Әлі күнге дейін көмір жағып отырған көпқабатты үйлердің жайын естіп, Сұлтанғазиев таң-тамаша болды.
Шонжы, Есік және Талғар ауданындағы көпқабатты үйлерде тұратын халық пәтерінде көмір жағып, үйін жылытуда. Бұл туралы Ұйғыр ауданы халқымен кездесуде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті. Сонымен бірге арам ниетті мердігерлерге тосқаыл қою үшін әкім видеомониторингті қолға алғанын хабарлады, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.
Кездесуге келген Шонжы тұрғыны елдімекендегі көмір жағып отырған көпқабатты үйлергегаз тарту мәселесін көтерді.
«Шонжыдағы көпқабатты үйлер көмір жағып отыр. 4 этажды, осындай 32 партия үй бар. Бізге газ әлі кірген жоқ. Сол мәселе қалай шешіледі? Жеке-жеке кіргізуге рұқсат бере ме?», — деп сұрады ауыл тұрғыны. Одан бөлек тұрғын Шонжыдағы жасалған жолдардың сапасына да наразы екенін жеткізді. Айтуынша, жолдар өте тар әрі тротуарсыз.
«Шонжыда көшеде асфальт жасалды, өте тар жасалған. Мен өзім ойлаймын. Асфальт жасауга ЖСҚ жасалса, онда тротуары да бәрі жасалуы керек. Көшелерді өте тар жасаған. Онда адамдар жүру мүмкін емес», — деді ол.
Бұл ретте Сұлтанғазиев көшенің сапасы жоғары деңгейде болуы керектігін еске салды.
«Әсіресе, үкіметтен, бюджеттен ақша бөлініп жатқан соң қадағалау қажет. Қазір тек бұл ауылда ғана емес барлық жерде осы проблема бар. Не жол жоқ, жол болса, ол сапасыз жасалынған. Сол себепті біз осы бағытта жұмыстарды бастап кеттік. Енді видеомониторинг қоюға көштік. Әр салынып жатқан көшелердің үстінен бақылау жүргіземіз. Мұндай жұмыстардың бәрін облыс өзі қадағалауға үлгермейді. Ақшаны облыс бөлетіндіктен, ауданның оған қатысы жоқ сияқты жүреді. Қазір ондай ішкі жолдаодың бәрін ауданға үлестіріп береміз, аудан өзі қадағалап, мердігері анықтап, бақылайды», — деді ол.
Аудан атқамінерлері тұрғынның газификация мәселесіне қатысты сауалына жауап берді.
«Негізі Шонжы ауылында 30 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 17-сі үйге жылу жүйесін жүргізуді жоспарлап отырмыз. 30 үйдің газификациясымен «Азия транс Шонжы» деген мекеме бар, сол айналысады. Мұнда 5 мыңға жуық абонент бар. Оның екі мыңнан астама ғана газ қосқан. Орталықтың әкімшілігі халықпен бірлесіп қосу жұмыстарын жандандыру керек. Қосылуға болады. 17 үйді наурыз айынан келесі жылдың қазанына дейін қосамыз. Жобасын жасап, қалған 13 үйге ол одан арғы жылы қосылады»,- деді ол.
Десе де бұл жауап әкімді қанағаттандырмады.
«Халықты алаламай барлығына қостырыңыздар. Ол қалай ол болады?! 30-ын түгел жасаңыздар. Келесі жылы бітірейік. 17 емес 30-ын алсын. Бұл проблема Есікте де, Талғада бар. Көпқабатты үйлерде халық пәтеріне кіргізіп, жеке-жеке өздері көмір жағып отыр. Ол қалай?! Әділетті Қазақстан дейміз. Сол үшін осы тапсырмам. Назарға алынсын», — деді Сұлтанғазиев.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz.