Алматы облысында газ мәселесі ушығып тұр. Бүгін Қарасай ауданының тұрғындары өңірдегі газ тасымалдаушы компанияның тарифтері мен газға қосылу құнына шағымданып, көшеге шықты. Ашулы жұртпен аудан әкімі кездесті, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Қарасай ауданының жүздеген тұрғыны бүгін аудандық мәдениет үйінің алдына жиналды. Олар жергілікті газ тасымалдаушы «Сигма-Газ» компаниясының қызметіне наразы. Айтуларынша, газ беру сапасы нашарлаған, тариф құны қымбат, қосылу құны да шарықтап тұр. Тұрғындар бір үйді газға қосу үшін миллион, кем дегенде 700 мың теңге ақша жұмсайтынын айтуда. Сонымен бірге, қыс маусымының соңғы бірер айындағы айсайынғы төлем жарты есеге қымбаттап кеткен. Осы мәселелерді алға тартқан халық компанияны мемлекет иелігіне өткізуді талап етіп, олардың қызметін пайдаланудан бас тартатындарын жеткізді.
Халықтың уәжін тыңдауға аудан әкімі Естенов Жасұлан, құзырлы орган өкілдері, сонымен бірге аталған мекеменің менеджерлері келді.
«Мен зейнеткермін, алатыным 70 мың теңге. Былтыр банктен несие алып жүріп газ жүргіздім үйге. Бір жарым миллион теңге кетті. Енді сол несиеге алатын ақшамның 54 мыңын жұмсаймын. Биыл да былтырғыдай температурада қойдым. Бірақ былтыр 20 мың төлесем айына, биыл бір айда 30 мың деп келіп тұр. Неге, осыған жауап беріңізші?» , — дейді жиналғандардың бірі.
Халық мекеме өз қызметін адал көрсетпей отыр деп ашуланды. Ал мекеме өкілдері айсайынғы төлемнің былтырғымен салыстырғанда шарықтап кеткені олардың кінәсі емес, ауа райынан деп санайды. Олар компания халықты алдап отырмағанын, барлығы да заң аясында екенін түсіндіріп әлек болды.
Жиналған халықтың әр сұрағына жауап беруге дайын болып келген аудан әкімі жағдайдың «тігісін жатқызуға» тырысып бақты. Ол алдағы уақытқа комиссия құрып, бастамашыл топ өкілдерін осы комиссия құрамына шақырып, мекеменің жұмысын бірге тексерейік, деген ұсынысын білдірді.
«Біздің ниетіміз басқаша әрекет жасау емес, сіздермен бірге жұмыс істеу. Ешқандай күмән болмасын. Қосылам деген адамдар қосылсын. Монополияға қарсы күрес агенттігінде кезектен тыс тексерулер деген болады. Сондай тексерулер ұйымдастыру қажет. Құжаттарды тексеру оңай шаруа емес. Істеген адамдар біледі. «Газ қымбат, төлемей-ақ қояйық» деп газсыз қалып қалмайық. Бұл кісілер бизнесмендер (ред. – газ тасымалдаушы мекеме). Олар ертең «газ ала алмай қалдық» деп отырады алақан жайып. «Өздерің шуладыңдар» деп. Осы сәрсенбіде 28-29 градус аяз келе жатыр. Үйлеріңіздің бәрін қатырып тастамайық. Сауаттарыңыз бар ғой, бұл мекемені ешкім тоқтатуға құқығы жоқ. Тағы да айтайын, бұл тарифті бекіту үшін монополияға қарсы орган бар. 25-не дейін «Сигманы» қуып жіберемін, арзандатып беремін» деп уәде айта алмаймын. Бірақ тексеріс жүргізіп, алдымен заңбұзушылықтар бар ма, соны анықтайық», — деді Естенов.
Жиынға халыққа «Сигма-Газ» мекемесінің иесін келуді сұрағанымен, ол Қазақстанда еместігі, бүгінде шетелде екендігі айтылды. Десе де, алдағы айда әкім газ тасымалдаушы компанияны тексеру жүргізілетінін, заң аясында бұзушылықтар анықталса, мәселе шешілуі мүмкін екенін айтып, облыстағы басқа ауылдарда тіптен газ тартылмағанын ескертті.
«Жамбыл ауданында ауылдардың жартысында газ жок, ал бізде 47 ауылдың 46-сында бар. Бір ауылда ғана жоқ бізде. Бұл мекеме халықтың наразылығын тудырып жүргені рас. Мәселені шешу үшін, комиссия құрамыз, тарифты тексереміз, жұмыстарды тексереміз. Қыспаққа алсақ, бұлар да мүмкін қолынан іс келетіндерге сата ма, әйтеуір бір шешімін табады деп ойлаймын. Бұл кісілер де заңды жақсы біледі. Тартып алу деген болмайды, заңды түрде кемшіліктері болса анықтау керек. Сөйтіп, мемлекеттің тиісті шараларын қолдану керек. Сол кезде ғана бағаны түсіре аламыз.
Газға қосу мәселесін де тексереміз, бекіткен бағадан асырып отыр ма деген мәселені тексерістен өткіземіз. Сосын кемшіліктер болса, айтамыз. Комиссияның жұмысы жүрсін бастысы. Белсенділер арқылы анықтап көрейік. Төлемейміз деп газсыз қалып қалмайық», — деді әкім.
Айта кету керек, бүгінде Қарасай ауданында ресми дерек бойынша 320 мың адам тұрады. Жылдан жылға халық саны артып келеді. Жиында жаңа салынып жатқан үйлердегі инфрақұрылымның жоқтығы мәселесі де көтерілді. Естенов жыл санап тұрғын саны артып келе жатқандықтан, инфрақұрылым мәселесі де күрделеніп кеткенін мойындайды.
«10 жыл бұрын 100 мыңнан аз болған. Халық саны күрт өсіп кетті. Балаш ауданында 30 мың халық бар шығар. Қазір 320 мың халық болды. Кезінде жерді бөлген кезде заңдылықты сақтамай, біраз заңбұзушылықтарға жол берген. Мына коммуналдық сала бойынша да проблема көп.
Бөлінген жерлердің артынан біз үлгермей жатырмыз. Сіздер жер сатып алдыңыздар, оған жол, су, газ свет тарту керекпіз. Халықтың санының өсуінің артынан үлгермей жатырмын. 47 ауыл, 200-ден астам саяжай бар. Одан бөлек, 35 мың жер учаскесі бар. Соның 8 мыңына үйлер салынған. Тағы 25 мың жер учаскесі бос тұр. Ол дегеніміз тағы 100 мың халық қосылады деген сөз. Бұған біздің бюджеттің шамасы келмей жатыр», — деді ол.
Ал халықты көшеге шығуға мәжбүр өткен газ тарифтері проблемасын тексерусіз бірер күнде шешу мүмкін емес, деді шенеунік.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.