Тоқаев атом станциясын салу бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге шақырды

Фото из открытых источников

Астана. 1 қыркүйек. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды.

«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», — деді ол.

Сонымен бірге ол аталған мәселе бойынша міндетті түрде халықтың ой-пікіріне құлақ асу керек еске салды. Сол себепті атом электр станциясын салуды референдум өткізу арқылы шешуді ұсынды.

«Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», — деді президент.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.