Тоқаев: Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласына сапары кезінде Үлкен Алматы каналының мәселесін көтерді. Президент 60 мың гектар жерге су жеткізетін каналға бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмегені өңірдегі су тапшылығы туындап отырғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

«Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бір де бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс. Су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл су қоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін. Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады», — деді ол.

Одан бөлек, Қонаевқа сапары кезінде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Алматы облысында балық шаруашылығының болашағы зор екенін еске салып, бұл саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау көлемін арттыруды тапсырды.

«Қазірдің өзінде өңірден мал етінен гөрі балық өнімдері көбірек экспортталады. Бұл саланың қуатын арттыру үшін балық шаруашылығының көлемін ұлғайту керек. Сондай-ақ, өндірістік мақсатта шабақ өсіруді қолға алу қажет. Балық инспекциясының қызметін де жандандырған жөн. Бізде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Онда Алматы облысынан шығатын балық өнімін 25 мың тоннаға жеткізу көзделген. Осы міндетті орындау үшін балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемін арттыру керек», — деді Тоқаев.

Сонымен бірге, президент облыста бос жатқан 300 мың гектар жердің 100 мың гектарын жер иелері өздігінен мемлекет қайтарғанын сөз етті.

«Биыл облыста бос жатқан 300 мың гектар жер анықталған. Оның басым бөлігі – жайылым. Жер иелері 100 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Оның 50 мың гектары қазірдің өзінде халықтың игілігіне берілді», — деді Тоқаев.

Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.