Текеліде жол жөндемек болған екі бірдей мердігер ақшаны алып жоқ қылған

Текелідегі «Достық» шағын ауданындағы жол жөндеу мәселесі бітпейтін дауға айналғалы үш жылдың жүзі болған. Бір емес, екі бірдей мердігер шағын ауданның жолын жөндеу үшін ТКШ-дан қаражат алып, орта жолдан аяқтамай кеткен. Аталған жайт Бейбіт Исабаевтың тұрғындармен кездесуі кезінде мәлім болды.

«Достық» шағын аудынының тұрғыны Наталья Хабарованың сөзінше үш жылдан бері аудандағы 9 көп пәтерлі үйдің мыңдаған тұрғыны жол азабын тартуда. Үш жыл бұрын шағын аудан көшелерін жөндеу басталғанына қуанған тұрғындар бүгінде нәтижені көріп отырған жоқпыз дейді. Олардың қуанышының су сепкенбей басылуына, жөндеу жұмыстарын аяқтамай кетіп қалған екі бірдей мердігердің әрекеті себеп болған.

«Бізде бәрі жақсы болатын, жолымызда асфальт болған, маңайымыз аббаттандырылған еді. Ал енді үш жыл резеңке етікпен жүрміз, балалар сабаққа балшықты кешіп өтіп барады. Барлығы осы жолдың кесірінен. Бізде көбінесе зейнеткерлер өмір сүреді», – деп мәселені түсіндірді  ол.

Аталған мәселеден жергілікті шенеуніктер де хабардар болып шықты. Хабардар ғана емес, бұл аудандағы жол мәселесі биліктің «бас сақинасына» айналған екен. Себебі, шенеуніктерді екі бірдей шенеуніктер «тақырға отырғызып» кеткен.

«Бұл үй алаңдары 2020 жылдан бастап жасала бастаған. Мердігер компания жобаны аяқтаған жоқ. Қайтадан конкурс өткіздік. Ұтып алған компания да өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Келісімшарт аяқталған. Тапсырыс беруші ТКШ. Ол кездегі басшылар қазір онда жоқ», – деп түсіндірді Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ.

Алайда оның жауабы Бейбіт Исабаевтың қанағаттандырған жоқ. Әкім  Исабаев бұл жайттың барлығы мердігерлерге деген бақылаудың жоқтығынан екенін еске салып, жергілікті шенеуніктерге жағдайды жөндеуді тапсырды. Одан бөлек, ол өңірдегі проблемалардың дені адал ниетті емес мердігерлердің, одан қалса, мердігерлерді бақылауға ала алмаған шенеуніктердің кесірінен болып отырғанын қадап айтты.

«Бірінші мердігер онбаған болып шықты, екіншісі де дұрыс болмады. Не істеу керек еді? Уақыттан қалып бара жатқаны туралы хабарлама жіберу керек еді, артынша сотқа береміз. Ол болмаса, сот шешіміне сай барлық шығындарды мәжбүрлі түрде өндіріп аламыз. Ал олар оны істемеген. Неге екенін түсініп отырған шығарыздар, иә? Себебі олар үндемеуі үшін майлап қойған. Осылай ғой? Сол үшін олар үндемеген. Мұндай проблема барлық жерде орын алып отыр. Осындай мердігерлердің бәрімен соттасып жатырмыз. Болар іс болды. Бірақ 11 маусымнан бастап (Бейбіт Исабаев әкім болып келген уақыт – ред.) келісімшартқа отырған мердігерлермен ондай мәселе туындаған жоқ.

Себебі біз құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған уақыттан бастап, жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауға алып отырмыз. 30 пайыздық алдын ала төлемді жасаймыз, ай сайын не істелді, не істелмегені туралы есеп аламыз. Жұмыстар атқарылмады ма, он күнге кешіктің бе, бірден сотқа береміз. Тек осылай ғана. Мен бұған дейін де айттым, егер басшының қолы таза болса, онда ол талап ете алады. Ол заңды да, бәрін біледі. Егер ондай адам болмаса, онда уақытты созып, барынша ақталып жүре береді. Мұның салдары қандай болғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Не істейміз енді Алмас?», – деп сұрақты  төтесінен қойды ол.

Ал Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ қазіргі таңда бұл мердігерлерге қатысты сот болып жатқанын, жаңа конкурс жариялау үшін бюджеттен тағы 70 млн теңге бөлу мәселесі шешіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Қазір біз жаңа сметалық құжат әзірлеп жатырмыз. Ал бұрынғы мердігерлерден ақшаны өндіріп алу уақытты талап етеді. Қыс жақындап қалды. Келесі жылға қайтадан жасау керек. Сметалық жоба құны 70 млн теңге», – дейді ол.

Осы ретте Бейбіт Исабаев облыстық сот басшылығына жаңа адам келгенін және онымен осындай мәселелер бойынша пікірлескенін жеткізді.

«Құрметті Текелі қаласының тұрғындары. Бізде міне күні кеше ғана жаңа облыстық соттың төрағасы сайланды. Мен оны шақырып, оған осы мәселені ескерттім. Әкімдіктердің, тапсырыс берушілердің  сотқа қатысты келіп түскен шағымдары өте көп. Сот мұндай ісерді жылдап қарайды, іс Жоғарғы сотқа жетеді. Екі-үш жыл өтеді. Ол уақытқа дейін келісімшарт міндеттемелері де өзгереді, нарықтағы баға да өзгереді. Екінші жағынан әкімдік әрбір тиынға жауап беруі керек, жоспарлар орындалмайды. Осының арқасында қаншама проблема туындайды. Десе де, барлығы тапсырыс берушілерге байланысты. Олар өз міндеттемелерін өте жақсы біледі. Бірақ атқармайды. Сондықтан, осы мәселені шешейік, қажет болса облыстық сотқа жүгініңіз. Ұят қой. Біріншісі алдады, екіншісі алдады, болды ғой. Бұған дейінгі қателіктерді қайталамаңыздар. Қайталамау үшін ар-ұятыңыз таза, қолыңыз таза болсын. Киген пиджагыңыз қазіргідей клубқа киетін емес, жұмыс пиджагы болсын. Ертең сіз кетесіз, сосын тағы да айтып отырады. Шешеміз, соттасамыз. Бірақ нәтижеге қол жеткіземіз. Биылғы жылғы жағдай сот шешіміне байланысты болды. Әйтпесе болмайды. Біз қайта конкурс жариялай алмаймыз. Заң оған мүмкіндік бермейді. Ол компания банкрот болса ғана, қайта конкурс жасаймыз», – деген ол жергілікті дәрежедегі шенеуніктерді өз ісін адал атқаруға шақырды.

Айтолқын Адырбайқызы,

Жетісу облысы

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.