6 күн сайын жайылымды ауыстырып отырған жөн. Оларға қайтадан мал жаю үшін кемінде 2-3 ай өтуі керек. Осындай жағдайда ғана жайылымдар қалпына келіп, олар малдар үшін қауіпсіз болмақ.

Стронгилятоз және ішек цестодозы секілді жұқпалы аурулардың алдын алу үшін жайылымдағы қойларға мыс тотыяйыны мен фенотиаз қоспасын береді. Бұл үшін аталған заттардың арақатынасы 1:9:90 болуын қадағалау керек. Мұндай қоспаны жайылымдық кезеңде күн сәулесі түспейтін және ылғал емес жерде тұрған астауға салып береді. Қоспаны мыс тотыяйынының, фенотиазиннің және ас тұзының ұсақталған түйіршіктерін араластыру арқылы жасайды. Ас тұзы болмаған жағдайда фенотиазинді концентрацияланған азықпен бірге 1 г таза фенотиазинді ересек қойға, 0,5 граммды 4-8 айлық жас малға беруге болады.

Өкпе ауруларының алдын алу үшін, әсіресе жас мал үшін қатты суық, ылғал, уақытылы азықтандырмау, дәруменнің жетіспеушілігі сынды факторлардан сақтану керек. Бұл үшін қысқы уақытта малға құрамында каротин бар азық беруге болады. Одан бөлек, қысқы жайылым да мал денсаулығына жақсы әсер етеді.

Сондай-ақ, мал сирақтарының ауруларын алдын алу үшін ақсақ қойларды іріктеп алып, тұяқтарын залалсыздандыратын ванналарда ұстау керек. Ол үшін суға мыс тотыяйыны мен формалиннің 10 пайыздық  қоспасын он күнде бір рет қолданамыз. Ванналар малдың артқы және алдыңғы тұяқтарын толық жабуы қажет. Малдар тайып құламас үшін ваннаның түбі тайғанақ болмауын қадағалаңыз. Ванналарды бір қорадан екінші қораға өтетін жолда қояды.

Одан бөлек қойларда тұяқаралық бөліктерің жұмсарып кетуі сынды аурулар да кездеседі. Бұл қойларды ылғалды жайларды көп ұстау салдарынан орын алады. Бұл аурудың алдын алу үшін қораны жиі тазалап, тезекті сыртқа шығарып отыру керек.

Келесі материалымызда аурулардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың алдын алу, емдеу жолдарын қарастырмақпыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.