Түркістан облысы. 22 тамыз. /Айтолқын Күзербаева/ QOGAM-MEDIA.KZ –Кеше, 21 тамыз күні Түркістан облысы Отырар ауданында бір әулеттің 11 адамы суға кетті. Бүгінгі таңда 8 адамның денесі табылып, тағы 3 адам іздестірілуде. Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Мира Мүсілім оқиғаның қалай болғанын баяндады.
Әкімдіктің баспасөз хатшысының айтуынша, төрт ағайынды азамат отбасымен бірге тойдан қайтып келе жатқан.
«4 отбасы отбасылық іс-шарадан қайтып келе жатып, демалуға өзенге тоқтаған. Сол жерде олардың балаларының бірінің аяғы тайып кетіп, ондағылар құтқаруға ұмтылған. Олардың барлығы тойдан кейінгі киімде болған. Арнайы өзен жағасына суға шомылуға не демалуға бармаған», — деді ол.
Еске салсақ, қайғылы оқиға Отырар ауданы, Сырдария өзенінің жағасында болған. Бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері демалуға келіп, 11-і суға кеткен.
Тұрғындардан адамдардың суға батқаны туралы хабарлама кешкі сағат 18-дер шамасында келіп түсті. Шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ы ересек.