«Кімді қолдап отырмыз?»: педофилдерді пробациялық бақылауға алу туралы норма неге қабылданбады

Фото: pixabay

Астана. 13 наурыз. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағанбетов жазасын өтеп шыққан педофилдерді өмір бойына бақылауда ұстау қажет екенін және осыған қатысты нормаға түзетулерді енгізуді туралы ұсыныс жасалғанын жеткізді.

Алайда, депутат бұл түзетулер қабылданбағанын айтып, наразы болды.

«Бұдан бірнеше апта бұрын біз өте маңызды норманы қабылдадық – педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру бойынша. Енді олар өмір бойы түрмеде отыруы керек. Бірақ бұл норма бұның алдында сотталған педофилдерге тиесілі емес. Енді олар (ред. – бұған дейін сотталғандар) бірте-бірте бостандыққа шыға береді. Біз осы бойынша бір норманы ұсындық. Бостандыққа енді шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу. Бұл дегеніміз педофилдерді өмір бойы бақылауда ұстау, олар қайда жұмыс істейді, қай жерде тұрады, тіпті керек болатын болса оны картаға шығарып қою, өйткені бұл азғындар, бұл айуандар ешқашан өзгермейді. Оны мен айтып отырған жоқпын, оны бізге ғылым көрсетіп отыр. Бұл түзетуді неге қабылдамады? Сонда біз кімді қолдап отырмыз?», – деді ол.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев аталған мәселені қосымша қарау қажет екенін жеткізді.

«Мүмкіндік болса, тағы бір мәрте талқылайық», – деді ол.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.