Жақыпбаев: «Еуропалық вакциналардың тапшылығы логистикаға емес, евро бағамына байланысты…»

Кадр видео СЦК

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар ЖАҚЫПБАЕВ бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай мәлімдеді. Айтуынша, Украинадағы жағдай шетелден, нақтырақ айтсақ Еуропадан әкелінетін бірқатар вакцинаның елдегі тапшылығына әсер еткен жоқ. Олардың ветеринарлық дәріханалар сөрелерінен жоғалуы евро бағамының өсуінен деп санайды комитет басшысы.

Брифингте сапасы жоғары еуропалық вакциналардың тапшылығы мәселесі көтерілді. Ведомство өкілдеріне сұрақ қойған журналист Украинадағы жағдайдан соң логистикадағы проблемалардың туындауы Эурикан сынды бірқатар вакцинаның тапшылығына әкеп соқтырғанын сөз етіп, мәселені қалай шешу керектігін сұрады.

Вице-министр Рүстем ҚҰРМАНОВТЫҢ айтуынша, бүгінгі таңда шетелден әкелінетін вакциналардың орнын алмастыру мәселелері қаралуда.

«Мемлекеттік тапсырыс бойынша біз қолданатын вакциналардың 70 пайызы отандық өндірушілерге тиесілі. Қалған 30 пайызын негізінен Ресейден, азғантай бөлігін Беларусьтен әкелеміз. Украинадан вакцина алмаймыз. Ол жақтан көбінесе аса қауіпті ауруларға қатысты  диагностика жасау бойынша қызмет аламыз. Қазіргі таңда импорттық вакциналардың орнын алмастыру бойыша жұмыстар жасалуда. Оның ішінде QazBioPharm холдингі осы бағытта белсенді жұмыс істейтін болады», — деді ол.

Сонымен бірге, Құрманов отандық мамандарға мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық вакциналарды халықаралық стандарттарға сай шығарып, өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береміз, дейді.

Аталған мәселеге қатысты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар ЖАҚЫПБАЕВТЫҢ жауабы мүлдем басқаша болды. Ол еуропалық вакциналардың тапшылығына Украинадағы жағдай емес, евро мен доллар бағамының өсуі әсер етті деп санайды.

«Иә, проблема бар. Бірақ проблема логистиканың туындауынан емес, доллар мен евро бағамының қымбаттауына байланысты болып отыр. Бізде оларды әкелетін кәсіпорындар өте көп. Бірақ импорт көлемі бәсеңдеген. Көлемнің азаюы қандай да бір тыйымдардың емес, бағаның өсуіне қатысты болуы мүмкін», — деп жауап берді ол.

Сонымен бірге, Франция мен Германиядан мамандар шақырып, елде сапалы вакцина өндірісін қолға алу жоспарда бар екенін жеткізді.

Одан бөлек  вице-министр брифингте бүгінде фермерлер жиі көтеріп жүрген тәуелсіз ветеринариялық сараптама жасайтын орталықтарды тарту мәселесі бойынша өз ойын айтты. Айтуынша, бүгінде Қазақстанда жолға қойылған ереже бойынша ветеринариялық сараптама жасайтын және жануарлардың дерті бойынша қорытынды шешім шығаратын бір ғана орган – Ұлттық референттік орталық бар. Ел азаматтарының ветеринария саласы бойынша өздігінен шетелдік сарапшыларға жүгінуіне заңнамамен тыйым салынған. Елдімекендердегі шаруалар жергілікті ветеринариялық зертханаларда шығарылған қорытындыға көңілі толмаса, аталған орталыққа ғана жүгіне алады. Ұлттық референттік орталық тәуелсіз, ешкімнің мүддесін көздемейді, деп санайды ол.

Айтолқын АДЫРБАЙ,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.