Жетісудағы жүгері мәселесі: қалай шешілуде?

Фото: Роспотребнадзор

Астана. 3 наурыз /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Ауыл шаруашылығы министрі Алматы және Жетісу облыстарындағы сақтайтын жер болмай, далада қалған жүгері мәселесін министрлікте өткен алқа отырыста тағы көтерді. Ол «Азық-түлік корпорациясының» басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтен фермерлерді қолдау қалай жүзеге асып жатқанын сұрады.

«Алматы, Жетісу облыстарындағы жүгері мәселесі не болып жатыр? Сатып алу жұмысы жалғасып жатыр ма?», — деп сұрады ол Джувашевтен.

«1 тоннасы 65 мың теңгеден (ред. – қабылданып жатыр). Қазіргі таңда бір ғана фермер 500 тоннаға өтінім берді. Қосымша өңдеу кәсіпорындарымен жұмыс істеп жатырмыз. Олар ақша беріп, олар өздері сатып алуда», — деп жауап берді Джувашев.

Артынша Сапаров аталған екі облыстағы лицензиялық элеваторлардың жоқтығын сөз қылып, алдағы жылы бұл мәселемен айналысуды тапсырды.

«Бұл облыстарда лицензиялық элеваторлар жоқ дейді. Соларға лицензиясын алып беруді корпорация міндетінің ішіне кіргізу керек. Ендігі жылға дайын болу керек. Екіншіден, ондағы шаруашылықтар сұрап жатыр. Неге корпорация филиалы жоқ дейді. Не Алматы облысында, не Түркістан жақта жоқ. Сол филиаларды ашуды жоспарлау керек, біреуін ашу керек. Шапқылап анда-мұнда жүргізе бермей. Ортақ географиялық орын табу керек. Бүкіл шаруашылық соны сұрап жатыр», — деді министр.

Айта кету керек, Жетісу облысының шаруалары былтыр 57 мың гектарға жүгері егіп, жалпы көлемі 380 мың тоннадай өнім алған. Бірақ бағаның түсуі, сатып алушы мен сақтайтын жер болмауы салдарынан 100 мың тоннадай жүгері далада қалған.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.