Түркістан облысы Сайрам ауданында ауа райының күрт сууы салдарынан бірқатар жылыжай жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Қатты суықтан жылыжайардың жылыту жүйесі істен шығып, жүздеген мың тонна қызанақ үсіп кеткен. Шаруалар бұған өңірдегі көмір тапшылығы себеп дегенді алға тартады. Мән-жайды agroqogam.kz тілшісі анықтады.
Биылғы қаңтар айындағы аяз оңтүстіктегі шаруалар үшін оңайға тимеді. Әдепкі жылы әрі қолайлы ауа райын алмастырған суықтың салдарынан бір емес, бірнеше жылыжайдың жұмысына нұқсан келді. Жүздеген тонна қызанақ үсіп кетіп, ысырап болуда. Тиісінше, жүздеген миллион теңге шығынға батты. Облыстағы Сайрам ауданындағы 4 гектар жылыжайы бар Сәдуақасов Нұржанның айтуынша, бұл жағдай олардың бизнесіне ауыр соққы боп тиген. Тіпті келесі жылы кәсіпті жалғастыруымыз екіталай деп отыр.
«Жылыжайымның жалпы көлемі 4 гектар. Соның екі гектарына қысқа мерзімді қызанақтар егіп, оны қысқа қарай жинап алғанбыз. Қалған 2 гектарына ұзақмерзімді, бағалы голландиялық сортын еккен болатынбыз. Біразы пісіп тұрған, біраз бөлігінен көктемге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырған едік. Өткен аптада, білесіздер, қатты суық бізге де келді. 9 қаңтарда 4,5-5 см-ге дейін қар жауып тастады. Одан 11-14 қаңтар аралығы 20 градусқа дейін аяз болды. Сол аязда біздің жылыжайдағы жылыту жүйесі істен шықты. Оған себеп өңірде көмірдің тапшылығы. Вагон жоқ дейді. Біз былтыр жылыту маусымында шамамен 2 мың тоннаға дейін көмір жаққанбыз. Ал биыл күн суық болды. Қазан айынан ертерек жаға бастадық. Оған қоса биылғы көмірдің сапасы да нашар. Біз мысалы қатты күн суықта күніне 20-30 тонна көмір жағып отырдық. Сапасыз, құм аралас көмір болғандықтан, ол қазандықтарға әсер етті. Сонымен қазандықтың бірін тоқтатуға тура келді. Әдетте жылыжайлар іші 15-16 градус болуы керек. Бір ғана қазандық болғандықтан 1-2 сағаттың ішінде 250-300 тонна қызанақ үсіп кетті. Ал өзіміз 150-200 млн теңге шығынға баттық», — дейді ол.
Қазіргі таңда жылыжай қызметкерлері тонналап үсіп кеткен өнімдерді далаға лақтырып жатыр. Бір өкініштісі, мұндай жағдайда шаруаларға көмек беретін мемлекеттік бағдарлама жоқ, дейді ол. Соның салдарынан олар кәсібін келесі жылы жалғастыра алуы екіталай.
«Енді мұндай жағдайдан кейін жылыжайды тоқтатуға тура келеді. Қазіргі таңда жылыту жүйесін толықтай қалпына келтіру керек. Жаңадан көшет алу керек, жұмыс күшін тарту керек. Міне, соның бәріне тағы да қосымша 80-90 млн-дай қаражат керек. Оның үстіне біз бұл жылыжайларды «Агрокредиттен» 1 млрд теңге несие алып жасағанбыз. Айына 150 млн теңге төлейміз. Әзірге жағдай қалай болатыны белгісіз. Олар келіп, көзімен көріп кетті. Қандай шешім шығаратынын көреміз.
Жалпы бізде оңтүстікке биыл қызанақпен жағдай мәз емес. Түрікмендердің арзан 200-300 теңгелік өнімдері келген. Бізде мұндай баға еш уақытта болған емес. Біздің қызанақтардың өзіндік құнының өзі 400-450 теңгеге шығады. Сонда бұл өз кәсіпкерлерімізді орға жығу. Былтыр дәл сондай жағдай қиярмен болған. Ираннан арзан қиярлар келіп, біздің отандық шаруалардың қанша өнімі өтпей қалған.
Себебі оның өзіндік құны арзан емес, Ал биыл ешкім қияр екпей, нәтижесінде биыл кемі келісі 2000 теңге базарда. Сонда біздің азық-түлік қауіпсіздігіміз қайда қалды? Оңтүстіктегі жылыжайлар жайы не болады? Осылай бәріміз жабылып қалсақ, онда көкөністерді кім өсіреді. Түйткіл көп», — дейді шаруа.
Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл жағдайдан соң жергілікті шенділер мен жауапты тұлғаларға шүйлікті. Ол «қыс маусымына 100 пайыз дайынбыз» деп есеп берген қоластындағыларға арнайы жиында қатаң ескерту айтты.
Айтолқын Адырбайқызы,
Agroqogam.kz