Жетісу облысы Қызылжар ауылының бірнеше көшесі мен ауласын су басты

Әлеуметтік желіде ауылдағы ахуалдың видеолары тарауда. Құзырлы органдардың мәліметінше, оқиға орнында ондаған адам мен 11 техника жұмыс істеп жатыр, деп жазады Agroqogam.kz тілшісі.

5 наурызда Жетісу облысы Қызылжар аулылында күннің күрт жылынуына байланысты бірнеше ауланы еріген қар суы алып кетті. Аталған ақпаратты облыстың Төтенше жағдайлар департаменті растады.

 Ведомствоның мәліметінше, өңірде күн +15 С°-қа дейін жылынып, салдарынан қар қарқынды түрде ери бастаған.

“Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында ауылдың шығыс жағында орналасқан егістік алқаптарынан еріген қар суы аққан. Еріген су арыққа симай, арнасынан асып, Шыныбек көшесіне жайылып, сол аумақты тағы төрт ауланы су басқан”, – делінген ТЖД хабарламасында. Бұл жайттан ешкім зардап шекпеген және тұрғын үйлерді су алмаған. “Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, су деңгейі төмендеді. Еріген су Байғазы өзеніне құйылып жатыр”, – дейді ТЖД өкілдері.

Қазіргі таңда ауылда арық жүйесін тереңдету және тазалау, инертті материалдары бар қаптарды дайындау, егістік алқаптарындағы қар суын ағызу үшін арнайы канал қазу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оқиға орнында ондаған адам мен 11 техника жұмыс істеуде.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.