Халықты көшеге шығуға мәжбүр еткен газ тасымалдаушы компания жауапқа тартылды

Биыл қаңтар айында Алматы облысының тұрғындары бірнеше ауданды газбен қамтып отырға «Сигма газ» газ тасымалдаушысына қарсы болып, көшеге шыққан болатын. Олар газға қосылу үшін миллиондап несиеге кіріп кеткенін және газ құны да негізсіз 34 теңгеден асып кеткеніне шағымданған. Күні кеше аталған мәселеге нүкте қойылды. Алматы облысының энергетика және ТҮКШ басқармасы бірнеше газ тасымалдаушы компаниямен меморандумға отырды, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.

Алматы облысының энергетика және ТҮКШ басқармасы бірнеше компаниямен Меморандумға отырды. Облыстағы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) басқармасының басшысы Асхат Бердіханов газ тасымалдаушы бірнеше компаниямен келісімшарт жасасып, халықтың шағымы қашан да бірінші орында екенін жеткізді.

«Соңғы кездері Алматы облысының тұрғындары көгілдір отынға қосылу бағасына жиі шағымданатын болды. Осыған орай біз өңірдегі 4 компаниямен арнайы құжатқа қол қоюды ұйғардық. Аталған істің нәтижесінде Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарының халқы газға 350 мың теңгеге қосыла алады. Бұл Меморандумның мерзімі – 2023 жылдың желтоқсанына дейін. Уақытын ары қарай созу мәселесі де қарастырылып жатыр», – деді басқарма басшысы.

ТҮКШ басқармасының басшысы «Жетісу-ОблГаз» ЖШС, «Алматы-Газ Серисхолдинг» АҚ, «Тәуекел Газ Құбыры», «Тәуекел-Н-Алғабас», «Жетісу газ құбыры», «Эркай», «Isker Company», «APL Constaction», «Сигма газ» серіктестерімен ортақ құжат қабылдады. Ал газға қосылудың 350 мың теңге болып бекітілуінде жобалық-сметалық құжатқа, пайдаланылатын құрылыс материалдарына кеткен шығын есептелді.

Бұдан бөлек, Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен Шамалған, Жандосов, Шалқар, Еңбенші, Үштерек, Құмарал, Тұрар МТФ және Арай, Аянат, Дархан, Баркөл бау-бақша қоғамдарының тұрғындарына газ тарифі төмендетілді.
«Аудан прокуратурасы тауарлық газды өткізу бойынша қалыптасқан тарифке талдау жүргізді, нәтижелері бойынша монополияға қарсы заңнаманың бірқатар бұзушылықтары анықталды, Алматы облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті 12.11.2021 жылғы жол берген, онда прокуратура тауарлық газды өткізу тарифін қолдану туралы басшының (бұдан әрі – Департамент) табиғи газдың 1 текше метріне 37,5 теңге және тарифті ұлғайту дерегі бойынша баға сараптамасын жүргізу бұйрығының күшін жою туралы қадағалау актісін енгізген.

Қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша Департаменттің 10.03.2023 жылғы №78-НҚ бұйрығымен «Сигма-ГАЗ» ЖШС-нің тарифі бекітілді», – делінген прокуратура берген хабарламада.

Енді 1 сәуірден бастап жоғарыда аталған елді мекендер үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) ескере отырып тариф бағасы бір текше метр газ үшін 28,95 теңгеге дейін айтарлықтай төмендеді. Ал​ «Сигма-ГАЗ» ЖШС газбен жабдықтау ұйымы 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске салсақ, қаңтар айының басында Қарасай ауданының тұрғындары өңірдегі газ тасымалдаушы компанияның тарифтері мен газға қосылу құнына шағымданып, көшеге шыққан болатын. Тұрғындар бір үйді газға қосу үшін миллион, кем дегенде 700 мың теңге ақша жұмсайтынын айтқан. Сонымен бірге, қыс маусымының соңғы бірер айындағы айсайынғы төлем жарты есеге қымбаттап кеткені айтылған.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.