Темір Лесов: «Маңғыстауда сиыр болмаса да, ет өңдеу кәсіпорнын аштық»

Климаты қатаң Маңғыстау өңірінде тәуекелге бел буып, мал шаруашылығын мықтап қолға алған азаматтар баршылық. Соның бірі – 32 жастағы Лесов Темір Сәкенұлы. Ол бүгінде Маңғыстаудағы  алғашқы ет өңдеу комбинатын ашу бойынша жұмыс істеуде. Күніне 5 тонна ет өнімін шығаруды мақсат тұтқан кәсіпкер кәсібі, субсидиялау жүйесіндегі олқылықтар мен өңірдегі осы саладағы негізгі проблема туралы әңгімелеп берді.

Маңғыстауда 16 мың аналық бас ірі қара ғана бар

Маңғыстаудың тарихи статистикасына көз жүгіртсек, 1908 жылы Адай уезінде 1,6 млн қой-ешкі, 82,5 мың түйе мен 93,3 мың бас жылқы бар екені айтылады. Ал қазір орта есеппен өңірде 144 мың жылқы болса, қойдан 430 мың бас қана қалған. «Көркем әлем» ет өңдеу кәсіпорнының негізін қалаушысы Темір Лесовтың айтуынша, Маңғыстауда сиыр саны тіптен аз – бүгінде 16 мың аналық бас ірі қара ғана бар. Соған қарамастан, бастамашыл азамат биыл қараша айында Маңғыстаудағы алғашқы ет өңдеу комбинатын іске қоспақ. Айтуынша, қуаттылығы жөнінен комбинат күніне 300 бас ұсақ мал, 60-қа жуық ірі қараны союға қауқарлы.

«Заңнама бойынша ет өндіруге қатысты елімізде үш нысан бар. Олар: мал сою орны, мал сою нысаны және ет өңдеу кәсіпорын. Бұған дейін бізде 9 мал сою нысаны ғана болған. Ал ет өңдейтін кәсіпорын болмаған. Біз ет өңдеу комбинатын ашу арқылы осы өңірдегі кәсіпорындарды ет өнімдерімен қамтуды мақсат тұтып отырмыз. Алдағы уақытта ішкі нарықтың сұранысын өтеу үшін барынша жұмыс жасаудамыз», – дейді ол.

Кәсіпорын мал сою, етті сақтау, етті бөлу-жіліктеу және жартылай фабрикаттар шығару секілді цехтардан тұрады. Сондай-ақ онда күніне 500 тонна жартылай фабрикат пен бұқтырылған ет шығады. Ал жартылай фабрикаттың 75 түрі өндіріледі.

 Десе де, бұл көлем өңір үшін өте аз, Маңғыстау облысының сұранысын өтемейді, дейді маман. Айтуынша, ет комбинаты өндіретін ет өнімдері өңірдегі сұраныстың көп дегенде 30-35 пайызын ғана жабады.

«Өңірде 130 мың адам тұрса, 1 адам 1 айда орташа есеппен 1,5-2 ет жесе, жалпы есеппен 1,5 млн кг ет керек. Ал біз бір айда 12 мың тонна ғана шығарамыз», – деп бөлісті Темір Сәкенұлы.

Түйе асырауға ыңғайлы өңір халқы түйе етінен гөрі сиыр мен жылқы етін көп тұтынады. Сондықтан, ет өңдеу комбинаты үшін ең басты проблема – ірі қараның аздығы.

«Маңғыстауда сиыр жоқ, бізде 16 мың аналық сиыр тіркелген, БҚО-да 320 мың аналық мал сиыр тіркелген. Яғни, 20 есе артық. Маңғыстау сиыр бағуға арналмаған өңір. Сиыр етін шығару үшін көрші өңірлерден мал жинаймыз. БҚО Теректі ауданы Ақсоғым деген ауылдың қасында біздің мал жинайтын орталығымыз тұр. Сол жерде ғимараттарымыз, қораларымыз бар, адамдарымыз сол өңірден ірі қара жинайды. Ветеринар мамандарымыз бар. Шаруашылықтар ақша керек кезде бізге алып келеді, біз олардың малын қабылдап алып, Маңғыстауға тасымалдаймыз. Жылқы етін жергілікті шаруашылықтардан аламыз. Бірақ біздің өңір жылқы етінің сұранысын да жаба алмайды. Сол себепті, жылқыны да басқа өңірлерден алып келуге тура келеді. Жергілікті шаруашылықтар, шыны керек, қай мал етінің болса да, сұранысын жаба алмайды», – дейді ол.

Ет комбинаты сиыр етін қайдан алмақ?

Алдағы уақытта кәсіпкер өзге өңірлер үшін комбинаттың тартымдылығын арттырып, ірі қараны көптеп алу үшін барын салмақ. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан берілетін субсидия көмекке келеді дейді.

«Ет комбинаттарымыз үшін «Қолдау» арқылы субсидия сұраймыз. Жобаны жүзеге асырғанымыз үшін жобаның құнының бір бөлшегін үкімет қайтарып береді. Заң талаптарына сәйкес жобаның жалпы құнының 25 пайызына дейін, бірақ 150 миллион теңгеден артық емес. Бұл ретте егер біздің жобаның құны 1 млрд 21 млн теңге болса, 25 пайызы –  250 млн теңге. Заңға шектеу қойылғандықтан, 150 миллионнан артық бермейді. Оның өзіне де ризамыз.

Субсидия бойынша тағы бір айта кететін жайт, көп шаруашылықтар мал өсіріп, төлін алып, ет өңдеу кәсіпорнына тапсырғанда, кәсіпорынға сатқаннан бөлек, үкіметтен қосымша субсидия алады. Сол себепті Маңғыстау облысында бұған дейін мұндай кәсіпорындар болмағандықтан, басқа облыстар өңірге ет бергісі келмейтін. Қазіргі таңда кәсіпорынды аяқтап жатырмыз. Статус алғаннан кейін басқа өңірдің кәсіпорындары бізге малын тапсырып, өзгелер сияқты субсидиясын ала береді. Енді біздің нарық оларға қызық бола бастады», – дейді ол.

Басты мақсат – өңірдегі ет сұранысының 30 пайызын өтеу

Бүгінгі күні «Көркем әлем» кәсіпорны мұнайшы мекемелермен келісімге келіп, ет өнімдерін сонда өткізуде. Бұл ретте мұнайшылар еттің халал болуына аса мән береді, дейді кәсіпорын басшысы. Өнімнің халал болуы үшін мал сою ислам дінінің талаптарына сай жүзеге асырады.

«Бұқтырылған етті мұнайшыларға арнап жасадық. «Қазмұнайгазға» бағынышты еншілес кәсіпорнына қызмет көрсетеміз. Түнге шығатын қызметкерлерге арасында бұқтырылған еті бар құрғақ тамақ беріледі. Бірақ бұған дейін беріліп жүрген ет өнімдері наразылықтар тудырды. Жұмысшылар халалдығына күмән келтіргендіктен, біз осы тұста өзіміз үшін мүмкіндік көрдік. Жаңаөзен кішкентай қала. Жаман ет шығарып жатсақ, халал стандарттардан ауытқып жатсақ, олар бізге ашық айтады. Сондықтан  ашықтық саясатын ұстанып, сапалы ет өндіруді қолға алып отырмыз.  

Өнім халал болуы үшін дәстүрлі сою процесін қолданбаймыз. Қасапшы бісмілләсін айтып, бауыздайды», – деп түсіндірді ол.

Ет өңдеу кәсіпорны  алдағы уақытта сапалы сиыр етінің бағасын нарықтағы құннан асырмауға уәде берді.

«Жаңа технологиямен қауіпсіздік технологияларын енгізіп, арзан емес, қымбаттау мал алып, жоғары сұрыпты еттерді қазіргі бағамен шығару ойда бар. Қазір 2500-2700 теңге болса, біздің де бағамыз сол аралықта болады. Мақсатымыз Маңғыстау өңірінің сұранысын 30 пайызға дейін өтеу», – деп сендірді олү

Субсидиялау бойынша Маңғыстауға мүлдем бөлек көзқарас қажет

Темір Лесов Маңғыстау өңірінде мал шаруашылығы  саласын субсидиялау бойынша бірқатар олқылық барын жасырмады. Пікірінше, Маңғыстау климатын ескеріп, субсидия берудің жаңаша тәсілін жасау қажет.

«ҚР мал шаруашылығын субсидиялаудың заңнамаларына сәйкес, субсидиялардың көбі сиырға бөлінген. Бұрын шошқаға көп еді, қазір алып тастады. Мысалы мен БҚО-да, Қостанай облысында тұратын шаруашылық болсам, сиырым бар болса, бұқамен будандастырып төл аламын, асыл тұқымды сиырмен шатыстырғаным үшін де селекциялық жұмыстар үшін бір субсидия төлейді. Еркек мал шықса, оны ет өңдеу кәсіпорнынан тапсырсам, тағы да ауқымды субсидия төлейді. Бір бас бұқаға 80 мыңға дейін төлейді.

Бірақ Маңғыстау өңірінде сиыр бағу мүмкін емес қой. Ал мұндай субсидия басқа малдарға қарастырылмаған. Сондықтан Маңғыстау осы субсидиялардан құр қалып отыр. Бұл әділетсіздік. Басқа өңірдің шаруашылықтары сиыр бағып, сол үшін қомақты субсидия алып отырса, біз одан айырылып отырмыз. Сол үшін бізге сиыр емес, жылқы малына, немесе түрлі малдар арасында бөліп беру керек деп ойлаймын.

Асыл тұқымды бұқа жоқ бізде. Бізге деген көзқарас: маймыл, зебра,  піл мен қолтырауынды қатар қойып, бәріне талдың төбесіне кім шығады  деп тапсырма берген сияқты болып тұр. Біз де ондай субсидия алғымыз келеді, бірақ айырылып қалдық», – деді ол.

Айтолқын Адырбайқызы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.