Жылқы бағу – ата кәсіп. Сондықтан малдың бұл түрін күтіп-баптаудан қазақ жан салмаған. Қазір де солай. Десе де, бұл кәсіпке енді ғана бет бұрған жастар үшін жылқы шаруашылығында есте ұстайтын басты дүниелер де жоқ емес. Соның бірі – жылқы малының негізгі аурулары, олардың белгілері мен алдын алу шаралары. Бұл тақырыпты аша түсу үшін өмірінің біраз бөлігін мал емдеу ісіне арнаған, ардагер ветеринар Нүсіпәлі Тоқтасынұлына жүгіндік.
Мал дәрігерінің айтуынша, жылқыларда кездесетін ауруларды жұқпалы, жұқпалы емес және құрт аурулары деп қарастыруға болады. Оның ішінде жұқпалы аурулардың жылқы үйірі үшін қауіптілігі жоғары. Себебі, кей аурулар салдарынан бір шаруашылық ондаған мал басынан айырылуы мүмкін. Сол үшін жұғатын жылқы дерттерінің белгілерін біліп жүру көптік етпейді, дейді маман.
Жылқы ауруларының түрлері
«Ринопневмония, сақау, пастереллез, сальмонеллез, су ауруы, маңқа – кең таралған жұқпалы жылқы аурулары. Бұл аурулардың алдын алу үшін арнайы екпелер егіледі. Зерттеулер жүргізіледі. Жеке тоқталар болсақ, ринопневмония – бұл жедел өтетін жылқы аурулары. Онымен ауырған жылқының дене қызуы көтеріліп, шаршаңқы болады. Мұрын қуысы толық қабынып кетеді, буаз биелер түсік тастайды.
Маңқа да қауіпті жұқпалы ауру. Көп жағдайда бұл аурумен құлындар ауырады. Бірақ ересек жылқылардың да ауырғаны жиі кездесіп қалуы мүмкін. Не де болса, сақ болу керек. Аурудың бірінші белгісі дене қызуының көтерілуі. Мұнда да мұрын қуысынан маңқа ағып, қабынады. Былайша айтқанда ірің ағады. Тамақ тұсы іріңдеп, кетеді. Мұнымен ауырған құлындардың қалпына келуі өте қиын. Олар арықтап, дұрыс дамымай қалады.
Су ауруы дегеніміз не? Ғылыми тілде айтқанда, трипаносомоз. Бұл дертпен ауырған жылқылар күрт арықтап кетеді. Қауіптілігі бірінше кезекте олардың ұрпақ өрбіру органдарына әсер етеді. Мәселен буаз биелер түсік тастайды, айғырлар да әлсірейді. Желімі ісінеді. Бастапқыда ауруды анықтау өте қиын. Себебі, басында аурудың белгісі білінбейді. Сол үшін мал дәрігері ауырған жылқыға дұрыс диагноз қоя білуі керек.
Тағы бір дерт туралы айта кетпеске болмайды. Ол — пастереллез. Жалпы пастереллез барлық мал түріне тән. Жедел түрде өтсе, малдың өкпесі қабынып, плевритке ұласады. Одан бөлек, малдардың дене мүшелерінің әр жері ісінеді. Ал созылмалы түрінде көзіне, сүт бездеріне әсер етіп, өкпесі іріңдеп кетуі мүмкін. Бұл өте қауіпті дерт. Неге? Себебі, емдемесе, мал өледі. Яғни, мұндай белгілері бар малды байқасаңыз дереу түрде мал дәрігері ем жазып береді. Әрекет ету керек.
Сальмонеллез – бұл жұқпалы ауралардың бір түрі. Құлындардың, тайлардың паратифі деп те атайды. Мұнымен ауырған биелер құлын (4-8 айлығында) тастайды. Ауруды сальмонелла деп аталатын паратифозды таяқшалар қоздырады. Буаз биелер үшін қауіпті, олардың жатыры ісініп, қабынады буындары ауырады. Құлындар сальмонелле таяқшаларын жатыр ішінде жатып енесінен жұқтыруы мүмкін. Ауру жедел өтеді. Бұл ауруды жатырда жұқтырған құлындар орнынан тұрып, енесін еме алмайды. Ал дене қызуы +40 +41°С-ке дейін көтеріледі. Іші өтіп, көп жағдайда бірнеше күн өткен соң құлын өліп қалады. Ал туылғаннан кейін ауруды жұқтырған құлындар көп уақыт бойы ауырып жүреді. Күрт арықтап, салмақ қоспай, ақсап қалады».
Ауырған малды қалай күту керек?
«Ауырған малды бірінші кезекте басқа жылқылардан бөліп ұстаған жөн. Таза, желдетілетін, жылы жайға кіргізу керек. Бұл күн суық болса, ал жылы болса әрине ашық ауадағы қоршаудың ішінде ұстау жеткілікті. Жақсы азығын беріп, емімен қатар күтіп-баптау керек. Ерекше күтім керек. Мал да, оның ішінде жылқы да адам сияқты. Тамағы ісініп, аз жей алмай жатса, жемді ұсақтап беру, тез қорытылатын сабан, өсімдіктердің тамырлары секілді азығын беру керек. Антибиотиктер, иммундық жүйені демейтін дәрумендер беру керек. Түрлі екпелер де жоқ емес. Мұның барлығын мал дәрігерінің қорытындысына қарай тағайындайды. Ауырған малдан қан талдауын алып, ветеринарлық зертханаларда дәл қай дертке шалдыққанын анықтайды. Одан кейінгі емдеу, алдын алу да сол хаттамаға сай орындалады. Кейде мал ауруды малдардан емес, қоршаған ортадан да жұқтыруы мүмкін. Міне, осыған назар аударатын мал дәрігері болады. Мәселен, жайылымдарда, суқоймаларда, жайларда жұқтыруы мүмкін. Себебі жұқпалы ауруларды қоздырған бактериялардың барлығы қоршаған ортаға төзімді келеді. Олар біздің айналамызда өмір сүре береді. Мәселе, мана айтып кеткен пастереллезді алайық. Ол суық суда 2-3 аптаға дейін өмір сүре алады. Қанда, мал тезегінде де, тіпті мал өлексесінде төрт айға дейін болады. Ал суық немесе мұздатылған жерде бір жылға дейін өмір сүреді. Күн сәулесі өте жақсы алдын алу шарасы. Күн сәулесі түссе, олар бірнеше минутта өледі. Ал ыстықта, 70-90 градуста 5-10 минутта өледі.
Мұнда сальмонеллез қоздырғышы қауіпті. Олар ұзақ өмір сүреді. Суда бес айға дейін, етте, шұжық өнімдерінде, сүтте, айранда, тіпті сары майда, топырақта бірнеше айға дейін өмір сүре береді. Сақау деген ауру да қоршаған ортада сақталады. Жылқы қораларда да, тезекте, сабанда, шөпте, кейде ат жалдарында да сақталады. Залалсыздандыратын заттарды қолданғанда да кетпейтіндері бар. Сол себепті адамдар жұқтырып алмас үшін сүтті қайнатып ішуі керек деп айтатынымыз сондықтан. Бұл аурулардың барлығы ыстық суға жоламайды. Сол үшін жылқы малын ұстайтындар залалсыздандыру, жылқы қораларын тазалауға өте мұқият қарауы керек. Жай ғана залалсыздандырып қана қоймай, мұқият, әр бұрышты тазалаған жөн. Әлбетте, оңай шаруа емес. Жалпы мал ұстау оңай емес. Десе де, тәуекелге бел буып, жылқы бағып отырсаңыз осы талаптарды сақтаған абзал».
Жазып алған Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz.