Жетісуда ветеринария саласының 126 қызметкері жалақысын толық ала алмаған

Фото: ВКонтакте

Жетісу облысы Кербұлақ ауданының 100-ден астам қызметкері жалақысы мен әлеуметтік аударымдарын толық алмаған. Аталған жайтқа қатысты аудандық ветеринариялық станциясы директорының орынбасары жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Кербұлақ ауданының ветеринариялық станциясында өрескел заңбұзушылық орын алды. Мекемеге қатысты 126 қызметкер өз жалақысы мен әлеуметтік төлемдерді ала алмаған. Бұл жайтты облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кездесу кезінде жеткізді.

«Өздеріңізге мәлім, биыл ауданның ветеринариялық станциясында өрескел заң бұзушылық орын алып, 126 қызметкерлердің жалақылары мен әлеуметтік аударымдары толық төленбеген. Бүгінгі күні жалақылары толық өтелді (35,5 млн. теңге), аудандық ветеринариялық станциясы директорының орынбасары жұмыстан босатылып, бас есепші уақытша қызметінен шеттетілді. Менің тапсырмам бойынша Экономикалық тергеу департаментімен тексеру жұмыстары жүргізілуде», — деді ол.

Сонымен бірге, бір ғана Кербұлақ ауданында ұсақ мүйізді малдан күл ауруы анықталып, 223 бас малдың көзі жойылған. Бұған дейін аса қауіпті ауруларға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру үшін 299,2 млн теңге бөлінген. Ал биыл бұл соманың көлемі 346,4 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.