Жетісу әкімі: «Шеше алмайсыз ба, орныңызды босатыңыз»

Бейбіт Исабаев Жетісу облыс тұрғындарымен кезекті маусымдық кездесуін Ескелді ауданында жалғастыруда. Аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – жайылымдық жер болса, бір жылдың ішінде бос жатқан 42 мың гектар жердің тек 4 мыңы ғана қайтқан, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Ескелді ауданының тұрғындарының бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан жанайқайы әлі де шешілмеген. Бұл туралы облыс әкімімен кездесуде мәлім болды. Әсіресе, Шымыр ауылының тұрғындары малын жаятын жер таппай сабылуда. Тұрғындардың бірі Мақсат Аязбаев мәселені бір жыл бойы көтергенімен, жергілікті билік халықтың талап-тілегіне еш құлақ аспағанын айтып шағымданды. Айтуынша, ауыл маңындағы құнарлы жерлер жеке меншікте, ал оның иесі егістік егетін жерлеріне халықтың малын жолатпай әлек.

Аталған мәселе облыс әкімінің шамына тиді.Исабаев атқамінерлерді мәселені үш айда шешпесе, орнын босатуды талап етті.

«Халықтың мал жаюы үшін 106 мың гектар жайылым керек. Қайнарлы, Матай Байысов, Ешкіөлмес ауылдарының тұрғындары жайылымға мұқтаж. Тұрғындардың осы қажеттілігін өтеу үшін жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту керек. Бір реттік, көз үшін жасалатын жұмыстармен мәселе ешқашан түбегейлі шешілмейді. Жұмысты жүйелі түрде жүргізу керек. Бірінші кезекте қай ауылда мал жаятын жерлер жетпей жатыр, белсенді жұмысты сол елді мекендерден бастау керек. Мынадай қарқынмен жүре берсеңіздер, жер мәселесін жуырда шеше алмайсыздар. Қазір ауданның жер қорында 48,4 мың гектар босалқы жер бар. Осы босалқы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартудың жедел шараларын қабылдауды тапсырамын», — деді Исабаев аудан әкіміне.

Осы ретте облыс әкімі аталған ауылдармен қатар барлық елді мекендердің маңындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, соның ішінде ауыл тұрғындарының мал жайылымына қанша қажет екенін анықтау, соның ішінде жерден қатты тапшылық көріп отырған елді мекендердің мәселесін бірінші кезекте қарастыру жұмыстарының ретін айқындап, жүйеленген жоспар жасап, бекітуді қатаң тапсырды. Шымыр ауылының маңайындағы жерлер негізінен тәлімі жер болғандықтан, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыру қажеттігін қадап айтты.

«Халықты зарлатып, осындай күйге түсірмеу керек. Президенттің тапсырмасы бар, менің тапсырмам бар. Неге шешпеске?

Бірінші жыл емес, неге шешпейсіздер, ең бірінші тағайындаған адамым сіз ғой? Неге шаруалар келіп облыс әкіміне арыз айту керек? Не шешкілеріңіз келмейді, не шеше алмайсыздар. Не кедергі айтыңызшы? Шешеміз деген сөзіңізге халық қанағаттанбай отыр? Бәленің барлығы бір-ақ конкурс өткіздіңіздер, сонда. Бос жатқан 42 мың гектардың 192 гектарын ғана қайтарғансыздар. Шеше алмай жатырсыздар ма, орныңызды босатыңыздар. Талап етіңіздер. Әділдік заңдылық бәрі қолдарыңызда», — деді Исабаев.

Сөз соңында облыс басшысы күздегі халықпен кездесуде Шымыр ауылының жайылым мәселесін түбегейлі шешуде тапсырды.

Айтолқын Адырбайқызы,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.