Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту басты назарда болуы тиіс. Себебі Қазақстан аграрлық мемлекет. Дегенмен мал шаруашылығына, ет өндіруге қаншалықты көңіл бөлінуде? Мал шаруашылығы тиісті деңгейде дамып жатыр ма? Бұл саланың экономикалық тиімділігін арттырудың қандай жолдары бар? Саладағы саяси тұрақсыздық ет бағасының шарықтауына алып келе ме? Сұрақ көп… Мемлекет үшін экономикалық, әлеуметтік маңызы зор бұл мәселелер туралы Agroqogam.kz «Barlybai Agro» ЖШС бас директоры Жеңіс Бекназаровтан арнайы сұхбат алды.
Жеңіс мырза, мемлекетімізде мал басын айтарлықтай көбейту бағдарламалары бар, бірақ неге мал шаруашылығы, ет өңдеу және оны сату механизмдері әлі күнге дұрыс қарастырылмаған?
- Біздің мемлекетімізде фермерлерге бөлінетін қаржы аз. Заманауи ет өндіру заводтарын салуға инвестициялардың аз болуы себебінен бұл сала айтарлықтай деңгейде дамымай жатыр. Мемлекеттің агросекторды қолдау саясаты жиі өзгеріске ұшырауына байланысты бізде ет өңдеу дұрыс жолға қойылмаған. Мәселенің шешімі мемлекеттік саясатты тұрақтандыру, агросекторға жеткілікті мөлшерде қаржы бөлу. Себебі 1990 жылдары бір жүйеге келтірілген механизмдерді істен шығарып алдық. Қазір ет өңдеу орындары өте аз. Бәсекелестік болмаған соң даму жоқ. Салдарынан ауылшаруашылықтың ет өндіру, сату саласы құлдырап кеткен өкінішке орай. Малдың етінен басқа органдарын пайдаға жарататын тетіктер жоқ. Басқасын айтпағанда, мал терісін өңдеп пайдаланудың орнына, қоқысқа тастауға мәжбүрміз. Деректер бойынша 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады екен. Себебі қабылдау пункттері жоқтың қасы. Ол экологияға кері әсерін тигізіп, елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды нашарлатады. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бәріне ортақ проблема. Тері өңдеу мәселесін Мәжілісте депутаттар да көтерді. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселелер туралы біледі. Алайда әлі күнге нақты қолдау немесе шешу жолдары қарастырылмаған. Тері мен жүнді қайта өңдейтін кәсіпорындар субсидияланбайды. Тері зауыттары елдегі шикізаттың сапасы нашар дегенді айтады. Сондықтан олар теріні сырттан импорттайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты азайтады. Жалпы бұл салада дұрыс жұмыс жасайтын механизм жоқ, бар механизмдер жұмысты жүргізуге тежегіш болып тұр. Шаруаларға осы саладағы билік өкілдерінің тарапынан қолдан жасалған бюрократияның кері әсері көп. Жылда реформа жасалады, оның зардабын қарапайым шаруалар көреді.
Ауылшаруашылығы саласында халыққа жақын, жалпы саланы сезіне білетін, қарапайым дихандар немесе фермердің тілін түсінетін министр болды ма?
- Менің ойымша осы сала мамандары үшін көптеген пайдалы реформалар Мамытбековтың кезінде жасалды. Ол ауылшаруашылық саласын сезіне білетін реформатор болды. Оның кезінде мал шаруашылығында сынмен қатар көптеген оң серпілістер болды.
Халықаралық сарапшылар ет өндірісі бойынша Қазақстанның әлеуеті жоғары ел екенін айтады. Дегенмен бұл саладағы жетістігімізден проблемамыз көп сияқты. Қазақстан мал шаруашылығы бойынша әлемде ет өнімдерін экспорттаушылардың бірі болудың орнына Қытай мен Өзбекстанға шикізат жіберетін елге айналуы мүмкін деген пікірге келісесізба?
- Әрине, етті экспорттау әлеуеті жоғары елміз. Бірақ елдің ішінде де етке қатысты мәселе шаш етектен. Мәселен шалғайдағы ауылдар да логистика бір жолға қойылмаған. Алыпсатарлар арзан бағаға алады шаруа қожалықтарынан. Қалаға әкеліп қымбатқа сатады, былайша айтқанда малды бағып қараған шаруаның емес делдалдардың қалтасына көбірек пайда түседі. Ал біз 24/7 жұмыс істейміз. Себебі мал өсіру үрдісі тоқтатып қоятын процесс емес жұмыс уақыты бітті деп. Етті экспорттау экономика жағынан тиімді болар еді, себебі фермерлер субсидиядан бас тартып, шетелден түскен қаржыға саланың жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер пайда болады. Біз қазір субсидияға тәуелді болып отырмыз. Ол жерде де проблема жетерлік. Жанайқайымызды жақында журналистерге брифинг ұйымдастырып жеткіздік.
Тірі малды да етті де экспорттауға тыйым салынды. Бұл малды шетелге сатып тез пайда табуға бағытталған экспорттаушылар тобының мүдделерін емес, мемлекет пен елдің мақсаттарын қорғау мүмкіндігі. Ал ет өңдеу зауыттары фермерлерді қолдау үшін олардан сатып алатын еттің бағасын көтерді ма?
- Бағаны көтерді деп айта алмаймын, себебі бәсекелестік жоқ. Ет өңдеу зауыттары көп болса бәсеке болар еді. Бәсеке болған жерде сәйкесінше баға мен сапа өседі. Фермерлер басқа өткізетін жер жоқ болғандықтан етті сол санаулы ет өңдеу зауыттарына арзан бағаға өткіуге мәжбүр. Бірақ біздің малды ұстауға кететін шығындарымыздың бағасы жылдан жылға өсіп барады. Жанар-жағар май, жем-шөп, малдар тұратын орындар салатын болсақ құрылыс материалдары бәрінің бағасы қымбаттады. Жалпы фермерлерге малды шетелге тірідей немесе ет күйінде жіберу айтарлықтай үлкен мәселе емес, бұл жерде бағаға байланысты бәрі. Осы жерде айта кететін мәселе, малды тірідей экспорттау дамымаған елдерге тиесілі үрдіс деген пікірмен келіспеймін. Себебі біз малды Австралиядан, Канада, АҚШ, Бразилия, Аргентинадан алып келеміз. Егер басқа мемлекеттер бізден мал алуға қызықса, демек мал аурулары бойынша ахуалымыз да, эпизодиялық жағдайымыз да қалыпты дегенді білдіреді.
Сіздің ойыңызша, Қытаймен визасыз режимі жүзеге асып, бизнеске жол ашылса, фермерлерге ет экспорттау мүмкіндігі берілсе ет өндіру саласына, елге қандай пайда? Оң өзгерістер күтуге бола ма? Әлде еттің бағасы шарықтап кете ме?
- Тірі малды экспортқа жіберуге тыйым салынуына және Қытай, Ресей нарықтарына етке тосқауыл қойылуына байланысты орын алған жағдайды біздің ет комбинаттары бағаны төмендету үшін пайдалануда. Мысалға бізде еттің өзіндік құны күрт қымбаттап жатыр, алайда ет комбинаттары бізден алатын бағаны көтермей ұстап отыр. Себебі бәсеке жоқ. Бұл факторлар фермерлікпен айналысып жүрген кәсіпкерлердің ынтасын төмендетуде. Ет өндіру саласында қазір көп бизнестер сатылып немесе жабылып жатыр. Фермерлер бизнестің басқа көзін табуға мәжбүр. Тұрақты нарық жоқ, еттің өзіндік құны қымбатқа түседі, себебі жанар-жағар май мен техника, жем-шөп бағасы бәрі қымбат. Ал Қытаймен визасыз режимге қарсы емеспін, бұл бизнеске үлкен серпіліс берер еді. Қытаймен байланыстың бізге тиімді тұстары көп. Себебі етті экспорттау арқылы елдегі субсидиядан бас тартып, түскен қаржыға осы саланы өздігімізден дамыту мүмкіндігі болар еді. Қарапайым фермерлерге субсидия алудың өзі оңай процесс емес. Ал мемлекеттен бөлінетін қаржы саланы дамытып, бір деңгейге көтеруге жетпейді. Тек мал басын жоғалтып алмауға жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан ауыз толтырып айтатындай даму жоқ. Визасыз режим енгізілсе еттің бағасы шарықтап кетеді деуге негіз жоқ. Керісінше, осы бизнес тиімділігі артса, көп бизнесмендер ауылға келіп бизнес ашып, мал ұстап, мал санын көбейтуге оң әсерін береді деп ойлаймын. Саланың тиімділігі артса, мал саны көбейеді. Бұл сала бизнеске тиімсіз болып қала берсе, мал саны күрт азайып, баға керісінше қымбаттауы мүмкін. Ал баға тек ғана фермерлердің қалауымен өспейді, оған әсер ететін факторлар көп. Бағаны тұрақты түрде ұстап тұру үшін сол факторлардың кері әсерін азайту керек.
Бағаны болжау қиын. Бағаны болжайтын кезде бірнеше факторды ескергеніміз жөн. Бірінші фактор – мал басы, ал мал басы тұрақты артып келе жатыр. Екінші мәселе – қаржыландыру. Бұл мәселеде мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар, демек еттің қымбат болуына, қатты қымбаттап кетуіне негіз жоқ, фермерлерге арнайы субсидиялар бар. Сіздердегі басты мәселе жұмыс жасау тетіктерінің, заңнамалардың олқылықтары ма? Әлде салаға бөлінетін қаржы мөлшері жеткіліксізба?
- Бұл өте күрделі сұрақ. Себебі кешенді көзқарасты қажет ететін проблема. Өйткені мемлекет жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп жатыр деп есептемеймін. Жалғыз мемлекеттен бөлінетін ақша бұл бизнеске жетпейді де. Бұған көптеген жеке инвесторлар мен басқа банктердің қаржысын тарту керек. Басқа банктердің қаржыландыруын арттыру үшін мемлекеттік саясат пен қолдау тетіктері бір қалыпта тұрақты болу керек. Бұған дейін де айттық, соңғы төрт жылда біздің саланы субсидиялау алты рет өзгеріске ұшырады. Әр келген жаңа министр бұрынғы бағдарламаны жоққа шығарып, жаңа бағдарламалар, ережелер енгізеді. Мал шаруашылығы деген ұзақ мерзімді, кемінде он жылдық жоба, сондықтан енгізілген өзгерістер тек кері әсерін тигізіп келеді. Бұл жаңа инвесторлардың келуіне де тосқауыл болып отыр. Ал ет бағасы күрт қымбаттап кетеді дегенге негіз жоқ деп айта алмаймын. Етті шығарудың өзіндік құны қымбат. Мал асырап, ет алу шығыны көп. Жалақы, жем-шөп, қора-қопсы салу, техника, жанар-жағар май және басқа шығындар көп бізде. Бұл бизнес осы тұтынушылық критерийлермен бірге жүретін болғандықтан елдегі экономикалық тұрақсыздық пен инфляцияның бағаға тікелей әсері бар.
Өз шаруашылығыңыз туралы айтсаңыз. Қандай проблемалар мен жетістіктер бар?
- Өзімнің шаруашылығыма келетін болсам, біз Павлодар облысы, Ақтоғай ауданында орналасқанбыз. Біздің шаруашылық асыл тұқымды Ангус малын өсірумен айналысады. 3500 гектар жер теліміміз бар. 15-ке жуық жұмыс орнын ашып отырмыз. 2017 жылдан бері осы саланы дамытуға үлес қосып келеміз. Елімізде Ангус асыл тұқымды малының басым бөлігі Алматы, Ақтөбе, Ақмола облыстарында. Еттің жоғары сапасы мен сиырдың ангус породасы премиум-нарықтарда сұранысқа ие. Шетелдерде бұл асыл тұқымды сиырларды өсіретін фермерлердің бизнесінің өте рентабельділігі жоғары болып келеді. Қазіргі уақытта 100-ден астам шаруашылық Қазақстан ангус республикалық палатасының мүшесі болып табылады. Кейбір мәселелерді өзара іскерлік байланыспен де шешіп жатамыз. Дегенмен біздің, жалпы фермерлердің проблемасы қажетті техникалардың қымбаттауы, жанар-жағар май мен мемлекеттен қолдаудың тұрақты болмауы. Жалпы барлық ет кәсібіне қатысты мәселелерді сұхбат барысында айтып өттім. Қазақ үшін еттің орны бөлек, сондықтан ата кәсіпті дамытуға барынша атсалысуға дайынбыз. Дегенмен бұдан да жақсы нәтижелерге жетсек деген ниет бар, бұл үшін мемлекеттің тиісті деңгейде қолдауы өте маңызды.
Маржан Әбіш
Agroqogam.kz