Жамбыл облысы шаруаларына шығынын өтеуге 3,7 млрд теңге бөлінбек

Фото: АгроИнфо

Жамбыл облысы. 19 қыркүйек. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Биылғы жазда құрғақшылықтың зардабын тартып, шығынға батқан облыс шаруалары үкіметтен өтемақы ала алады. Бұл мақсатта қордан 3,7 миллиардтан астам қаражат бөлінбек. Тиісті құжат Ашық НҚА сайтында жарияланды.

Жамбыл өңірінде биыл құрғақшылық салдарынан көптеген диқан мол шығынға батты. Өңірдің бес ауданында төтенше жағдай жарияланып, суармалы су тапшылығы мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралуда. Ал шығынға ұшыраған облыс шаруаларына үкімет резервінен 3 млрд-тан астам қаражат бөлінбек.

«Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне келтірілген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аудару үшін 3 756 300 171 теңге сомасында қаражат бөлінсін», – делінген құжат жобасында.

Еске салсақ, Қырғызстаннан Қазақстанға келетін су көлемінің қысқаруы егістіктерді қажетті деңгейде суаруға мүмкіндік бермеген. Салдарынан құрғақшылық орын алып, 300-ден астам шаруа шаш етектен шығынға батты.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.