Мақпал Жұмабай: Қазіргі заманда бір ғана мамандықпен өмір сүру – қылмыс

Қазақ тілін үйрету методикалары әлемдік стандарттарға сай емес. Сол себепті бүгінде тіл жанашырлары қазақ тілін стандарттаудан өткізіп, ресми құжат алмақшы. Бұл туралы ақын, Ozgeepic креатив хабының негізін қалаушы Мақпал Жұмабай Қонаев қаласында өткен JastarX  сараптамалық алаңында мәлім етті.

Мақпал Жұмабай жастар арасындағы креативті бағытты кеңінен насихаттап жүр. Айтуынша, цифрлық кезеңде қазақ тілінің де жаңа тынысы ашылады. Бұл үшін тіл жанашырлары отыз жыл жұмыс істеп келеді, дейді ол.

«ChatGPT-ден бастап бүкіл технологиялар қазақша ойлай бастады. Бұл біздің орталығымыздың ғалымдарының 30 жылдық еңбегінің нәтижесі, бұл деген қазақ тілінің ұлттық корпусы, цифрланған қазақ тілінің жаңа деңгейге көтерілуінің белгісі. Қазір бізде қазақ тілі туралы мәселе айтқан кезде көпшілік осы тақырыпты саясиландырып жібереді. Бірақ қазір қазақ тілі – тұтынушылар тілі, қазақ тілі –дамудың тілі, қазақ тілі ғылымның тілі. Қазіргі жастар ертең соның куәсі боламыз деп ойлаймын», – дейді ол.

Мақпал Жұмабай қазақ тілінің дамуын жаңа сатыға көтеру – басты мақсаты екенін айтады. Бұл үшін елімізде тілдің мүмкіндіктерін арттыратын зертхана ашу қолға алынады, дейді ол.

«Қазір қазақ тілін үйрету, қазақ тілінің методикалары әлемдік стандарттарға сай емес, біз қазір сол жұмысты бастап жатырмыз. Ресми түрде қазақ тілін стандарттаудан өткізіп барып әлемде қазақ тілінің бар екеніне ресми түрде құжат алғалы отырмыз. Бұл жұмыстар сіздердің рухтарыңызды көтеру керек деп сенемін, қазақ тілінің тағдыры біздің өміріміздің басты тақырыптарының бірі болады деп ойлаймын. Тіл туралы айтқанда әрқашан бізде эмоция қосылады, адам бойында қандай сезім бар – тіл дегенде барлығы оянып кетеді. Лингвистика саласы қазір математикаға жақындады. Қазір технологиялардың дамығаны соншалық сіздің сезімдеріңізді зерттейтін, тіліңізді зерттейтін құрылғылар пайда болды, кәдімгі медициналық құрылғылар пайда болды. Қазір біз лаборатория құрып, Қазақстандағы алғашқы зертхананы ұйымдастырайын деп отырмыз, қазақ тілінің дамуын жаңа сатыға көтеруге талпынып жатқан жайымыз бар. Бұл істің басы-қасында бір емес, жеті тіл білетін жастар бар», – деді ол. 

Сонымен бірге ақын қазақ тілін үйренуді жеңілдететін жаңа қолданба іске қосылатынын мәлімдеді.

«Қуанышпен бөліскім келетін тіл саласындағы тағы бір жаңалығымыз Til Qazyna App деген супер қолданба  жасап жатырмыз. Біздің ұранымыз – қазақ тілімен жайлы өмір сүр. Желтоқсан айында қазақстандықтарға сыйға тартамыз. Сөзді аудиоға айналдырып, қазақша жазған мәтінді түзеп береді, аудионы мәтінге айналдырып, аударып береді. Бұл қолданба шыққан соң қазақ тілін үйрену, қазақ тілінде жазу, қазақ тілінің қолданылатын жері жоқ, қолдану мүмкін емес деген сөздердің бәрі тиылады. Осы дүниені жасау үшін бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығымен бірге жұмыс істеп жатырмыз»,  – дейді ақын.

Мақпал Жұмабайдың сөзінше, қазіргі заманда адам қоғамның болашағы үшін бір емес, бірнеше істі қатар атқаратындай болуы керек. 

«Бір адамның емес бірнеше адамның өмірін сүр. Дәл қазіргі жағдайда, дәл қазіргі Қазақстан жағдайында тек қана мұғалім болып, тек қана фермер болып, тек қана әкімдікке қызмет етіп, тек қана спортсмен болып өмір сүру – қылмыс. Жан жақты болу біздің қанымызда, жанымызда бар. Кешегі алаштың қайраткерлерін алайықшы, басқасын емес, Ахмет Байтұрсынұлын алайық. Мәдениет саласында үлкен фундаменталды еңбек жазған, қазақ әліпбиінің авторы болған, онысымен қоймай өлең, музыка жазған. Бір өзі кем дегенде 8 саланы игерген…Сіздерден сұрайтыным – бірнеше адам болып өмір сүрейік және бірнеше адам болып халқымыз үшін қызмет етейік. Өйткені санымыз да аз. Сапаны көбейтуіміз керек», – деді ол.

Айтолқын Адырбай, 

Qogam-media.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.