Жамбыл ауданында 104 мың гектар жер пайдаланылмай жатыр

Алматы облысы Жамбыл ауданы елдімекендердегі мал басын жайылыммен толық қамтамасыз ету үшін 352 мың гектар жер керек. Ал бұл ретте аудандағы пайдаланылмай жатқан жер көлемі 100 гектардан асып артылады. Бұл туралы аудан басшысы Нұрлан Ертас облыс әкімімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Нұрлан Ертастың айтуынша, бүгінде ауданда 1 млн 200 мың мал басы бар. Олардың ішінде 338 мың мал елдімекендердегі жеке аулаларға тиесілі. Мал басының өсуімен қатар осы саладағы проблемалар да жоқ емес. Мәселен, бұл малдарды жайылымдық жерлермен қамту үшін 352 мың гектар жер қажет, дейді шенеунік.

«Төрт түлік мал саны артқанымен, проблемалық жағдайлар  да орын алып отырғанын жоққа шығармаймыз. Өрістің таршылығы мен ортақ жайылымдық жерлердің аздығы күн тәртібіне еніп отырған мәселе. Облыс хаттамасына сәйкес, жайлау мен қыстаулардағы жайылымды жерлерді қайтару және ортақ жайылымға беру жұмыстары жүйелі түрді жүргізілуде. Елдімекендер бойынша жеке аулалардағы мал басының санына қарай оларды жайылыммен қамтамасыз ету керектігін ескерсек, мал басына шаққандағы норматив бойынша 352 мың гектер ортақ жайылым жер қажет. Бүгінге күнге жалпы көлемі 37 974 гектар жер учаскелері мемлекет иелігін қайтарылып, 44 елдімекенге ортақ жайылымдық жер ретінде тұрақты пайдалануға берілді. Одан бөлек шаруа қожалықтарында пайдаланылмай жатқан 49 мың жайылымдық жер қайта айналымға енгізілді. Ауданның жұмыс тобы анықтаған пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлер  көлемі 104 мың гектар, оның ішінде жайылымы 76 мың, егістік 27 мың гектарды құрап отыр. Аталған 104 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару үшін нақты шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Ортақ жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету  сұрақтары өте ұзақ уақытты талап етеді», — дейді әкім.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлермен халықты қамту ең өзекті проблема. Ал проблеманың түйінін кооперативтер арқылы шешуге болады деп есептейді аудан басшысы.

«Жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып, елдімекендер бойынша жеке аулада мал ұстау нормативтерін бекіту қажет. Біз 61 елдімекенге тиесілі 352 мың гектар жерді шешуіміз керек боп тұр. Бір жылдың ішінде 37 мыңнан астам гектар жерді шештік, дегенмен бұл үлкен сан. Жергілікті қауымдастық арқылы біз елдімекендердегі мал ұстау тәртібін жүйелеу бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізу керек болып отыр. Жаңағы айтқан 352 мың гектар үлкен көлемдегі жер болып отыр. Елдімекендердегі мал басын реттеу үшін оларды жинақтап, орталықтандыру керек болып тұр. Бұл жергілікті атқарушы органдар үшін анағұрлым оңтайлы және қолайлы болады деп ойлаймыз. Елдімекен төңірегінің барлығын малған толтырмай-ақ ортақ жайылымды сырттан шешіп берсек. Осындай ұсыныстарымыз бар», — деді ол.

Жиында бұдан өзге азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Мәселен, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудандағы ет өңдеу өнеркәсібінің жұмысына мін артты. Айтуынша, ет өңдеу комбинатына мал тапсыратын шаруа қожалықтарын тарту бойынша жұмыс әлсіз жүріп жатыр. Соның салдарынан ет өндірісі екі есе төмендеп кеткен.

«Империя Фуд» ЖШС былтыр 1400 тонна өнім өндірсе, 2022 жылдың 10 айында тек 700 тонна ет өндірген», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ол осы бағытта жұмыста жандандыруды тапсырды.

Еске салсақ, биыл қараша айындағы дерек бойынша Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысы аясында мемлекетке заңсыз берілген

7,3 миллион гектар, сонымен бірге мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жалпы құны 43 миллиард теңгеге тең жерлер мен 160 мың гектар жер қайтарылған.

Айтолқын Кузербаева,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.