Түлкібай Маханбетәлиев — Қызылорда облысындағы балықшылар мекен ететін әйгілі Арал ауданының тумасы. Бүгінде ауыл ақсақалы Тастүбек елдімекенінде тұрады. Өмір бойы түйе бағып, балық аулаумен айналысқан кейіпкеріміз ауылдың тұрмыс-тіршілігі, тынысы туралы айтып, qogam-media.kz тілшісін біраз жайттан қанық етті. Толығырақ материалымыздан оқи аласыз.
Арал теңізінен 90 шақырым қашықтықта жатқан Мергенсай ауылдық округіне қарасты Тастүбек ауылында Кеңес үкіметі кезінде ауылда балық аулау кәсібі өркендеп, ауыл балықшылар колхозы ретінде дүркіреп тұрған. Ауылдың бүгінгі өмірі қандай? Осы сауалды Түлкібай ағаға қойдық. Айтуынша, бүгінде жастар арасында ата кәсіпті жалғастырып, Арал теңізіне баратын балықшылар көп-ақ. Жастар арнайы қайық сатып алып, теңізден аулаған «олжасын» қабылдау орындарына өткізумен айналысады.
«Ауылымыз шағын. 32 үй, 350 адам бар. Ауылда негізінен жастар. Қарттар қалмады. Ең үлкені мен, тағы менімен қатарлас бір-екі замандасым бар. Жастар жағы талпынып, жағдайын жасауға барынша тырысып-ақ бағып жүр. Бұдан он жылғыдай емес, қазір жаңа үйлер бой көтеріп келеді. Медпункт көрші ауылда ғана бар еді, жақында медпунт ашылып, жақсы болып қалдық. Бірақ жұмыс жағы қиындау. Халықтың басты кәсібі – әлі де балық аулау. Көбісі үкіметтен тендер алып, кәсібін заңдастырып алған. Сөйтіп, жағдайын жақсартып үй салды дегендей…», — дейді ол.
Дей тұрғанмен, биыл балықшылардың жағдайы мәз болмай тұр. Мұны да Түлкібай ағаның аузынан естідік. Себеп – Аралда балық жоқ, дейді ол.
«Биыл балық болмай жағдай қиын болып тұр, халықтың жағдайы нашарлап кетті. Көктеменің кезінде балықшылардың лай балығы дұрыс болмай, балықшылардың күйі болмай тұр. Қазір бәрі әкімшіліктен жұмыс сұрап жатыр. Теңізде балық жоқ. Балықпен күн көріп, халық нәпақасын тауып жүр еді. Азын-аулақ табыс табатын еді, биыл дым қалмады», — деп баяндады кейіпкеріміз.
Оның үстіне қымбатшылық жығылған халыққа жұдырық болып тиіп жатыр.
«Аралдың суы тартылып, сүзіліп, күйі кетті. Халықтың жағдайы да қиындап бара жатыр. Қымбатшылық. Жастар жан-жаққа қобырағысы келіп тұр», — деді ол.
Түлкібай ағаның сөзінше, құмды, жері тұзды ауылда малдан тек түйе ұстау ыңғайлы. Жазбен бірге «жарыса жететін қуаңшылық» мұнда жылқы мен сиыр малының өсіп-өнуіне мүмкіндік бермейді. Әсіресе алдыңғы жылдары болған қуаңшылықтың себебінен халық қолындағы бар жылқысын сатқан. Мұнда түйесі жоқ үй кемде-кем дейді. Ал Маханбеталиевтер отбасы 20-дан астам түйе ұстап, шұбатын сауып, кәсіп етіп отыр.
«Шұбат қазір сұранысқа ие. Таза, сапалы болса, неге алмайды?! 1,5 литрін мың теңгеден өткіземіз. Төретамға пойызға салып жіберемін. Олар алып тағы өздерінің клиенттеріне өткізеді… Сөйтіп қолдан қолға жүре береді. Мен өзім тап-таза күйінде беремін. Ары қарай білмеймін», — дейді отағасы.
Бүгінгі күні ағамыздың үйінде 6 түйе сауылады. «Түйені сауып жайғайтын үйдегі жеңгелерің. Мен ботасын ұстасып, жіберісіп тұрамын» деп шынын айтты ақсақал. 6 түйенің әрқайсысы бір сауғанда 3 литрден, күніне барлығы 6 литр сүт беретін көрінеді. Түйенің жақсылығын көріп отырған ауыл тұрғыны «жылқыдан гөрі біз үшін бағалысы – түйе», дейді ағынан жарылып.
«Түйе момақан, қысқа төзімді, өте сабырлы мал. Мінсең көлік, саусаң сүт, сатсаң ақша, жесең ет. Кішкентай күнімнен көргенім түйе. Былтыр бізде қуаңшылық болғанда ешкі санын азайтып алдық. Шамалы жылқым мен қойым ғана бар. Қазір өрістен келеді. Тек түйеге ғана қарап тұрмыз. Шөпті Ақтөбенің аумағынан сатып алып тұрамыз. Былтыр күн райы жақсы болып еді, биыл қайтадан қуаңшылық болып қалды. Былтырғы шөбін мал әлі жеп жатыр. Түйе суға да шыдамды. Бір жетіге дейін сусыз жүре береді. Қыста қар қалың болып жатса, қолда тұрады, қар қалың болмаса теңіздің жиегінде, жыңғылдың арасында жайылып жүре береді», — дейді ол.
Сонымен бірге әңгіме барысында Түлкібай аға таза шұбатты қалай білуге болатынын айтып берді.
«Су қосылған шұбат сылдыр болады. Дәмі де дұрыс болмайды. Оны таза шұбат ішіп өскен біз бірден білеміз. Таза шұбат дәмді, қою, көпіріп тұрады. Су қосқан шұбат көпірмейді», — деді.
Сүтінен бөлек, бүгінге түйенің жүні де сұранысқа ие. Түйенің жүнін арнайы қабылдап, бір келісіне 1000 теңгеден береді екен. Дегенмен, ауыл тұрғыны бұрынғыдай тоқыма кәсіпорындарының жоқтығынан түйенің таза жүнін ары қарай қалай кәдеге жарататынынан бейхабармыз деп отыр.
«Бұл жүнді кім, қайда алып кетіп жатқаны түсініксіз. Түркістанға әкете ме, Қытайға алып кете ме, оған көзіміз жетпейді. Түйенің терісін тастаймыз. Қытай болса жаратар еді, қазір оны ешкім жаратып тұрған жоқ. Ал біздің тірлік осы. Осылай тіршілік етіп жатырмыз. Бастысы, еліміз аман болсын», — деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Айтолқын Адырбай,
Qogam-media.kz