Маңғыстаудағы алғашқы және жалғыз ет комбинаты толықтай іске қосылды

Маңғыстау өңіріндегі алғашқы ет комбинаты биылдан бастап толық іске қосылды. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Жаңаөзен қаласында ашылған Korkem Alem ет комбинаты жұмысын толық бастап кетті. Бұған дейін agroqogam.kz порталына сұхбат берген комбинаттың негізін қалаушысы Темір Лесов бұл кәсіпорын өңірдегі ет сұранысының 30 пайызын өтеуді мақсат етіп отырғанын жеткізген болатын. Нарыққа жоғары сұрыпты өнім шығару, қала халқын, қала берді өңір аумағын сапалы, құнарлы, таза ет және ет өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат еткен компания жартылай дайындалған фабрикаттар мен бұқтырылған ет өнімдерін халыққа ұсынады. Бүгінде мұнда 147 маман еңбек етеді.

«Korkem Alem – Маңғыстау облысындағы алғашқы және жалғыз ет өңдеу кәсіпорны статусын иемденген компания. Мұнда барлық қызметтік процесстер ережелер мен тәртіпке сай өз реттілігімен жүргізіледі. Мал сою, өңдеу шариғи талаптарға сәйкес, автоматтандырылған жүйе негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жаңаөзендік тұтынушылардың игілігі үшін компанияның фирмалық дүкені жұмыс жасап тұр. Онда төрт түліктің етін бөлік күйінде және бөлшектелген күйінде де сатылады. Сонымен қатар жартылай дайындалған өнімдерді дүкен сөрелерінен таба аласыз», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.