Алматы облысындағы ауылдарды су басып жатыр (ВИДЕО)

Алматы облысы Жамбыл ауданында күннің жылуы мен жауын-шашын салдарынан аудан орталығы мен тағы бірнеше ауылды су басып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, көшелері су басқанына екі аптадай уақыт өтті. Алайда әкімдік тарапыпан тиесілі көмек көрсетілмей жатыр дейді тұрғындар. Agroqogam.kz редакциясына оқырмандар түрлі видеолар жолдауда.

Бұдан екі күн бұрын жауған жаңбыр Ұзынағаштың жағдайын қиындата түсті. Аудан орталығындағы бірнеше көшені су басты, ал тұрғындар аулаға кірген суды шелектеп шығаруға мәжбүр.

«Түнде, 18 ақпан күні Ұзынағаш елдімекенінде жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басты, тұрғындардың айтуы бойынша ешкімнен көмек жоқ, сумен өздері күресуде. Тағы қосатын болсам, бұл мәселені 2018 жылдан бері көтеріп келе жатырмын, бірақ оған ешкім құлақ аспады, енді сол үшін өздеріңіз көргендей зардап шегіп отырған адамдар көп, енді бұл мәселені шешу үшін не қажет?», – деп жазды аудан тұрғыны Жадыра Серікқызы.

Оның айтуынша, биліктен дұрыс көмек көрсетілмей жатыр.

«Бұл жағдай екінші апта болды. Билік көмектеспей жатыр десе де болады. Көрсетілсе де, қажетті деңгейде емес деп айта аламын. Адамдар өздері күресіп жатыр. Қазір аудан көшелеріндегі су деген сұмдық. Арық жүйелерін мүлдем жауып тастаған, қазір жоқ. Арықтар болса, мынадай су баспас еді ғой», – деп пікір білдірді ол.

Тұрғындар кешелі-бері көшедегі су үйіне кіріп кетпес үшін күндіз-түні тынбай далада жүр.

«Арық жасамайынша бұл жотаның суынан құтылу мүмкін емес. Өйткені менің де үйім су астында қалды. Қиындық көріп отырмыз. Ешқандай көмек жоқ. Бәріміз өзіміз үшін үйімізді судан тазартып жатырмыз. Таудан аққан су үйімізге кіріп, көшеміз де масқара болып жатыр. Әкімдік қайда қарап отыр? ТЖМ қайда қарап отыр? Бір көмегі тимеді. Көріп тұрып, қасымыздан зырылдап көліктерімен өтіп кете берді. Айтарға сөзім жоқ», – деді ауыл тұрғыны Гүлнар Тасмұратқызы.

Ал әкімдік болса, қазіргі таңда барлық күштік құрылым күндіз-түні су тасқынын болдырмау мақсатында жұмыс жасап жатқанын хабарлауда.

«Күннің күрт жылынуына байланысты ауданымыздың әр аймағында су тасқыны орын алуда. Тек аудан орталығында ғана емес, Қайназар, Сарыбай би, Қасымбек, Мыңбаев елдімекендерінде аулаларға су кіру оқиғасы тіркелуде. Аудандағы барлық күштік құрылым су тасқынын болдырмау, аулаларды судан тазарту жұмыстарын күндіз-түні жүргізуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Ерсін Жағыпаров бүгінде Ұзынағашқа баратын судың арнасы өзенге бұру жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда Ынтымақ ауылындағы тау жотасынан еріп, ағып жатқан тау суы Ұзынағаш ауылына барып жатыр. Сол себепті Ынтымақ ауылындағы арықты шамамен бір шақырымға жуық тереңдетіп, кеңейтіп, өзен арнасына бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арықты кеңейтіп, суды осы арнаға бұратын болсақ, Ұзынағаш ауылына су бару қаупі сейілетін болады. Жаз, күз айларында неге бұл жұмыстар жасалмады? Себебі күзде егін алқаптары суарылып болғаннан кейін арық каналдарының бәрі жабылған болатын. Қазір судың ағысы жауған қардан қатып, мұз үстімен, су арнаға сыймай, ағып жатыр. Сол себепті арық каналдарын тазалап жатырмыз», – деді ол.

Еске салсақ, осыдан бірер апта бұрын «Қазгидромет» синоптиктері көктем ерте шығатынын, сол себепті еліміздің бірқатар өңірінде, оның ішінде оңтүстік-шығыс аймақтарда қатты жауын жауу ықтимал екенін ескерткен.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.