Елімізде 23 жылға жететін темір, 14-ақ жылға ғана жететін марганец қоры қалды

Фото: Рroforientator.ru

Қазақстанда асыл және түсті металлдар қоры шектеулі. Олар алдағы 12-15 жылда игерілуі мүмкін.

Елдегі геология саласының жай-күйі, пайдалы қазбалар қоры және кадрлар дефициті туралы Qogam-media.kz тілшісінің сауалына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті жауап берді.

Комитеттің баспасөз қызметінің редакцияның сауалдарына берген жауабына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік есебінде көмірдің 7 таратылған шахтасы бар. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік есебінде тұрған сирек кездесетін металл (литий оксиді кен орындарының саны – 6.  Десе де ведомство мәліметінше, бұл кен орындарын игеру әлеуеті өте төмен. Бұған тиiмдi қайта өңдеу технологияларының жоқтығы және игеру рентабельдiлiгiнiң аздығы себеп. Одан бөлек геология саласының жай-күйі де мәз емес. Республиканың минералды-шикізат секторында игеру (өндіру) көлемінің көп болуына байланысты пайдалы қазбалардың рентабельді қорының жаппай сарқылуы байқалады. Сонымен бірге барлау және кен орындарын құру жөніндегі жұмыстар жүргізу күрделі тау-геологиялық жағдайлар есебінен қиындап тұр.

«Пайдалы қазбалар бойынша жаңа кен орындарын анықтау саласында геологиялық барлау әлеуеті төмендеп кетті. Бірінші кезекте бұған қаржыландыру көлемінің төмендігі, сандық және сапалық кадрлық құрамның жоқтығы себеп болып отыр», – делінген комитет берген жауапта.

Мамандар тапшылығы мәселе өз алдына. Геология комитетіндегілер қазiргi заманғы қажеттiлiктерге сәйкес келетiн жас және орта жастағы бiлiктi кадрлар жоқтың қасы екенін айтып, дабыл қағуда. Әсіресе, геологтардың, инженерлердiң және ғалымдардың тапшылығы өткiр сезiледi.

«Тәжірибелі геологтың орташа жасы зейнеткерлікке жақын, ал жақында ғана оқуды аяқтаған жас мамандар геологиялық барлаудың ұлғаюы нәтижесінде өскен сұранысты сандық және сапалық құрамда қанағаттандырмайды.

Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау мамандығы бойынша техника және технология бакалаврларын оқыту мемлекеттік тапсырыс және еңбек нарығының қажеттіліктері бойынша жүзеге асырылады», – деп жауап берген ведомстводағылар.

Күрделісі, бүгінгі таңда темір рудаларының қоры тек 23 жылға, ал марганец рудаларының қоры 14 жылға ғана жетеді (ашық тәсілмен өңделетін хром рудаларының қоры таусылған). Ал қазiргi уақытта экспорттың едәуiр үлесiн құрайтын түстi және асыл металдардың қорлары шектелген және 12-15 жылда өңделуi мүмкiн. Алтын кені саласында жағдай тәуірлеу көрінеді. Бұл салаға келспек, неғұрлым ірі кәсіпорындар бойынша 30 жылға дейінгі мерзімге құрамында алтын бар кендердің теңгерімдік қорларымен қамтамасыз етілген. Есесіне, комиттегілер көмiрсутектерiнiң, уранның, көмiрдiң, қара металдардың неғұрлым едәуiр қоры бар деп сендірді.

«Көмірсутегі, уран, көмір, қара металлдардың қоры айтарлықтай көбірек, оларды дұрыс қолданса, тағы бірақ уақыт бойы еліміздің экономикалық және өнеркәсіптік дамуына негіз бола алады», – деген жауап алдық.

Комитет дерегінше, ЖҚМГЗ-ге (ред. – Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу) 2023 жылы 8,5 млрд теңге бөлінген. 75 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп, оның ішінде 31 нысан бойынша жұмыстар аяқталған. Ал биыл 86 нысанды геологиялық зерттеу жоспарланып, мемлекеттік бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлініп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, Кеңес кезеңінде барланған және қазiргi уақытта резервте тұрған пайдалы қазбалардың азғантай қоры бар кен орындары Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгiзiлген. Олар алдағы уақытта әрi құзыреттi органдар тарапынан өндiру үшін аукционға шығарылмақ.

Айтолқын Адырбай,

Qogam-media.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.