Сарыағаш тұрғыны құлпынай өсірудің қазақша технологиясын ойлап тапты

Түркістан облысы Сарыағаштың құлпынайы бүтін өңірге таныс. Бұл ауданда тіптен тек құлпынай сататын бірегей базар бар. Ал кей диқандар құлпынай өсірудің ерекше қазақи технологиясын ойлап тапқан. Солардың бірі – Нұржан есімді шаруа, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Сарыағаш бүгінде құлпынайдың отаны дерсің. Мұндай диқандар құлпынай сортының түр-түрін өсіреді. Ал кейіпкеріміз Нұржан Мұталхан 5 сотық жерден 8500 түп құлпынай өсіріп, маусымына миллиондап табыс тауып отыр.

Нұржанның айтуынша, құлпынай өсіру ісіне ол 5 жыл бұрын ден қойған. Десе де, өмір жолында диқаншылықтың алар орын бөлек. Себебі бұған дейін сарыағаштық тұрғын жылыжайда қияр, қызанақ өсірумен айналысыпты. Жылыжай ісінің қыры мен сырын бір кісідей білетін ауыл тұрғыны құлпынай өсірудің басқа бау-бақша өнімдерінен артықшылығы мол екеніне сенімді. Тіпті бұған көз жеткізу үшін миллиондаған қаражатын да сарп еткен.

«Бұған дейін қияр да, қызанақ та егіп көрдім. Шығыны көп, тәуекелі мол іс болған. Алайда нарықтағы бағаның түсіп кетуі салдарынан одан 100 млн-нан астам ақшаға минусқа кірдім. 2008-ден 2017 жылға дейін ектім. Пайда көрген уақытым да болды. Бірақ кереметтей табысқа шыққан жоқпын», – дейді тәжірибесін бөліскен шаруа.

Ал құлпынайдың бұл тұста шығыны да, тәуекелі да айтарлықтай көп емес, дейді ол.

«Бір рет көшет егіп қоясың өзі өсе береді. 5 сотық жерге 8500 түп құлпынай ектім. Әр түп 1 кг береді. Аз дегенде, тіпті жоқ дегенде 300 гр береді. Күзде ексең қыста, қыста ексең көктемде береді. Қазір құлпынай бизнесіне сұраныс та көп, нарықтағы бағасы да жақсы. Көтерме бағасы 5000, ал бөлшектеп – келісіне 6000-7000 теңге, тіпті 15 000 теңгеге дейін барады. Жазда 3500-1500 тг, қазір 5000-нан жоғары», – дейді ол.

Құлпынай өсірушілер көп-ақ. Алайда Нұржан аға тәтті жидекті өсірудің өзіндік технологиясын ойлап тапқан. Ол ағаш сатыларға қара целофанға малдың тезегін салып, оған түрлі дәрумендер жіберіп, соның үстіне барып көшетті отырғызады. Сонда құнды жерге өскен өнім табиғи таза, құнарлы болып өседі.

«Италиялық клери сортын таңдап ектік. 15-20 соттыққа егетін түпті осы 5 сотқ жерге егіп отырған жайымых бар. Қара пакетке малдың тезегі мен күріштің қабығын араластырып салдым. Астына су ағатын жерін шиферден жасадық. Екі үш ай ойлап, қырқып, деңгейлерін есептеп шықтым. Мұның бәріне бастапқыда 8 млн ақша кетті», – дейді диқан.

Тәтті бизнестен жылына 15-18 миллион ақша табамын деп сендірді Нұржан. Айтуынша жылыжайды кез келген адам, кез келген өңірде осы технологиямен салуына болады. Тым болмағанда 8 млн табыс табуға әркімнің мүмкіндігі бар дейді ол.

«Ішкі температура күндіз 25-30, түнде 10-15 градус болса жақсы. Газбен, көмірмен жылытамыз. Айына 5-6 тонна  көмір кетеді. Астындағы еден жылынатын етіп жасалған. Суғару процесі бір айда бір рет, екі жүз, үш жүз грамм су болса болды. Тамшылай суғару. Бір тұқым екі жылға тұрады. Одан кейін көшеттерді, ішкі көңіне дейін ауыстыру керек. Шаппайсың, арам шөптерін термейсің. Жұмыс жеңіл, ойнап жүріп қарауға болады», – дейді ол.

Айтуынша, тәтті жидек піскен кезде Сарыағашқа өңірдік түкпір-түкпірінен жүк көліктері ағылып, кезекке тұрады.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.