Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың ұрғашысын әкетуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің бірлескен бұйрығында жазылған, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
«Қазақстан Республикасының аумағынан аналық ірі қара малды және аналық ұсақ малды әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», — деп жазылған «Ашық» НҚА порталында жарияланған бұйрықта.
Экспорттық шектеу туралы бұл өзгерістерді іске асыру мен қадағалау Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлігінің тиісті комитеттеріне жүктелмек.
Құжатты талқылау 9 наурызға дейін жалғасады.
Айта кету керек, бұған дейін ел аумағынан көлікпен көмір әкетуге жарты жылға тыйым салынуы мүмкін екенін мәлім болған.
Сонымен бірге сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссия бұқалар мен қошқарларды шетке шығару квотасын алты айға ұзарту туралы шешім шығарған. Бұған дейін мұндай өзгерістер 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылған.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz.