Суға бөлінген 331 миллион теңге қайда?

Алматы облысы бөлінбей тұрып көтерілген Бөлексаз ауылындағы су мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. Ауыз суға жарымаған халық су алу үшін сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Облыс әкімімен кездесу кезінде Кеген ауылының тұрғындары миллиондап қаражат жұмсалған ауыз су жүргізу жобасы неге толық іске аспағанын сұрап, дал болды. Сұлтанғазиев болса, бұған мердігерлер ғана жауапты екенін алға тартты, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылына 2020 жылы су құбырын жүргізуге 331 миллионнан астам қаражат бөлінген. Алайда бір жарым жылда шешілуі керек шаруа төрт жыл бойы шешілмепті. Тұрғындардың айтуынша, ауылда су бұдан отыз-қырық жыл бұрынғыдай кестемен беріледі. Таңертең сағат 8:00-9:00 аралығы мен түстен кейін 16:00-17:00 аралығы. Су проблемасынан әбден зарыққан халық әкімге бір емес, бірнеше мәрте проблеманы қайталауға мәжбүр болды.

«Басты мәселе – су. Үш жылдан асты, Батталов бар кезде басталған әңгіме. Сіз осыны тыңдап отырған — үшінші әкімсіз. 95 пайызы бітіп тұр дейді, бірақ бітіп тұрған жоқ. Кім ондай ақпарат бергенін білмейміз. Қыруар ақша бөлініп жатқаннан кейін, биыл халық сізден аяқтап беруіңізді сұрайды», — дейді ауыл ақсақалы Азат Тауханұлы.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Дәулет Жұмағазиздің сөзінше, халық түске дейін үш сағат, түстен кейін үш сағат су колонкасында кезек күтіп телміреді.

«Таңертең ерте түске дейін үш сағат,  түскен кейін тағы судың кезегінде тұрамыз. Сенбі жексенбіде оқушылар, қыз-балалар жуынады. Ол күндері мүлдем су аламын деп ойламай қойыңыз, малдас құрып алты сағат күтіп отырамыз. Құдайдан сұраймыз, бітіріп беріңдер», — деп жанайқайын айтты ол.

Марат Сұлтанғазиев бұл мәселе бойынша жауапты мердігер екенін және атқарушы органдар мердігерді сотқа бергенін жеткізді. Сот шешімі бойынша мердігер биыл маусым айына дейін су құбырын толықтай аяқтауға міндеттелген.

«Бөлексаз бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуға тиіс еді. Мердегірдің кесірінен аяқталмай қалды, 2023 жылдың маусымына дейін аяқтауға міндеттелген, енді болмаса, құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс жасаймыз», — деп жауап берді шенеунік.

Айтуынша, егер биыл мердігер межеленген кезеңде жобаны аяқтамаса, шенеуніктер оған қатысты қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болмақ.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.