Шаруалар шығынының шарықтауы немесе көктемгі кризис

Энергетика министрінің мәлімдеуінше, соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70% пайызға артқан, ал дизель отынын шығаруда еліміз рекордтық көрсеткішке жеткен. Дегенмен, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин 205 теңгеге дейін, яғни 11 пайызға, дизель отыны 295 теңгеге дейін, яғни 20 пайызға қымбаттайды. Демек диқандар егістік жұмыстарына кіріскен кезде табатын пайдасынан гөрі шығын құны өседі. Соның салдарынан азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің де бағасы шарықтап, қарапайым шаруалар мен халықтың әлеуметтік жағдайы одан сайын төмендейді деген сөз.

Елімізде жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңделеді екен. Соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70%, яғни 3 млн-нан 5 млн-ға дейін, дизель отыны 30 пайызға, 4 млн-нан 5,2 млнға дейін өскен. Алайда дизель отынын шығару бойынша рекордтық көрсеткішке жетсек те диқандарды әдеттегідей көктемгі кризистен сақтандыра алмай отырмыз.

Бұл мәселенің ар жағында транзиттік көліктердің ағыны тұрса, шетелдік транзиттік көліктер тұтынатын дизель көлемі мен экспортты неге шектемеске? Жанармайы арзан он елдің қатарына кіреді екенбіз, неге баға диспропорциясын реттемеске? Сырттан пайда табамыз деп неге ішкі нарық зиян шегу керек? 2018-2022 жылдары Қазақстанда дизель отынының бағасы 29,2%-ға, басқа елдерде 75%-дан астамға қымбаттады деген сияқты статистиканы айтқан кезде, салыстырмалы түрде басқа елдердің табиғи ресурстары мен біздің елдің мұнай қорын неге негізге алмасқа?

Мәселен, өткен жылдарды салыстыратын болсақ,  Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны, мұнай экспорты – 67,6 млн тоннаны, өңдеу көлемі – 17,1 млн тоннаны  құраған. Қырғызстанда 2021 жылы 275,6 мың тонна шикі мұнай өндірілсе, Өзбекстан 2021 жылы 2,7 млн тонна мұнай өңдеген. Қазақстан аумағында 200-ге жуық мұнай және газ кен орындары бар екенін ескерсек, мұнай қорының жалпы көлемі 11-12 млрд тоннаға бағаланады.

Бірақ бағалауды білетін ведомства бағаны реттеудің механизмдерін білмейтіні өкінішті. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Статистикадан нақты қадамдарға көшіп, диқандарға дер кезінде тиісті қолдау көрсетілсе, ауылшаруашылық саласынан экономикаға пайда көбірек болар еді. Дегенмен артқа тартатын факторлар көп өкінішке орай.

Маржан Абиш,

Астана

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.