Жетісу облысы әкімінің Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуі кезінде қала ішіндегі қоқыс полигоны туралы мәселе көтерілді. Бес жылдан бері шенеуніктердің табалдырығын тоздырып келген қала белсенділері өңір басшысынан мәселені тез арадашешіп беруді талап етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Бейбіт Исабаевтың алдына келген қала тұрғыны Кучина Валерь Владимировна қала ортасындағы қоқыс полигонынан тұрғындар зар деп шегіп жатқанын еске салды. Айтуынша, сасық иіс пен көшеде жүрген егеуқұйрықтар қалалықтардың мазасын қашырғалы біршама уақыт өткен.
«Біз сияқты қарапайым адамдарды есту үшін не істесек болады?
Бес жыл болды осы қоқыс тастайтын жерді айтып жүргенімізге. Бұл полигонды да шенеуніктердің өздері ұйымдастырған. Текелі мен Қаратал тұншығып бітті. Көшеде тышқандар мен егеуқұйрықтар өріп жүр. Енді бізге назар аудармасаңыздар президент аппаратына жазамыз», — деді ашуға булыққан тұрғын.
Текелі тұрғынының уәждерін орынды деп атаған Бейбіт Исабаев мәселе бір жылдың ішінде шешілетінін жеткізді. Айтуынша, қазіргі таңда әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, кандидаттар іріктелуде. Десе де, егер тиісті инвестор табылмаса, аймақ басшысы жүздеген миллионды талап ететін жобаны мемлекет есебінен жүзеге асырамыз деп сендірді.
«Бұл өте күрделі мәселе. Қазір үлкен кешен салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Жыл соңына дейін инвестор табуға тырысамыз. Бұл үлкен жоба. Ірі сорттау, одан соң өңдеу, артынга өртеу секілді процесстерді қамтитын экологиялық кешен болмақ. Сәл уақыт беріңіздер, шешеміз. Он жыл болды уәде беріп жатқалы деп отырсыз. Бірақ мен ондай адам емеспін. Осыған дейінгілерге жауап бере алмаймын, бірақ өз сөзіме жауап беремін. Инвесторлар болмаса (себебі, жоба табысты емес), онда біз облыстық, республикалық бюджет есебінен кешенді саламыз», — деп уәде етті Исабаев.
Айтолқын Адырбайқызы,
Жетісу облысы
Agroqogam.kz.