Жетісу облысында қант қызылшасы алқаптарын ұлғайту өңірді дамытудың 5 басым стратегиялық бағытына еніп отыр. Алдағы уақытта «тәтті» дақыл көлемі де, оны егетін егістік аумағы да біршама артатын болады, бұл туралы Талдықорғанда өткен облыстық мәслихаттың бірінші сессиясынан белгілі болды.
Сессияның ашылуында сөз алған өңір басшысы Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуы 5 бағытта жүзеге асытынын жеткізді. Соның бастысы, неше жылдан бері дихандардың бас сақинасы айналыған – қант қызылшасы.
«Ауыл шаруашылығы саласында басым дақылдар алқаптарын, оның ішінде қант қызылшасының егістігін 2,9 есеге ұлғайту, 30 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасады.
Алдағы үш жылда туризм саласына 79 млрд. теңге инвестиция тартылып, туристер легі 2,4 млн. адамға жетеді. «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңарту және өңірде заманауи шаңғы-биатлон кешенін салу жобалары іске асырылады.
Жалпы, облыстың инвестициялық портфеліне 2026 жылға дейін 1,6 трлн. теңгелік 144 жоба кіреді, 7 мың жұмыс орнын құру көзделген», — деді Бейбіт Исабаев.
Одан бөлек, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету 100 пайызға дейін, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 98 пайызға дейін, газдандыру деңгейі 76 пайызға дейін жеткізіледі, деп сендірді шенеунік.
Еске салсақ, биыл наурыз айында көптен күткен Ақсу зауыты өз жұмысын қайта жандандыратыны белгілі болған. Мұндағы басты жаңалық ретінде Исабаев фермерлерге үкімет қант қызылшасын тоннасына 40 мың теңгеге дейін субсидиялайтынын жеткізген. Бұған дейін субсидиялау көлемі тоннасына 25 мың теңге болған. Әкімнің сөзінше, шаруаларға көмек беру мақсатында әрі өңірдегі қант өндірісін дұрыс жолға қою үшін бірнеше тараптың қызу пікірталасынан соң осы баға бекітілген. Жыл соңына дейін 45 мың тоннаға дейін қант өңдеуді жоспарланған.
Десе, өңірде қант қызылшасын егуге қатысты проблемалар да аз емес. Оның бірі – шикізатты тасымалдау мәселесі. Шаруалар соңғы екі жылда өңірдегі қант қызылшасын өңдеу дұрыс жолға қойлмағандықтан, тақырға отырдық деген болатын.
Айтолқын Адырбай,
Жетісу облысы
Agroqogam.kz