Бұл туралы депутат Ержан Бейсенбаев Мәжіліс Парламентінің жалпы отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары А.Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Депутаттық сауал жолдауға негіз болған соңғы кездегі әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған мәселе. Биылғы жылдың 22 мамырынан бастап жұмыс берушілердің enbek.kz порталында еңбек шарттарын тіркеуін және жазатайым жағдайлардан сақтану шарттарының бар жоғын жаппай тексеру басталды деген ақпарат кеңінен таралып жатыр.
«Еңбек министрлігі жаппай тексерулер жүргізілмейтінін хабарлағанмен, бұл мәселені шешпейді. Тексерулер мен айыппұлдар автоматты түрде жүзеге асырылады. Себебі биылғы жылдың екінші мамырында денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму және ұлттық экономика министрлерінің тәуекелдерді бағалау критерийлері мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру парақтарын бекіту туралы бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес профилактикалық тексеруге жататын жұмыс берушілердің тізбесін қалыптастыру, мемлекеттік жүйелерден алынған ақпараттар негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады. Автоматтандыру енгізу заң бұзушылықтардың бар жоқсыз жұмыс берушілерді анықтауға мүмкіндік береді. ҚР еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті» — дейді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде заңды тұлғалардың жалпы санының 32,5 пайызы ғана осындай келісімдер жасаған. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 230-бабына сәйкес, міндетті сақтандыру шарттарының болмауы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 160 айлық көрсеткіш 552 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық көрсеткіш 1 млн 380 мың теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш 3 млн 450 мың теңге көлеміндегі айыппұлдар салынуына әкеліп соғады. Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстандағы жұмысшылар саны 9 миллионнан астам адамды құрайды. Сақтандырудың ең төменгі сомасы 70 мың теңге екенін ескерсек, кәсіпкерлік субъектілері өз қызметкерлері үшін сақтандыру компанияларына 630 млрд теңге төлеуі тиіс. Мұндай қомақты суммалар кәсіпкерлік үшін ауыр жүк болып, сақтандыру компанияларының қалтасына түседі. Қызметкерлер жалақысынан әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, медициналық сақтандыру жарналарын төлейді. Демек жарақат алған жағдайда емдеуге кететін бар шығынды өз мойнына алуға міндетті.
Сақтандыру компанияларына келетін болсақ, олардың төлемдерін алу үшін зардап шеккен жұмысшы жарақатты дәл жұмыс орнында алғанын дәлелдеу керек. Сақтандыру шарттарында мүгедектік алған кезде сақтандыру сомасының 50 пайызын ғана төлейтіні, қалғанын бюджеттен төленетіні көрсетілген. Онда егер сақтандыру компаниясы сақтандыру сыйақысын алып, өз міндеттемелерінің жартысын ғана орындаса, онда мұндай жүйенің не қажеті бар? Тағы бір айта кететін жәйт, кәсіпкерлік қызмет жүзеге асыру кезде жеке кәсіпкер болған адам өзін-өзі жұмыспен қамти алмайды. Сонымен бірге ол да жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға жатады. Бүгінде белсенді кәсіпкерлердің саны 1,4 млн адамды құрайды. Демек сақтандыру сыйақысын ең төменгі мөлшерлемесі кезінде де олар шамамен 100 млрд төлеуге мәжбүр.
Туындаған дүрбелеңге қатысты кәсіпкерлер еңбек келісім шарттарымен жұмыскерлерді оқыс жағдайлардан сақтандыру келісім шарттарын орналастыруға enbek.kz порталының шамасы келмей отырғанын хабарлауда. Алдағы тексерістер мен ақылға қонымсыз айыппұлдар салу бизнестің мазасын алу.
Үкімет бизнесті мемлекеттік қолдаудың орнына сақтандыру компанияларына түсетін кезекті алым салып отыр. Ақжол партиясы сақтандыру бизнесінің өркениетті дамуын жақтайды. Сөз соңында депутат, кәсіпкерлерді жазалау тәртібінен бас тартып, айыппұл көлемі олардың іс-әрекеттеріне сай болуы мәселелерін қарастыру керек деп түйіндеді. Үкіметтен қандай жауап келетіні белгісіз, дегенмен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау кез келген мемлекет үшін өзекті әрі маңызды.
Маржан Әбіш
Agroqogam.kz