Алматы облысы Талғар ауданында қырық үш бас мал жылқы ұрланды. Жылқы ұрлаушылар үйірдегі айғырды атып өлтіріп, биелерін алып кеткен, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Талғар ауданында ірі мал ұрлығы тіркелді. «Кербұлақ» ЖШС-на тиесілі қырық үш бас биені белгісіз адамдар айдап әкеткен. Сорақысы, олар үйірдегі айғырды атып өлтіріпті.
«Талғар ауданының ПБ-на 1994 жылы туған азамат хабарласып, аудан аумағындағы жайылымда жүрген жерінен 43 бас жылқы ұрланғанын хабарлады. Аталған дерек сотқа дейінгі зерттеулердің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы (мал ұрлығы) бойынша тіркелді», — деді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ауданда жедел-тергеу тобы құрылған.
Шаруашылық бақташысы Азамат Албанбаевтың сөзінше, мұндай жайт алғаш болып отырған жоқ. Мәселен, 16 мамыр бойы қожалықтан 40 бас мал ұрланған. Осылайша, бас-аяғы бір айдың ішінде 100-ге жуық мал ұрланып отыр, дейді ол.
Ал қожалық қожайындары болса, жоғалған малды тауып беретін азаматтар болса, оған қомақты сыйақы береміз деп уәде етіп отыр.
«Қожайындар малды тауып берген жандарға 5 млн теңгеге тең ақша беріп, алғысын айтады», — деді бақташы.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz.