Исабаев: Жетісуда аудан әкімінің орынбасары 500 га суармалы жерді өз әйеліне берген

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде облыстағы жер мәселесі туралы баяндады. Облыс басшысы жергілікті атқамінерлерге қатаң ескерту жасап, жер үлестіру кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді қою керектігін еске салды, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, бүгінде аудан облыстағы ауылшаруашылық техникасының тозығы жеткен аймақтардың бірі. Қаратал ауданындағы тозығы жеткен техниканың үлесі 80 пайыздан асып кеткен. Ветеринария саласы бойынша бірқатар проблема жоқ емес, дейді шенеунік. Былтыр 16,5 млн теңгеге модульдік ветеринариялық пункт орнатылса, биыл мұндай пункт тағы екі ауылдық округке қойылады деп күтіліп отыр. Одан бөлек, өткен жылы ветеринариялық аса қауіпті аурулармен күресу іс-шараларына 181 млн теңге бөлінгенімен, екі ауылда аса қауіпті мал аурулары тіркелген. Ал биыл дәл осы мақсаттарға 227 млн теңге бөлініп отыр. Бұл ретте өңір басшысы жергілікті ветеринария саласына жауапты қызметкерлерге қатаң ескерту жасады.

Одан бөлек, ауданда 74 800 гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Оның 20 мың гектары былтыр, 14 мың гектары биыл облыстың меншігіне қайтарылған. Биыл тағы 28 мың гектарын қайтару жоспарланып отыр. Бұл ретте ірі шаруа қожалықтарының игере алмай отырған жерін қайтару маңызды, дейді Исабаев.

«Ауданда үш ірі шаруа қожалығы 46 мың гектар жерді пайдаланбай отыр. Оның ішінде 25 мың гектар жерді «Текелі агросервис», 6 мың гектарды «Темірқазық» СҚ ЖШС, 15 мың гектарды жеке кәсіпкер «Батыр» игере алмай отыр. Олардың меншігіндегі жерді сот тәртібімен заң шеңберінде шешу керек. Алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егер көнбесе, заңды түрде облысқа өткізіп, бұл мәселемен айналысқысы келіп отырған шаруашылықтарға бөліп беру керек», – дейді ол.

Исабаевтың айтуынша, халықтың шағымының тоқсан пайызына жуығы жер мәселесіне байланысты. Сондай-ақ халықтың жергілікті атқамінерлерге деген сенімі жоғалып, олар үкіметтің жерді әділ бөлетініне сенбейді. Бұған кінәлі – шенеуніктердің өзі, себебі олар өз міндетін асыра пайдалануды әдетке айналдырған, дейді Исабаев.

«Жер жетпейді, суармалы, жайылымдық жер жетпейді. Ауданның әкіміне тапсырма бердім, бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек, кейінге сырғыта берудің пайдасы жоқ. Өкінішке орай халықтың үйдің ағаштың саны өсуі мүмкін, бірак жердің көоемі өспейді. Қанша жер қалды, сонша калады. Сондықтан қолда бар нәрсені, ұтымды, заңды қолданайық, түсіндіріңдер, көнбесе алып алыңдар. Басқаларға теңдей қайтарып беріңдер.

Халық айтады, комиссия шықты да жерді заңсыз «мырқымбаевқа» берді дейді, арыз жазады, астанаға барады. Бұдан шығудың жолы қандай? Ашық болу керек!  Кімнің мүмкіндігі бар, кімнің ұсынысы жақсы, кімнің қаражаты бар, кім еңбекқор, ашық айтып, сол адамға беру керек. Сонда артық әңгіме болмайды. Бұған дейін болды, «бармақ басты, көз қысты» деген әңгіме. Бір ауданның әкімінің орынбасары, жер комиссиясын басқаратын адам өзінің әйеліне 500 гектар суармалы жер алып берген. «Заң жүзінде бердім» деп ұялмай қызармай айтады, бірақ моральдық тұрғыда ондай қақы жоқ еді. Ол кісі қызметінен босатылған», – деді ол.

Исабаевтың сөзінше, қазірдің өзінде ауданда 10 мың гектар жайылым керек. Айтуынша, жайылымдық жерге деген сұраныс алдағы уақытта өсе бермек.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.