Сарқандағы қызылша өсірушілер: «Көксуға он мың тонна қызылшаны тасу – қиял»

Жетісу өңірінің қызылша өсірушілері облыс әкіміне шағымданудан жалығар емес. Бұған дейін Алакөлдің диқандары шығындарымыз өтелмейді деп ренішін білдірсе, бұл жолы Сарқан ауданының егіншілері Исабаевқа Көксу қант зауытына шикізат тасымалдау машақатты іс екенін жеткізді. Өңір басшысымен кездесу кезінде жергілікті шаруалар өз уәжін айтты, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Сарқан ауданы – облыстың қызылша егетін аймақтарының бірі. Биылғы жылы 1,2 мың гектар алқапқа қант қызылшасын себу жоспарланып отыр. Десе де, бұл салада еңбек етіп жүрген шаруалар наразы. Олар аудан биыл қайта жанданатын Ақсу қант зауытымен емес, 250 шақырым жерде орналасқан Көксу қант зауытына қызылша өнімін тасымалдау диқандарға ауырға соғатынын ашық айтты. Ал атқамінерлер болса, Көксу қант зауытымен келісімшартқа отырғанын, Ақсу зауытының сұранысын шикізатпен өтей алмайтынын айтуда.

«Әбылқасымов» шаруа қожалығының басшысымын. Бүкіл Сарқан ауданы қызылша егушілерінің атынан келіп отырмын. Өз басым биыл жоспарлап, Ақсу зауыты істеп кетсе, он мың тонна қызылша өткізсем деп қамданып, 400 миллион теңгеге техника алдым. Себетіні бар, қазатыны бар. Ал енді сөзіңізді естігеннен кейін, сонау Көксуға он мың тоннаны тасу маған қиял боп отыр. Көксуға дейін шамамен 250 км жол жүру керек. Жиырма күн қазғанда, күніне бес жүз тонна өткізіп отыруым керек екен. Жалғыз мен емес, барлығы да осындай күйге түсіп отыр. Көктемде олар да қызылша еккісі келеді», – деді Қарабөгет ауылдық округінің тұрғыны Әбылқасымов БАЛТАБЕК.

Десе де Бейбіт Исабаев оның бұл айтқандарына өзінің уәжін айтты. Оның сөзінше, былтырғы статистика бойынша Сарқан ауданы қызыша егушілері қант зауытының сұранысын өтей алмаған.

«Былтыр Сарқан бар жоғы 15 мың тонна қызылша өткізіпті, ал 15 мың тонна деген қызылша Ақсу қант зауытына бір күндік, жарты күндік жұмыс. Биыл зауыт тек қана қант құрағын өңдеумен айналыспақ. Қызылшаны өңдеуге өту үшін 40-45 күн қамданады. Жабдықтарды қайта жабдықтаудан өткізіп, әзірленеді. Сонда сіздің он мың тоннаңыз, яғни бір күндік жұмысы үшін бәрін жиын қойып, қырық күн «калошын» қайта киюі керек пе? Әр нәрсенің қисыны болады. Қанша миллион ақшаға техника сатып алып отырғаныңыз, он мың тоннаға жуық өнім аламын деп отырғаныңыз жақсы. Рахмет. Сіз сияқты бес алты қожалық бар шығар. Бірақ дәл қазір екі қант зауытының қызылшаға деген сұранысын былтыр біз бар-жоғы жиырма мың тонна ғана қызылшамен қамтыдық. Бүкіл облыстың өнімі Көксу зауытыны үш айлық қана жұмыс болды. Қалған тоғыз ай не істейді зауыт, босқа тұрмас үшін ол қант құрағымен жұмыс істейді. Сөйтіп былтыр елу мың тонна қантты тек қана қант құрағынан өндірді. Біз айқайлап, шулап, облыс бойы қызыша деп жүріп, жиырма-ақ мың тонна өткіздік. Биыл Көксу қант зауыты 70 мың тонна қант құрағын өткізбек. 4,2 мың гектар жерге былтыр ектік, 183 мың тонна жиналды. Биыл екі есе жерге егеміз деп отырмыз, одан 250-300 мың тоннаға жуық өнім аламыз ба деп отырмыз», – деген Исабаев мұндай өнім үшін Ақсу қант зауытына жүктеме берудің логикалық, экономикалық қисыны келмейтінін жеткізді.

Сондай-ақ Исабаев Ақсу зауытына өнім өткізу үшін зауытқа шаруалардан кемінде 150 мыңнан кем емес өнім түсуі керек.

«Тым болмағанда үш торт ай жұмыс істеуі керек. Сонда тиімділік, экономикалық рентабелділік дұрыс болады», – дейді ол.

Ал облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанұлының сөзінше, әкімдік Көксу қант зауытымен келісімшартқа отырған. Ссоған сәйкес зауыт шаруаларға тұқымды тегін береді және көктемгі дала жұмыстарына гектарына жүз мыңнан береді. Сонымен бірге тоннасына бес мың тоннадан тасымалдауға да береді.

«Жұмыс дұрыс жүретін болса, 24-25 жылға қарай біз егіс алқабын 15 мыңға дейін үлкейтеміз. Осы өңірге ол келер жылдан бастап қабылдануы мүмкін», – деп сөзін түйіндеді әкім орынбасады.

Жиын нәтижесінде шаруаларға жеңіл болу үшін Әлібек Жақанұлы екі ортаға өткізу қабылдау бекетін ашу жөнінде Көксу қант зауытына ұсынып тасталатын болып келісілді.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.