Түркістан облысы Қазығұрт ауданында биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты жеміс-жидек мол өнім берді. Екі жылдан бері мұндай өнім көрмеген бағбандардың қуанышында шек болмаған. Алайда соған қарамастан, көптеген қожалықта жүздеген тонна алма ысырап болып, жерде қалған. Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің жоқтығы, жабдықталған қоймалардың болмауы, инфляцияның шарықтауы бау-бақша, оның ішінде алма өсіретін шаруаларды қаншалықты шығынға батырғаны туралы «Aqniet Agro Gardens» мекемесінің директоры және құрылтайшысы Құралов Нұрболат айтып берді, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
«Шаруалардың тасы өрге домалауы үшін тек мол өнім алу жеткіліксіз»
Биылғы жыл оңтүстіктегі мақта өсіруші ағайындар үшін ғана емес, сонымен бірге бағбандар үшін де оңайға соқпады. Нұрболат Құраловтың басшылығымен жұмыс істеп тұрған «Aqniet Agro Gardens» ЖШС бүгінде Қазығұрттағы ең ірі бау-бақшасы бар мекеме. Олардың бауы өте ауқымды – аумағы 500 гектар. Тиісінше, ірі бизнестің табысы да қомақты болуға тиіс еді. Алайда қожалық бірнеше жылдан бері шығынға ұшырап келеді. Бірнеше жылғы өнімсіздік, үсік жүру салдарынан тұралап қалған мекемені биылғы мол өнім де тығырықтан шығара алмапты. Мәселенің мән-жайын мекеме директоры әрі құрылтайшысының өз аузынан естідік. Нұрболат Құралов бүгінде басқарып отырған баудың тарихынан бастап, бүгінгі күнгі хал-жайын да кеңінен баяндап берді.
«Жалпы біздің қожалықты ағамыз Нұрлан Құралов 1999 жылы «Амангелді» ЖШС атауымен ашқан. Кейін 500 гектар жерге бау-бақша екті. Бастапқыда жүз гектар жүзім, алма, алмұрт, қара өрік, шабдалы, шие ектік. Одан бөлек тәлімбағымыз бар. Кейін ребрендинг жасап, 2021 жылы Aqniet Agro Gardens деп атала бастадық. Содан бері мен басшылық етемін.
Жалпы, алма өсіру Қазақстанда 2014 жылы қолға алынып, мемлекет бұл бағытты қолдау үшін түрлі субсидия бере бастады. Біз де соның негізінде бау ектік, инфрақұрылым, тамшылай суару, қарқынды бау-бақша үшін субсидия алдық. Керекті техникалар мен тоңазытқышты алдық», — дейді ол.
Оның айтуынша, биыл жеміс-жидек өнімі соңғы үш жылмен салыстырғанда ерекше мол болған. Бұған дейін қатарынан 2-3 жыл бойы үсік жүру, ауа райының қолайсыздығы секілді факторлар себебінен жеміс ағаштары мүлдем өнім бермепті. Алайда мол өнім мәселенің бір ғана ұшы. Шаруалардың тасы өрге домалауы үшін тек өнімнің көп болуы жеткіліксіз. Мәселен, алыпсатарлық, көрші елдерден келетін арзан өнім, қайта өңдеу кәсіпорындарының болмауы шаруалар ісіне көп кедергі болған. Мұнымен қоса, өңірде жеміс сақтайтын қоймалар да жоқтың қасы, дейді ол. Алыпсатарлар көрші елдерден келген арзан өнімге қарай жүгіреді, ал біздің өндірушілер оларға баға жағынан бәсеке бола алмайды. Себебі тым арзанға берсе, жеміс өсіруге кеткен шығын өтелмей қалатыны анық, деп ойын өрбітті шаруа.
«Мысалы Қырғызстаннан алмалар 50-100 теңгенің арасында келеді. Былай қарасаң, базардағы баға барлық шығынды қосқанда, 200 теңгеден аспауы керек. Ал дүкенде 400-500, ең кемі 390 теңге. Ол нашар алмалар, жоғарғы сорттағы алмалардың бағалары 450-550 ден кем болған жоқ биыл.
Сондықтан бірінші проблема — көрші елдерден келетін арзан алмалар. Екіншіден, қоймалар жоқ. Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданы туралы ғана айтар болсам, мұнда біздің 500 гектарлық баудың қасында 250 гектарлық, 120 гектарлық, 50 гектарлық бақтар бар. Кішігірім 5-6 гектарлық бақтарды қоспағанда, мың гектарға жуық бау-бақша бар. Енді мың гектар бау-бақшаның өнімдерінің өзін сақтайтын қойма жоқ. Мың гектардан 6-6,5 мың тоннадай алма шықты. Оларды сақтайтын жер болмады. Өзіміздің 2000 тонна деп есептелінген қоймамыз бар, ол түрлі жемісті сақтауға арналған. 125 тоннадай ғана алманы сақтауға болады. Жүзімнің өзі 2000 тонна болды биыл. Алма 2400 тонна болды, соның 800 тоннасы жерде қалды», — дейді ол.
«Біз өз тауар өндірушілерімізді өзіміз өлтіріп жатырмыз»
Жүздеген тоннаның ысырап болуы қазақстандық алма өндірушері үшін нағыз трагедия. Қазіргі қымбатшылық қысқан кезеңде қолда бар «алтынды» сақтап қала алмай отырғанымыз өкінішті, дейді кәсіпкер. Ал дайын өнімді өңдейтін кәсіпорындардың аздығы мәселені одан бетер күрделендіріп отырға көрінеді.
«Дер кезінде қаражат болмай қалғандықтан уақытылы алманы тере алмадық. Бар өнімімізді арзанға сатқанның есебінен қаражат болмады, қаражаттың керекті мөлшері болмаған соң, жұмыс күшін тарта алмадық. Салдарынан 800 тонна алма жерде қалды. Жинағанымыз 1600 тонна. Жерге төгілген алманы да уақытылы теріп отырса, ол шірімей, тек ұрылатын еді. Оны өңдеу кәсіпорындарына өткізсе болар еді. Бірақ оны теріп, өткізетін өңдеу кәсіпорындары жоқ. Қазығұрт ауданында бір кәсіпорын бар. Оның өндірістік қуаттылығы сағатына 1 тонна, бір ауысымда сегіз-ақ тонна шығарады. Ал 800 тоннаны өңдеу үшін олар тоқтамай 100 күн жұмыс істеуі керек. Ол тек қана біздің бір мекеме. Ал бір ауданда бес мекеме бар. Бұл мүлдем қандай есеппен істелінген деген сауалдар өте көп», — дейді.
Кәсіпкер дәл осы дайын өнімді қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға назар аудару керектігін айтады. Себебі, көл-көсір табыс осы салады. Сол себепті субсидияны қайта өңдеуге бөлсе, бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз, деген ойын жеткізді.
«Субсидиялау мәселесін көтерген кезде, неге осы өңдеу мәселесін қолға алмаған? Үкімет қайта өңдеуді жолға қойып берсе, бұл сала дамыр еді. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіргенге қарағанда өңдеу өнеркәсібінен бірге-бір пайда түсіруге болады. Ол өте пайдалы жоба болар еді. Барлық жағынан.
Осыдан шығады. Жерде қалған алмаларды өңдеуге өткізгіміз келіп, өңдеу кәсіпорнына хабарластық. Олар жерге төгілген алманы 30 теңгеден аламыз дейді. Бірақ оны жинап, апарып бергенінің өзі 40 теңге болады. Біз пайда емес, керісінше 10 теңгеге ұтылар едік. Бізді баға көтермейді дейді, бірақ шын мәнінде амалдауға болады. Бұл ретте осы мәселеге де қатысты да субсидия ұсынылуы керек. Субсидияны осы салаға бөліп, 20 теңгені өтеп берсе, өте үлкен қолдау болар еді. Ондай абсурдты нәрселер өте көп. Қазір мен сияқты бау-бақша өсіретіндер шаршап жүр. Табыс алып келмегесін, не істейді? Тастайды бұл істі, сатады», — деді Қазығұрт кәсіпкері.
Біздің алмаларды экспортқа Ресей де алғысы келмейді
Нұрболаттың сөзінше, қазіргі таңда мекемеде алманы жоғары сапалы деңгейде сұрыптау жоқ. Себебі мұндай сапалы сұрыптауды жүзеге асыратын жабдық бағасы өте қымбат. Ал бұл, сайып келгенде алманы экспортқа шығаруға зиянын тігізуде. Мәселен қазақстандық алманы импорттайтын Ресей нарығының өзі біздің алмалардың сұрыпталу сапасына көңіді толмайтын көрінеді.
«Экспортқа жұмыс істеу керек. Экспортқа шығару жергілікті шаруаларға көп көмек. Бірақ экспорттау үшін маған сұрыптау жабдығы керек. Мен Мәскеудегі алыпсатарлармен байланыстамын. Олар бізден алып, Мәскеудің супермаркеттеріне өткізеді. Мысалы биыл алманы Мәскеуге екі жүк көлігіне артып, жөнелттік. Бірақ біздің алмалар олардың көңілінен шыққан жоқ. Олар Еуропадан әкелінетін, сапалы сұрыптау жабдығы арқылы іріктеліп алынған алмаларға үйреніп қалған. Бастапқыда бір келісін 350 теңгеден алуға дайын болды. Бірақ сапасын ескеріп, 21 пайыз арзандатылған бағамен келісін 270 теңгеден алды. Ал сұрыптау жабдығы арзан дүние емес. Сапасы жақсы италиялық жабдықтың бағасы 400-500 мың доллар. Оны алуға біздің қалтамыз көтермейді. Несиеге алайық десек, 2015 жылы қойма салу үшін несие алып қойғанбыз. Оның қарызы әлі толық өтеліп біткен жоқ. Оның үстіне 2019-21 жылдары үсік қатты жүрді. Бүкіл баудың тоқсан пайызы үсіп кетті. Жүзімнің отыз пайызы ғана қалды. 2020 жылы қатты үсік жүрмесе де, өнімділік төмен болды, 2021-де үсіп кетті», — деген кәсіпкер бау-бақшаны бабында ұстап тұруда айтарлықтай күш пен қаражатты қажет екенін еске салды.
Мәселен, тек бір жылда бағбандар бір гектар жерге 500 мың теңге жұмсайды.
«Өнім болсын болмасын, бір гектар жердегі бауды өз бабында ұстап қалу оларды күту керек. Бізде 500 гектарға 250 млн теңге кетеді. Алдыңғы үш жылдағы өнім мәз болмады. Салдарынан 2022 жылы қаражат қалмады бізде. Мен қолға алып, инвестор тарттым, қаражат тарттым. Бірақ өте қиын. Өнім көп болған соң баға да төмен болды, өңдеу болмаудың салдарынан қанша алма шіріп кетті. Инфляцияның шарықтауының себебінен алма бағасы орта есеппен 200 теңгеге айналып жатыр.
2020 жылмен салыстырар болсақ, ол кезде жұмысшылардың бір күндік жұмыс ақысы 3000 теңге еді. Ал қазіргі таңда минималды сома 5000 теңге деп бекіттік. Айына бір жұмысшыға шамамен 150 мың төлейміз. Қазіргі қымбатшылықты назарға алсақ, бұл да өте аз. Соны төлеуге тырысамыз. Соғыс басталды. Бұл да үлкен фактор. Одан бөлек, жарық, су қымбаттап жатыр, барлық препарат 3 есе қымбаттады. Ішкі бюджет тапшылығына осы себеп. Нарық бағасының төмендігі, шығындардың көптігі әсер етіп осыған әкелді. Биыл жұмыс істейтін шығармыз. Бірақ келесі жылы бұл жоба жабылуы мүмкін. Осылайша, біз өзіміздің тауар өндірушілерімізді өзіміз өлтіріп жатырмыз ғой», — деп ренішін білдірді Құралов.
Кәсіпкер Қазығұрттағы ең ірі бау жұмысын тоқтатса, онда жұмыс істейтін жүздеген тұрғын жұмыссыз қалатынына іші ашиды. Ол өзі үшін емес, жерлестері үшін уайымдайтынын жеткізді.
«Егер біздің мекеме жабылса не жоғалтамыз?»
Біріншіден еңбек ақысын төлеу қоры биылғы есеппен 300 млн теңге болып отыр. Бізде 400 адамға дейін жұмыс жасайды, сонша адам жан бағып отыр. Осылай бізде алма бақтары жойыла берсе, ертең импортқа тәуелді боламыз. Ал мына соғыс жағдайында алма импортына тәуелді болсақ, онда алма бағасы еттің бағасымен бірдей болады. Бұндай жағдай, қателеспесем, 2013 жылы болған. Алма бағасы 800 теңге болған. Еттің бағасы да сонша болған. Қазір қайталанса, алма бағасы кемінде 1500 тг болар еді.
Бір өкініштісі, осындай жобаларға мемлекеттің қаншама ақшасы жұмсалған. Енді дұрыс есептемегеннің арқасында бәрі құрдымға кете ме? Белгілі бір уақыт істеді, қазір де қиналып болса да, істеп тұр. Дәл қазіргі жағдаймен бір, екі, үш жыл істейді делік, алайда одан ары шыдауы қиын. Бір жылдың ішінде бұл мәселені шешпесе, жағдай мәз емес.
500 гектар деп ауыз толтырып айтамыз, оны ұстап тұру өте қиын. Келесі жылы өнім болмай қалса, бұл бау да жоқ болады деуге болады. Бұдан шығатын қорытынды, шаруаларды құр ақшамен ғана қолдаған дұрыс емес. Олардың ақшасына техника алармыз, модернизация жасаймыз, жаңалау көлік алармыз. Ақыр соңында мақсатты емес болып кетеді. Меніңше, жабдық алып беруі керек, жабдыққа, өңдеуге субсидия берген дұрыс.
Мен мұны жеке бастың қамы үшін айтып отырған жоқпын. Шамам жетпей жатқан соң, осынша бау құрдымға кеткелі тұрған соң айтып отырмын. Мында жүздеген адам нәпақасын тауып жатыр. Соны да қарау керек. Соған да мән беру керек. Осынша жұмыс орнын сақтай алмай қалуымыз мүмкін. Жаңа жұмыс орындарын ашу керек дейді. Бірақ қолда бар нәрсені сақтап, дамыту да керек. Бізді қазір әлеуметтік жоба деп айтуға болады. Бізде бау-бақшалар көп. Егер жақсы тоңазытқыштар көп болса, сақтау дұрыс жүзеге асырылса, онда қазақстандық бағбандар ішкі нарықты оп-оңай қамтамасыз етер едік», — дейді ол.
Жеміс-жидек бағы бар кәсіпкерлер үшін қоймада жеміс сақтауға арналған үлкен көлемді ыдыстар да үлкен проблема. Себебі олардың бағасы өте қымбат.
«Ыдыс деген де өте үлкен проблема. Тоңазытқыштарда алманы сақтау үшін 300 келілік контейнерлер қажет. Оған алма жинап, қоймаға салуға, сорттауға ыңғайлы. Қазір кішкентай жәшіктермен қолдан жасап амалдап отырмыз. Олардың кемшілігі бар – ұзаққа шыдамайды. Пластик биндерді қолданған дұрыс. Олар ұзаққа шыдайды. Сорақысы, оны Алматыда бір-ақ жерде шығарады. 1500 тонна алманы сақтауға 5 мың ыдыс керек. Біреуі шамамен 47 мың-52 мың теңге, 1000 ыдыс алса — 52 млн теңге, ал 5 мың ыдыс алатын болса — құны 200 млн теңгеге шығын болады. Алматыдан тасымалдап әкелгеннің өзі үлкен проблема, шығын. Жалпы біздің өңірде біреуі болғаны дұрыс. Бұл да өңдеу өнеркәсібіне келіп тіреледі. Ондай пластик өнімдер шығаратын жабдықтың өзі 1 млн доллар тұрады. Контейнердің формасының өзі 150 мың доллар тұрады», — дейді кәсіпкер.
Десе де, кәсіпкер қаншама қаражат құйылған бау-бақшаны сақтап қалу үшін барын салуға бекініп отыр.
«Өткеннен көп сабақ алдық. Тәжірибеміз болмады. Бау емес, мал баққан елміз. Әлі де көш жүре түзеледі деп, сенім білдіреміз», — деп ойын бөлісті оңтүстіктік кәсіпкер.
Жазып алған Айтолқын Адырбайқызы,
Түркістан облысы
Agroqogam.kz