Сенат депутаты Закиржан Кузиев бүгінгі үкімет сағатында ауыл шаруашылығы саласында кемшін қалып отырған өнімдерді қайта өңдеу мәселесін көтерді. Ол астық, мақта және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы проблемаларды атап айтты, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Кузиевтің айтуынша, жағымды тенденциялар мен мемлекет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі өте төмен. Әсіресе, ішкі нарықта азық-түлік импорты көп. Бір өкініштісі, сары май, өсімдік майы, ірімшік, сыр, шұжыр өнімдері, көкөніс және ет консервілерін өндіруді біз өз елімізде де қолға алуға қауқарлымыз дейді ол.
«Бұған себеп – өндірістің ұсақ тауарлы сипаты, ауыл шаруашылығы өнімдерін әзірлеу жүйесінің әлсіздігі, нарықта фальсификацияланған өнімдердің болуы және осының бәрі әкеп отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетсіз болуына әсер етіп жатыр», — дейді ол.
Қайта өңдеу саласының тұралап қалуына сату желісіндегі алыпсатарлардың рөлі артуы себеп болып, өндіруші мен қайта өңдеушілер арасындағы өзара байланысты жоқ қылған, дейді сенатор.
Ол осы салада көптеген түйткілді мәселелер бар екенін жеткізіп, оларға жеке-жеке тоқталды.
«Астықты қайта өңдеу саласында басты назар ұн тарту өнеркәсібіне бағытталған. Соңғы кезде оның дамуына қатер төндіріп отырған үлкен проблемалар бар. Егер 15 жыл бұрын Қазақстанда 270 кәсіпорын болып, әлемде көш бастап тұрса, қазір олардың үштен бірі ғана жұмыс істейді. Себеп – нарықтағы бәсекелестіктің көбеюі», — деген ол бұл салада халықаралық алаңдағы орынды қайта қалпына келтіру үшін астықты қайта өңдеудің терең әдісіне көшу керек деген ұсыныс айтты.
Сөзінше, бүгінге көптеген қайта өңдеушілер өңдеудің бірінші сатысын ғана жүзеге асырып, жармалар, ұн және т.б. ғана шығарады. Алайда бұдан былай аминқышқылдар, лизиндер, дәрумендер, тағамдық қоспалар мен биополимерлер секілді өнімдер өндіру сатысына көшуіміз қажет.
«Мысалы бір астық бидай 102 мың теңге тұратын болса, оны ұнға айналдырып 146 мың теңге аламыз, ал оны тереңінен өңдеп манағы айтқан өнімдерді шығарсақ одан орташа алғанда 585 мың теңге пайда көрер едік. Яғни, қосылатын құны 400 пайызға артар еді», — деді ол өз баяндамасында.
Сонымен бірге ол ауыл шаруашылығы министрлігі жасап шығарған қант саласын дамыту бағдарламасы жұмыс істемейтінін баса айтты.
«2021 жылы отандық шикізаттан қант өндіру 121 мың тоннаға дейін арту керек болған. Ал іс жүзінде тек 39 мың тонна шығардық. Мамандар шаруаларға тиісті техника, дән, суармалы жерлер жетіспейді деп отыр. Бұл ретте бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2022-2026 жылдар аралығында бюджеттен 495 млрд теңге қаражат бөлінбек», — деген ол бұл ақшаға қантты өндірудің баламалы тәсілдерін қолға алуды қарастыру қажет екенін жеткізді.
Айтолқын Адырбай
Agroqogam.kz