Кербұлақта моншадан аққан лас су 4 шаруа қожалығына зиянын тигізіп отыр

Жетісу облысы Қоғалы ауылдық округінде таудан аққан судың үстіне монша салған кәсіпкерге қатысты тексеріс жүргізілмек. Төрт бірдей шаруа қожалығының өкілдері шағым айтқан монша иесі жуынатын орыннан шығатын лас суды таудан аққан суға ағызады деп шағымдануда. Бұл мәселені облыс әкімі Бейбіт Исабаев тікелей прокуратураның қарауына тапсырды, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Өңір басшысының кезекті кездесуінде бірнеше шаруа қожалығының жұмысына кедергі келтіріп отырған мәселе көтерілді.

«Таудан құлап аққан судың үстіне салынған монша мәселесі бойынша 4 шаруа қожалығының азаматтары шағымданған болатын. Заң бәріне ортақ қой. Осы моншаның салынуының заңдылығын тексеруге құзырлы органдар тосқауыл болып отыр, мәселені шешуге кедергі болып отыр деген әңгімені естігендіктен заңды-заңсыздығын анықтап, ықпал етсеңіз», – деді Дина Балқашқызы.

Шаруалардың айтуынша, таудан аққан суды жайылымдың жерлерде мал сұғаруға және егін егуге пайдаланады. Алайда монша қожайындары одан аққан лас суды тау суына ағызу арқылы аймақтың экологиясына біршама қауіп төндіріп отыр, дейді олар. Шаруалар соның салдарынан картоп егілетін алқаптың экологиялық ахуалын қатысты да алаңдап отыр.

Өз кезегінде өңір басшысы моншадан шығатын кір су халыққа ортақ игілік – ағынды суды ластап отырғанына наразы болып, прокуратураға аталған жайтты тексеріп, тиісті шешім шығаруға тапсырма берді.

«Моншадан аққан кір су шаруашылық жерлеріне зиян келтіріп отыр. Созбаңдар, тексеріп көріңіздер. Заң жүзінде керек болатын болса, прокуратураға шағымданыңыздар. Сіз үшін шаруа қожалықтары нанынан айырылып отыр. Адам басына 50 мың адам тұратын моншада септик те жоқ деп отыр. Прокуратураға тікелей тапсырма беремін, жай ғана жазып бере салмаңыздар. Шара қолданыңыздар», – деді ол.

Айтолқын Адырбайқызы,

Жетісу облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.