Сәуірдегі қар «бесқонақ па?»

Бірнеше күн бұрын еліміздің солтүстік өңірлерінде жауған қар Жетісу, Алматы облыстарына да жетті. Бүгін Талдықорғанда, Алматының тау жақ аймақтарында қар жауып, күн райы құбылып шыға келді. Ауа райының бұл құбылысын халық арасында «Бесқонақ» деп атайды. Расымен, де күннің бұлай бұзылуы «бесқонақ па»? Agroqogam.kz тілшісі анықтап көрді.

Қазақ халқында ежелден келе жатқан ауа райының халықтың болжамдары өте көп. Солардың бірі – «бесқонақ».

Жыл сайын сәуір айының ортасына қарай күн күрт суытып, қатты жер тұрып, жаңбыр жауып жататыны белгілі. Ал биыл Астанада тіптен қалың, омбы қар жауып, бұл қар еліміздің оңтүстік өңірлеріне ойысты. Бұл кезеңді халық «бесқонақ» келді деп қуанып жатады. Себебі, қалыптасқан түсінік бойынша сәуірдің ортасы жауын-шашынды болса, алдағы жаз соғұрлым жайлы, жауынды болып, егін бітік шығады, шөп жүйгін болады. Ал керісінше, сәуір жауын-шашынсыз өтсе, онда алдағы жаз ыстық, құрғақ болуды бек мүмкін.

«Бесқонақ» әр өңірге сәуірдің әр күні келуі мүмкін. Еліміздің батысында «бесқонақ» 13-18 сәуірде келсе, солтүстікте тіптен ерте – 8-18 сәуір аралығында болуы мүмкін.

Бұл құбылыстың «бесқонақ» деп аталуын зерттеген ғалымдар мынадай аңызды назарға ұсынады:

«Баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді “бесқонақ” деп аталып кеткен».

Ал белгілі ғалым, этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазіргі ауа райының күрт сууы «бесқонақ» емес, «от амалы». «От амалы» жыл он екі ай амалдарының бірі. Бұл кезеңдегі ауа райына қарап халық алдағы жаздың қалай болатынын болжаған.

«Биылғы жыл жалпы алғанда жаңбырлы болады, бірақ тамыз, маусым айларында қатты ыстық болады. Арасында амалдар кірген кезде ғана жаңбырлы, ауа райы салқын болып тұрады. Биылғы көктем салқын болады. Маусымға дейін күн қатты ысымайды», – деп пікір білдірді академик.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.