«Жайылым керек»: Жетісуда ашынған халық көшеге шықты

Жетісу облысы Көксу ауданы Жамбыл ауылының тұрғындары жайылымдық жер тапшылығы мәселесін көтеріп, көшеге шықты. Аталған мәселеге қатысты аудан әкімі Марлен Көлбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Ауыл маңында мал бағатын жер жоқ деп жанайқайын айтқан Жамбыл ауылының тұрғыны 6 сәуір күні таңертең жаппай наразылыққа шығып, Алматы-Өскемен трассасын жаппақ болған. Көшеге шыққандардың қатарында жасы алпысты алқымдаған әжелер де бар. Олардың сөзінше, жергілікті жайылымдық жер тапшы бола тұра, жүздеген гектар жерді талдықорғандық кәсіпкерге беріп тастаған. Оқиға орнына бірден аудан әкімі жетіп, жиылғандардың талап-тілегін тыңдады. Аудан басшысы Марлен Көлбаевтың айтуынша, ауылда жайылым көлемі жеткілікті.

«Ауылдың жеке ауласындағы тіркелген ауылшаруашылық жануарларының аналық басына шаққандағы қажетті ортақ пайдаланудағы жайылым көлемі жеткілікті, сонымен қатар, аудан әкімдігімен қосымша жерлер артығымен белгіленіп отыр, бүгінгі күнге Жамбыл ауылының шегіндегі жеке ауладағы ауылшаруашылық жануарларының саны 272 бас мүйізді ірі қара, 855 бас ұсақ мүйізді және 22 бас жылқы бар, ал ауылдың аналық басына шаққандағы қажетті ортақ пайдаланудағы жайылым көлемі 1420 га-ды құрайды, ауылға белгіленген жер көлемі 3044 га жайылымды құрайды, бұл 1624 га-ға артық», — деді әкім.

Десе де, ауыл атқамінерінің сөзінше, халық талабы толығымен ескеріліп, Жамбыл ауылынан құрамы 8 адамнан құрылған белсенді өз өтініші мен ұсынысын жазып, талаптарын қойды.

Одан бөлек,  тұрғындарының өтініші бойынша мал басына қайтадан нақты санақ жүргізіліп, тиесілі жермен қамтамасыз етіледі деген шешім шығарылған. Одан бөлек, жайылым жерге соқа салып көтеру жұмыстары тоқтатылып, ауыл меншігіне қайтару бойынша келіссөздер жүргізілген. Тұрғындардың ашуына тиген кәсіпкер С.Ержұманов жерлердің нақты шекарасы бекітілгеннен кейін жерлерді қайтарып беруге уәде еткен.

«Жамбыл ауылының белсенділері, жер иесі, кәсіпкер С. Ержұманов, ауылшаруашылық және жерге қатысты барлық мамандар жиналып, бір шешімге келіп, нүктесін қойдық.

Негізі Жамбыл ауылындағы мал санына тиісті жайылым жер екі есе артығымен бар, мұнда мәселе мал жайғанға ыңғайлы жерде және малды суғаруда болып тұр, енді бұл мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары атынан белсенділер, кәсіпкер және әкімдік нақты бір мәмлеге келіп төмендегідей келісіп алдық.

Жер иесі, кәсіпкер С. Ержұманов ағамыз айтылған жерлердің нақты шекарасы белгіленгеннен кейін, ауылға қажетті жерді қайтарып береді. Қайнардан алынатын судан мал суғаратын арнайы орын жасалатын болды. Қайнарды келесі сенбіде ауыл болып барлығымыз тазалауға келістік.

Енді осы айтылған мәселелерді заң аясында заңдастырып, арнайы құжаттары дайындалғаннан кейін қосымша хабарланатын болады», — деп мәлім етті Көлбаев.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.